Basty bet
«Қанағат» жәшігі ашылды
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің»,- дейді қазақ xалқы. Қайырымдылық ізгіліктің анық көрінісі болып табылады.
Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі.
Бүгінгідей қысылтаяң шақта кәсіпкерлер қауымы да күш біріктіріп, індетпен күреске сүбелі үлестерін қосуда. Бірі емдеу мекемелеріне қажетті құрылғылар мен қондырғылар алып берсе, енді бірі карантинде жатқан азаматтарды ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік жеткізумен айналысқандар да болды. Аталған шараларды елімізде іскер әйелдер кеңесі, еріктілер, кәсіпкерлер, түрлі орталықтар бастап кетті. Кейбір кәсіпорындар бірігіп медициналық бетперде тігіп, елге тегін таратты.
Осы мақсатта Тараз қаласындағы «Тәжірибелік психологиялық қоғамдық» бірлестіктің төрайымы, өңірге белгілі психолог маман Фатима Әбдіқызы өткен жылы тамыз айында облыс аудандарындағы психологиялық орталықтарды біріктіру арқылы әр ауданнан «Қанағат» жәшігін ашқан еді. Осыған байланысты аудандағы «Тұлға» психологиялық кеңес беру және тренинг жүргізу орталығының жетекшілері Зейнеп Дәуренова мен Мира Аманжолқызымен сұхбатасқан едік.
-Бұл «Қанағат» жәшігін ашу облыстағы бүкіл психологтардың ортақ шешімі болды. Біз мұндай жәшіктерді ауданда орталық базар маңындағы «Батыр-ана» және «Сұлтан» дүкендеріне орналастырып отырмыз. Бұл істен аудандағы жеке кәсіпкерлер мен мецанаттардың барлығы хабардар. Бұған әр адам өз қалауынша көмек бере алады. Сатушылардың айтуына қарағанда, аудандағы көптеген кәсіпкерлер өз қалталарынан «Қанағат» жәшігін азық-түлікпен толтырып кетіп отырады екен. Ауданымызда жомарт жүрек азаматтар көп.
Біз екі жұмада бір мәрте облыстағы Фатима Бизақоваға есеп беріп отырамыз. Болашақта осы қайырымдылық жәшігін ауданымыздағы үлкен супермаркеттерден де ашсақ деп отырмыз. Қазіргі таңда «МЕР» және «Жасыл» дүкендеріне орналастыруды ойластырудамыз,- дейді «Тұлға» психологиялық кеңес беру және тренинг жүргізу орталығының жетекшісі Зейнеп Әбдімәжитқызы.
Жақсылық пен қайырымдылық – сауабы мол игі іс. Алла Тағала осындай сауапқа ұмтылуды баршамызға нәсіп етсін!
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»