Basty bet
Бала құқығы – басты назарда
Өткен аптада аудандық әкімдікте аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның екі отырысы өтті. Отырысты комиссия төрағасының орынбасары, Жамбыл облысы білім басқармасына қарасты аудандық білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова жүргізді.
Комиссия отырыстарының күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды оқыту мен тәрбиелеуі туралы білім бөлімінің бас маманы Гүлмира Мәденова баяндама жасады. Баяндамашы ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы №382 қаулысына сәйкес аудандық білім бөлімінің жанынан құрылған қорғаншылық және қамқоршылық кеңестің 2020 жылы атқарған жұмысын баяндады.
Баяндамада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қорғаншылық (қамқоршылық) тағайындау барысында қажетті құжаттар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 25 желтоқсандағы №650 Отбасы және балалар саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 13 сәуірде №198 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы бұйрығын басшылыққа алып жүзеге асырылатыны туралы айтылды.
Гүлмира Адамбекқызының айтуынша, ауданда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар: қамқоршылықта, яғни қорғаншылыққа 40 бала алынып, патронаттық тәрбиеге – 12 бала берілді.
Жалпы екеуін қосқанда 52 бала. Оның екеуі мектепке дейінгі жаста (үйінде), сегіз бала колледжде және төрт бала жоғарғы оқу орнында білім алып, тәрбиеленуде.
Аталған балалардың 28-і тұл жетім, 24-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала. Яғни, 16 ата-аналық құқығынан айырылғандар, бесеуі ата-анасы сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылғандар, үшеуі бас бостандығынан айырылғандар.
Қазіргі таңда 25 отбасында 40 бала қорғаншылық, қамқоршылық және тоғыз отбасында 12 бала патронаттық тәрбиеде.
Аталған санттағы балалардың үшеуінде ата-анасынан мұрагерлікке қалған үйлері бар, қалған 49 бала тұрғын үй кезегіне қойылған.
Сонымен бірге баяндамшы қандай жағдайда ата-ананы құқықтарынан айырылатындығы туралы заң аясында түсініктеме беріп өтті.
Ауданда бес отбасы ажырасып, ата-анасына балаларымен кездесу уақыты белгіленіп берілді.
Баяндамашыға комиссия мүшелерінің тарапынан сұрақтар қойылды.
Назиля Мәдібекқызы баяндамашыға қорғаншылықтағы және патронаттық тәрбиедегі балалардың үйлерін жүйелі түрде аралап, жағдайларын біліп тұруын тапсырды. Б.Момышұлы атындағы орта мектептің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Руслан Сайлаубаевтың “Ата-аналық құқығынан айырылған ата-аналармен жұмыс жасалып, құқығы қайта қайтарылған жандар бар ма?” деген сұрағына баяндамашы 2019 жылы екі ата-анаға құқығы қайта қайтарылған, ал 2020 жылы мұндай жағдай болмағаны туралы айтты.
“Жастар ресурстық орталығы” мекемесінің басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Мейіржан Телеушов аталған санаттағы жастарды, “Жасыл ел” жасақтары бойынша жұмысқа шақырды.
Баяндамшы сонымен бірге комиссия мүшелерінің сауалдарына қарай 2020 жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен “Мейірім” жобасы қолға алынып, жоба аясында аталған 52 бала 47 активке бөлініп, олардың есепшоттарына аудан азаматтары ақша аударып жатқаны және тағы да басқа жұмыстар туралы айтып өтті.
Мемлекеттік спорт ұйымдарында есепте тұрған «қиын балаларды” және “жайсыз отбасыларында” тәрбиеленген балаларды спорт секцияларына тарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстары туралы аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы Дулат Нағашыбекұлы баяндады.
Дулат Нағашыбекұлының айтуынша 2020 жылы ауданда “қиын бала” тобында екі бала, “жайсыз отбасында” 34 бала анықталып, оларды спортқа тарту үшін аудандағы үш балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріне бөлініп берілді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 28 бала ішкі істер бөлімімен кәмелеттік жасқа толуына немесе тұрғылықты мекенжайын ауыстыруына байланысты аталған тізімнен шығарылғандығы анықталған. Алты оқушының ата-анасынан спорт үйірмелеріне жібермейтіндігі туралы қолхат алынған. Нақты спортпен қамтылған екі оқушы.
2021 жылдың ақпан айы бойынша ауданда 10 бала “қиын” тобында 14 бала “Жайсыз отбасында” тіркелгені анықталған. Аталған жасөспірімдерді спорт үйірмелеріне тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Комиссия төрағасының орынбасары Назиля Мәдібекқызы спорт бөлімінің берген мәліметін толықтыру қажеттігін және бұл бағыттағы жұмысты жандандыру керектігін ескертті. Сонымен бірге бұл мақсаттағы жұмысқа мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психолог, полиция бөлімінің жауапты мамандары бірлесіп жұмыс жасауы қажеттігін айтып, келесі комиссия отырысында тағы бір тоқталып өту қажеттігін айтты.
Отырыста комиссия мүшелері тарапынан түнгі рейдтік жұмыстарды жүйелі жүргізу қажеттігі туралы ұсыныс айтылды.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»