Basty bet

Асыраушы салада мәселе көп

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында жетінші шақырылған Жуалы аудандық мәслихатының кезекті бесінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудандық мәслихаттың депутаттарымен бірге аудан әкімі Олжас Қаржауов, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Сессия жұмысын сессия төрағасы Руслан Сайлаубаев жүргізді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының мемлекеттік қолдау бюджеттік бағдарламаларының орындалу барысы туралы бөлім басшысы Рақымғазы Құниязов баяндама жасады. Рақымғазы Нұрғазыұлы алдымен өткен жылдың өнімі мен күзгі дала жұмыстарына тоқталды.
Одан кейін саладағы маңызды мәселелер тұқым, субсидия, жанар-жағармай, минералды тыңайтқыш, су үнемдеу технологиясы, “Сыбаға” бағдарламасы, тағы да басқа мәселелерге ойысты.
– Агрохолдинг құру бойынша Жетітөбе ауылдық округінде «Алина» агрохолдингі құрылды, басшысы Александр Уразовский. Құрамына 20 шаруа қожалығы кіргізіліп, 1193 га егістік жерлері және 8 дана ауыл шаруашылығы техникалары есептелініп, басқармаға берілді.
Алдағы уақытта 113 млн. теңгеге 9 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алуды жоспарлап отыр. Оның ішінде 2 дана астық комбайны, 2 дана трактор және 5 дана ауылшаруашылығы тіркемелері бар,- деді баяндамашы Р.Құниязов. – Жуалы ауданында 2020 жылы Тараз қаласындағы Механикалық отряд арқылы ішкі шаруашылық каналдарды тазалау бойынша, Ақсай ауылдық округіндегі Ақсай №3, №4 ішкі шаруашылық каналдарын «Ғапар» ЖШС ұтып алып, тазалау жұмыстарын атқарды. Каналдардың ұзындығы 7 шақырым. Игерілген қаржы 5,0 млн. теңге.
Ақсай ауылдық округіндегі Қайрат, “Шетбұлақ” су тоғандарына, Карасаз ауылдық округтері, “Береке” және Ақтөбе ауылдық округтегі “Жарбұлақ” су тоғандары күрделі жөндеуден өткізілді. Қосылатын суармалы егістік жер көлемі 390 га, оның ішінде 40 га жеке қосалқы шаруашылықтар.
Баяндамашыға депутаттар тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Бірінші болып сұрақ қойған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев жеңілдетілген бағамен шаруаларға берілетін жанар-жағармайды таратуда операторлар тарапынан шаруаларға жеріңіз 100 гектардан кем болса, берілмейді деген әңгімелердің болғанын және бағасы белгіленген, яғни 158, 162 теңгеден емес, 164 теңгеден де берілгенін айтып, осы деректердің қаншалықты талапқа сай екендігін сұрады.
Р.Құниязов жанар-жағармай сұраныс жасаған шаруаға жерінің көлеміне қарамастан берілетінін және бағасы белгіленген бағамен ғана берілуі қажеттігін айтты.
Ал, аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев ауданда үстіміздегі жылы суармалы жер көлемінің қаншалықты артқанын, су үнемдеу технологиясын енгізудегі жоспарлар және тыңайтқыш мәселесі туралы сұрақтар қойды.
Аудандық мәслихаттың депутаты Мейіржан Телеушов дәл қазіргі таңда базарда жергілікті картоптың аздығы, шет облыстардан әкелінген картоптардың бағасының қымбаттығы, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстары бөлімнің әлеуметтік желідегі парақшаларында да берілсе деген сауалы мен ұсынысын жеткізді.
Сонымен бірге депутаттар Элмира Әбішева: “Базардағы бағаны төмендету бойынша жұмыстар атқарылады ма?” деген сауалын, Гүлнар Мұсаханова ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу туралы, Жәнібек Исаев су үнемдеу технологиясы, балық шаруашылығын дамытуды қолға алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрақтар қойды.
Сөз кезегін алған аудан әкімі Олжас Есалханұлы ауыл шаруашылығы саласының жұмыс барысын толықтырып өтті.
-Ауданда жақсы бастамалардың қолға алынуына “Тараз” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшысы болып жүргенде өзім бастамашы болғанмын. Салада әрине мәселе көп. Мәселен, жайылым жер мәселесі. Себебі, жаңа технологиямен жұмыс істеу жағы бізде ақсап тұр. Оны ұйымдастыру жұмыстары жоқ деуге де болады. Жайылым жерді қалай тиімді пайдалануға болады? Осы мәселе бойынша жұмыс істеуіміз керек.
Тұқым, сапалы өнім алу мәселелеріне келгенде де солай. Жұмысымыз талапқа сай емес. Барлық мәселе бір-бірімен байланысты. Яғни, сапалы тұқым өзімізден болмай, техникалар өзімізде болмай, жұмыс өнбейді.
Ағын суды жылда Қырғыз елінен күтіп отырғанмен мәселе шешілмейді. Біз жерасты суларын пайдалануымыз керек.
Картобымыздың сапасын дұрыстау үшін де осы мәселелер жолға қойылуы керек. Талапқа сай қойма қажет.
Жуалының сұранысқа ие өнімдері – картоп, сүт өнімдері және ет. Әр ауылда шағын сүт өңдеу цехтары болуы тиіс. Ол үшін сүтті сиырларды көбейтуіміз қажет. Мал азығын дайындауда да жаңа технологияның тиімділігі жоғары.
Алма өсіруде де дәл солай. Әр үйде сорты жақсы он түп алмаағашы болса, алмамен де өз-өзімізді қамти алар едік. Жалпы осы бағыттар бойынша жоспарлар жасалуда. Жұмыс істеймін деген адамға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Аудан тұрғындарына дұрыс жол көрсетіп, кеңес беру үшін бірінші бөлім мамандары, ауылдық округ әкімдері өздеріңіз ол туралы жақсы білулеріңіз қажет,- деді аймақ басшысы.
Жарыссөзге шыққан аудандық мәслихаттың депутаты, “Атамекен Бастау” өндірістік кооперативінің басшысы Зайырбек Сұлтанмұратов өзінің еліміздің солтүстік аймағына барғанда ол жақтағы шаруалардың жұмысының қаншалықты дамып кеткенін айтып, біздің шаруалар олармен тәжірибе алмасып, жаңа технологияға шындап бет бұру қажеттігін айтты.
Сөз кезегі аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековке берілді.
Ерғали Өтемісұлы ауданның ауылшаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізу, ғылыми негізде жұмыс істеудің тиімділігі жайлы айта келіп, алдағы уақытта есеп тек статистикалық мәліметтермен шектелмей, жұмыстың сапасына мән берілуі қажеттігін айтты.
Күн тәртібіндегі келесі мәселелер Жуалы ауданы әкімдігінің жанындағы қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша консультациялық кеңесші орган қызметінің нәтижелері туралы; Мыңбұлақ, Күреңбел және Қызыларық ауылдық округтері әкімдерінің өздеріне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы жөніндегі есептері, тағы да басқа мәселелер аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында тыңдалуына байланысты қайта қарау қажеттілігі жоқтығы айтылды.
Соңғы мәселе – аудандық мәслихаттың келесі алтыншы сессиясының төрағасы болып аудандық мәслихаттың депутаты Г.Мұсаханова сайланды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close