Basty bet

Білім сапасы өткен жылдағыдан едәуір төмен

Апта басында аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаевтың төрағалығымен мектеп директорларымен жиын өткізілді. Жиынға қатысушылар алдымен ZOOM арқылы онлайн режімде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен онлайн-кеңесті тыңдады. Онда өңір басшысы аудандық білім бөлімдерінің басшыларына, мектеп директорларына білімнің сапасына баса назар аудару қажеттігін, қашықтан оқыту ісінде жұмысты тиімді ұйымдастыруды тапсырды. Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова облыстағы білім беру сапасын баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірде 455 мектепте 240 мыңнан астам бала білім алуда. Оның ішінде 150 мыңға жуық бала қашықтан оқытылуда. 51 мың компьютер мектептерден балаларға бөлінсе, оның 34 мыңы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға уақытша пайдалануға таратылып берілген.

Келесі кезекте аудандағы білім сапасы талқыланған аудандық жиында аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Салтанат Қауқаева 2020-2021 оқу жылының І тоқсанындағы мектептердегі оқу үлгерімдері туралы баяндап, тиісінше, өткен оқу жылының осы мерзімімен салыстырғанда, бірқатар мектептерде білім сапасының төмендеп кеткенін тілге тиек етті. Атап айтқанда, М.Ломоносов атындағы, Т.Әкімов, Абай, Т.Рысқұлов атындағы, сондай-ақ, Ақтөбе тірек мектептері оқушыларының оқу үлгерімі едәуір төмендеп кеткен. Айта кетсек, аудандағы 39 білім ошағының 30-ы дәстүрлі оқытылып жатса, тиісінше, тоғыз орта мектептің оқушылары қашықтан оқытылуда.
Аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев аталған білім ошақтарының директорларын кезегімен тұрғызып, білім сапасының төмендеуіндегі себептерді сұрады.
-Білімнің сапалы болуы ең алдымен мектеп басшысына және ұстаздарға байланысты. Қарап отырсам, аудан мектептерінің бірқатарында жоғары санатты ұстаздардың саны едәуір көп екен. Соған қарамастан білім сапасы өткен жылмен салыстырғанда неге төмен? Осыған байланысты оқушылардың білімін көтеру үшін қандай шаралар қабылдап немесе қандай жұмыстарды қолға алып жатырсыздар? Оқу процесін дұрыс ұйымдастыруда мектеп директорларының жауапкершілігі өте жоғары,- деді Ернұр Маратұлы.
Бұл сұрақтарға мектеп директорларының көбісі өз деңгейінде жауап бере алмады.Осы арада әңгімеге аудандық білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова араласты:
-Мектептердегі білім сапасының негізгі көрсеткіштері Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесімен сәйкес болуы қажет. Жыл соңында әрбір мұғалім оқушыларға қойған бағасына жауап береді. Негізгі көрсеткішіміз – бала ҰБТ сынағында жоғары нәтиже көрсетіп, жоғары оқу орнына түсіп кетуі тиіс. Қазір мектептерде жоғары сынып оқушыларынан алынып жатқан сынама тестілеуді жиі-жиі ұйымдастыру қажет. Тиісінше, оның нәтижесі ата-аналарға да таныстырылып отыруы керек. Мектептерде бұл жұмыстармен психологтар да айналысуы тиіс. Баланың болашағымен ойнауға болмайды. Мен сіздерге осыны ескертемін,- деді Назиля Мәдібекқызы.
Одан бөлек, жиында қашықтан оқытудың білім сапасына, оқушылардың сабақ үлгеріміне әсері, білім ошақтарындағы санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы жан-жақты сөз болды. Сондай-ақ, «Дарын онлайн», «Күнделік.кз» платформасы мен электронды журналдармен жұмыс істеудің жайына да жан-жақты назар аударылды.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Е.Қалмұрзаев білім сапасының едәуір кеміп кетуіне байланысты бірқатар мектеп директорларына оқу процесінде кеткен кемшіліктерді дер кезінде түзеу қажеттігін ескертті.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close