Basty bet
АҒА ИНКАССАТОР ҒАЛЫМЖАН
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»
Жақсылық жер бетіне ұдайы сәулесін молынан шашып, нұрын төгіп тұратын күн секілді. Осындай күн сияқты ізгілік нұрын сеуіп, мейірім шуағын төгіп жүретін жаны жайсаң адамдар айналамызда өте көп. Олар – ата-анамыз, оқу-білімге үйреткен ұстаздарымыз, достарымыз бен әріптестеріміз, туған-туыстарымыз. Жанымызға жақын болып кеткен олар бізге әрдайым жақсылық жасап, қиын кезде қол ұшын беріп, өміріміздің мәнді де сәнді болуына септігін тигізіп жүреді. Осыған қарап, өмірде жақсы адамдар аз деп айта алмаймыз. Солардың жақсылығының арқасында бүгінгідей тыныш та бейбіт, бақытты күн кешудеміз.
Шынында, күнделікті өмірде кімнің кім екенін ескере де бермейміз. Қарбаласқан тіршілік оны ойлап ескеруге де, елеуге де дес бермейді, көңіл бөлінбейді. Сондай жаны жайсаң, жақсы жандардың қатарында Ғалымжан Шәмшиевті де атауға болады.
Ғалымжан бүгінде аудандық почта байланысы торабында аға инкассатор болып жұмыс істейді. 2014 жылдың сәуір айының 10-нан 11-не қараған түні аудандық почта байланысы торабына қарақшылық шабуыл жасалғанда, ол түнгі кезекшілікте болған-ды. Сонда басын қатерге тігіп, қандықол қарақшыларға қасқая қарсы шыққан аға инкассатор олардың шабуылын тойтарып, батылдық көрсеткен еді.
Сол күні «Қазпочта» АҚ облыстық филиалының арнайы байланыс қызметі аудандық почта байланысы торабының бас кассасына ірі сомада қолма-қол ақша жеткізген болатын. Бұл ақша аудандағы бүкіл зейнеткерлердің зейнетақысы мен жәрдемақы төлемдерін төлеуге арналған еді. Қызметіне адал инкассатордың ержүректігі арқасында қаскөйлер ірі сомадағы қолма-қол ақшаны иеленуді көздеген арам ниеттеріне жете алмады. Ауданның почта байланысы жүйесінен зейнетақы алатын зейнеткерлердің зейнетақысы мен көпбалалы аналар мен басқа да әлеуметтік көмек алушылардың жәрдемақылары уақтылы берілді.
– Түнгі сағат 2-ден асқанда «Самат» ЖШС күзетшісіне арналған үй-жайдың темір есігін сыртылдатып ұрған жеңіл дыбыс естілді, -деп еске алады Ғалымжан. – Жанымдағы серіктестік күзетшісі К.Текебаев «облыстық күзет мекемесінен тексеруші келіп қалды ма екен?» деген оймен есікті ішінен ашып қалғаны мұң екен, сойылмен қатты соққы алып, мұрттай ұшты. Мен бетперде киген тығыншықтай екі жігітпен айқаса кеттім. Олар менің басымнан ауыр кеспелтек сүйменмен бірнеше мәрте ұрды. Бірінің бетпердесін жұлып тастамақ болып әрекеттенгенімде, травматикалық қарудан кеудемнің сол тұсынан жарақат алдым. Мұндай қылмыстың жоспары минутына дейін мұқият дайындалатынын білетінмін. Алайда, менің күшім олармен тең емес еді. Мен спортпен шұғылданатынмын, ауылдағы «Қайрат» командасында футбол ойнайтынмын. Соның арқасында қылмыскерлермен 30-40 минуттай айқастым. Содан кейін есімнен танып қалыппын.
Таңғы сағат бестер шамасында есін жиып, өзіне келген күзетші К.Текебаев қылмыскерлердің менің қолым мен аяғымды матап тастаған жабысқақ үлдірді шешіп, жедел жәрдем шақырды. Оқиға орнында темір сүймендер, дәнекерлеу аппараты, карбид, резеңке сойыл, электродтар қалыпты. Қаскүнемдер уақыттың тығыздығынан оларды пайдаланып үлгермепті.
Машина келгенше мен қансырап жүріп, материалдық-тауарлық құндылықтар сақталатын бас кассаның, орталық операция залының және сұрыптау бөлмесінің есіктерінің бүтіндігін тексердім. Қылмыскерлердің бас касса мен басқа үй-жайлардың ішіне ене алмағанына көз жеткізгеннен кейін, менің жаным жай тауып, жедел жәрдем машинасымен аудандық орталық ауруханаға бардым.
Аудандық орталық аурухананың дәрігерлік-консультативтік комиссиясында Ғалымжанға алдын ала «бас сүйегі мен мидың жабық жарақаты, мидың шайқалуы, атыс қаруынан кеуденің сол тұсын тесіп өткен жарақат, бастың шүйде бөлігі мен кеуде қуысының көптеген соғылулары мен жаралары» деген диагноз қойылып, аурухананың ота бөлімшесінде он күн бойы емделгенен кейін, 22 сәуір күні Тараз қалалық №1 ауруханасының нейрохирургия бөлімшесіне емделуге ауыстырылады. Мұнда «бас сүйегі мен мидың ашық жарақаты, мидың орташа дәрежелі соғылуы, сол жақ маңдай-самай-шүйде аймағының жітілеу субдуралды гематомасы, бас сүйектің негізіне өткен оң жақ шүйде сүйегінің сызықты сынуы, бетінің, басының жұмсақ тіндерінің соғылулары, кеуде қуысының сол жақ тұсының атыс қаруынан жаралануы» деген ұзақ-сонар диагноз қойылады.
Осы күні Ғалымжанға «сол жақ маңдай-самай-шүйде бас сүйегінің сүйек-пластикалық трепенациясы» деп аталатын операция жасалып, сол жақ маңдай маңдай-самай-шүйде аймағының жітілеу субдуралды гематомасы алынып тасталады. Ауруханада үш аптадан астам қарқынды ем алып, 6 мамыр күні шығады. Тұрған жеріндегі невропатолог пен хируругтің бақылауында болу ұсынылады. Содан үш айдан астам уақыт Жуалы аудандық орталық ауруханада амбулаториялық емделуде болып, қыркүйектің басында жұмысына қайта кіріседі.
– Қылмыскерлер ішкі енгенде менің бойымды үрей билеген жоқ, айқастың салдары туралы ешқандай ой басыма кіріп шықпады. Тек өзіме сеніп тапсырылған қызмет үшін жауапкершілік сезімі жоғары тұрды. Бұл жерде бүкіл аудандағы зейнеткерлердің зейнетақылары мен жәрдемақылардың сақталуы мәселесі тұрды. Дегенмен басқа да таңдау болды: қылмыскерлерге ешқандай қарсылық көрсетпей, өзімді байлап-матауына мүмкіндік беріп, денсаулығымды сақтап қалу. Алайда, оған менің арым жібермеді, – дейді аға инкассатор.
Оның басында, бетінде, самайы мен шүйдесінде сол айқастан қалған тыртықтардың ізі қалған. Ол бүгінде қызмет бабында, шалғай ауылдардағы почта байланысы бөлімшелеріне қолма-қол ақша жеткізуде.
Аудандық почта байланысы торабының аға инкассаторы Ғалымжан Шәмшиев өткен жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновтің қолынан «Үздік байланысшы» төсбелгісін алды.