Basty bet

Тоғыз мыңыншы жүздесу

Құрметті оқырман!
Бүгінгі қолыңыздағы газет төл басылымыңыздың 9 000-шы саны. Яғни, аудан тарихының шежірешісі, уақытпен бірге жасасып келе жатқан аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» газеті 9000-шы рет шығып отыр. Бір жылда 100-ге жуық, кей жылы 100-ден аса газет шықса, 9000-шы нөмір 86 жылдың ішінде шығып отырған жайы бар.
Еліміздің идеологиясы мен даму стратегиясын аудан халқына кеңінен насихаттап, ұлыстың ырысы мен ынтымағының артуына тікелей ықпал етіп келе жатқан аудандық басылымымыз осы жылдар ішінде өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.
Газеттің әрбір саны тарих. Яғни, әр нөмірден дәл сол күндері ауданда не болғанын сол газет арқылы еске түсіре аламыз. «Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік» деген содан қалған.
Кешегі мен бүгінгіні сабақтастыратын – газет. Газеттің қай қоғамда болмасын орны мен рөлі ерекше, жауапкершілік жүгі ауыр.
Газет оқырмандарының белсенділігі артып келеді. Яғни, газет арқылы өз ойларымен, пікірімен, тәжірибесімен, жетістігімен бөліскісі келетін, өзінің көзқарасын білдіргісі келетін оқырмандарымыздың саны артты. Бұл қуанарлық жағдай.
Жуалыдан шыққан зиялы қауым, ақын, жазушы, журналист әріптестеріміз де өздерінің туған елге, туған жерге деген ыстық сәлемдерін жолдап, рухани құнды шығармаларымен бөлісіп отырады. Мәселен, Гүлтас Сайынқызы, Ұлжан Пармашқызы, Доқтырхан Тұрлыбек, Қасым Әзімхан, Мырзахан Ахмет сынды аға-әпкелеріміз туған елге арнаған шығармаларын үзбей жолдап отырады.
«Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі». Газет оқу арқылы халық тек жаңалықтармен хабардар болып қана қоймай, рухани кемелденеді.
Сондықтан газет-журналға жазылу науқанында әрбір қоғам мүшесі өзіне жақын газет-журналға жазылып үлгеруі керек. Адам өзінің, ұрпақтарының келешегіне қажет дүниелерден қаржыны үнемдемеу қажет деп ойлаймын. Себебі, рухани құндылық адам үшін өте маңызды.
Газет-журнал, кітап оқымасақ, жаппай сауатсыздық орын алады. Себебі, қазір әсіресе, жастардың әлеуметтік желілерде бір-бірімен хат жазысуына мән берсек, өте сауатсыз хат аламасады. Бұған бей-жай қарауға болмайды. Бұл мәселеге баса мән беруіміз керек.
Газетіміздің оқырмандары көбінде ата-апалар, яғни аға буынның өкілдері. Олар әрбір санымызды оқып, өз пікірлерімен, ұсыныстарымен бөлісіп жатады. Біз оқырмандарымыздың шын ықыластары үшін үлкен алғысымызды білдіреміз.
Газет – халықтың мінбері. Сол себептен, құрметті оқырман! Қажетті газет-журналдарымызға жазылайық, оқиық. Елдің, жердің болашағын ойласақ, газет-журнал арқылы ойлы дүниелерімізбен бөлісейік.
Біз көзіқарақты оқырмандарымыздан әрдайым тың дүниелер күтеміз. Біз оқырманға қажет дүниені қашанда жариялауға асығамыз.
Газет ұжымы халық үшін талмай еңбек ете береді. Лайым асыға жариялайтын жағымды жаңалықтарымыз көп болсын!
Көп оқып, көп тоқитын, белсенді, рухани өресі биік, ойлы оқырмандарымыз көп болсын!
Жыл өткен сайын көшіміз түзеліп, еліміздің мәртебесі биіктей берсін!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close