Basty bet

Мақсат – білім сапасын көтеру

2019 жылдан бастап жоғары оқу орнына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу жылына төрт рет өткізіледі. Яғни, мектеп бітірушілер ақылы негізде оқуға түсу үшін қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында ҰБТ тапсыра алады. Талап төртеуінде де бірдей. Бірақ, грант конкурсына түсу үшін тек қана маусым айында тапсырған ҰБТ сертификатымен ғана қатыса алады.

Елімізде үстіміздегі жылдың 20 қаңтарынан бастап республика көлемінде ақылы негіздегі Ұлттық бірыңғай тестілеу өтуде. Біздің ауданда 27 қаңтар күні басталды.
Қаңтар айындағы ақылы негіздегі ҰБТ тапсыруға жалпы 620 мектеп бітіруші өтініш берген.
ҰБТ жылдағыдай №1 мектеп-гимназияның базасында өтуде.
Жалпы, ауданда ҰБТ 27-30 қаңтар аралығында, яғни төрт күн өтеді.
Алғашқы күні 154 бала ҰБТ-ға қатысу керек болатын. Алайда оның екеуі түрлі себептермен келмеді.
Коронавирус індетіне байланысты ҰБТ өткізу барысында карантин талаптары қатаң сақталды. Яғни, кіреберістен түлектердің дене қызуы өлшеніп, қолын антисептикпен жуып, ішке кіргізілді. Аудиторияда партаға тиісті арақашықтықтары сақталып отырғызылды.
Кіре берісте мектеп бітірушілер металл іздегіш құрылғылармен тыйым салынған заттарды ішке алып кірмеуі үшін тексерілді. Өкіншке орай, алғашқы күні тексеру барысында бір түлек телефон алып кіргені үшін акт толтырылып, сыртқа шығарылды.
Сонымен бірге тест тапсыру барысында аудиторияда бес түлек ұялы телефонды пайдаланғаны үшін тиісті құжаттары жойылып, акт толтырылып, сыртқа шығарылды.
Бұл жағдай басқа мектеп бітірушілерге сабақ болуы керек.
Жалпы ҰБТ-да талапты күшейткендегі мақсат – білім сапасын көтеру.
Тестілеуге талап бойынша төрт сағат берілді.
ҰБТ-ның алғашқы легінің қорытындысы бойынша ең көп балл, яғни 112 балды №1 мектеп гимназияның шәкірті Ұлықбек Әлихан Ұлықбекұлы жинады. Ал одан кейінгі 111 балды тағы да осы мектеп-гимназияның түлегі Сторожук Анна Сергеевна жинады. Ең төменгі балл – 9. Орташа балл 54,4 болды.
ҰБТ-ның екінші күні 155 бала қатысу керек болған. Алайда бұл күні де екі бала қатыспады.
Бұл күні тест тапсыру барысында екі түлек ұялы телефонды пайдаланғаны үшін акт толтырылып, сыртқа шығарылды.
28 қаңтар күні ҰБТ-ның қорытындысы бойынша ең жоғары яғни 110 балды Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің мектеп бітірушісі Киікбай Бақдәулет Серікжанұлы жинады. Екінші лектегі орташа балл – 51 болды.

перизат шымыртайқызы,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close