Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтауы ауданның бірқатар ардагерлеріне жеткізілді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімі Б.Сапарбаев онлайн-форматта жиын өткізіп, өңірдегі ардақты ардагерлердің ел тәуелсіздігі жолында қосқан үлестерін атап өтті. Өңір басшысы биылғы жылы атқарылған жұмыстарды саралай келіп, саяси тұрақтылықты сақтауды, халықтың әл-ауқатын арттыруды маңызды мәселенің бірі екендігін атап өтті. Сонымен қатар, әлемді шарпыған індеттің алдын алу және болдырмау үшін санитарлық талаптардың қатаң сақталуын, елімізде саяси науқан басталғанын атап өтті.
Жиын барысында ардагерлер қауымы да сөз алып, еліміздің тәуелсіздік жылдардағы даңғыл жолына тоқталып, мерекемен құттықтай отырып, жылы лебіздерін жеткізді.
Жиын аяқталған соң аудан әкімі Нарбай Ергебеков аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков пен Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуреновке облыс әкімінің арнайы құттықтауын және сый-сияпатын тапсырды.
Одан кейін аудан әкімі Нарбай Ергебеков Тәуелсіздік мерекесі күні қарсаңында кәсіпкерлермен кездесті. Жұмыс алгоритміне сай өткізілген кездесуде екі мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Шыңғыс Боранбаев атқарылған жұмыстарға баяндама жасады.
Сондай-ақ, кездесуде аудандық санитариялық-эпидеомиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Марат Искаков кәсіпкерлерді карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Елімізде індетті жұқтырушылар саны көбейіп жатқанын айта келе, алдағы мереке күндері кәсіпкерлерге жиын-тойды өткізуге жол бермеуге үндеді. Қарапайым сақтық шараларын, карантин талаптарын орындауды жеткізді. Ол өз сөзінде карантин талаптары сақталмаса әкімшілік-құқықбұзушылық жаза қолданылып, айыппұл салынатындығын баса айтты.
Кездесуде аудан әкімі Нарбай Ергебеков сөз алып, өзінің ұсыныс-тілектерін кәсіпкерлерге жеткізді.
-Өткен өмірсіз келешек жоқ. Ата-баба аңсаған ел тәуелсіздігінің ақ таңының атқанына биыл 29 жыл толып отыр. Бұл да бір тарихи сәт, тарихи оқиға. Осындай мерейлі мереке қарсаңында өздеріңізбен жүздесіп отырмыз. Ауданның өсіп-өркендеуі жолында өңір кәсіпкерлерінің қосқан үлесі зор. Осы ретте, бүгінгі жиын барысында мемлекет тарапынан берілген азық-түлік бағасының қымбаттап жатқанын айтып өткім келеді. Біздің қолымызда бірнеше азық-түлік бағаларының тізімі бар. Сол себепті, бағаны негізсіз көтерілуіне жол бермеулеріңіз керек. Бір айта кетерлігі, көтерме сауда орындарында әлеуметтік бұрыш ашу тапсырылған. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыс атқарылуда. Мұндай бұрыштарды сауда орындарында көбірек қалыптастыру керек. Қоғамдағы әлжуаз топтар өзінің қажеттіліктерін өтеу үшін барлық дүкендерде әлеуметтік бұрыш ашылса деген ұсынысымыз бар.
Мемлекетімізде адам өмірінен қымбат нәрсе жоқ. Сондықтан қазіргі таңда халқымыздың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін бірінші кезеке қоюымыз керек. Санитарлық талаптарды қатаң сақтап, жиын-той өткізуге жол бермеулеріңіз қажет. Өйткені, елімізде күн санап індеті жұқтырушылар саны артып жатыр. Осыны ескергендеріңіз абзал.
Жанашыр азаматы бар елде өсіп-өркендеу болады. Біздің аудан да қайырымды жаны жомарт жандардан кенде емес. Олардың қайырымдылығы, жанашырлығы індетпен күресте айқын көрініс тапты. Олар табындылық танытып, көмек қолдарын созды. Азаматтықтарын танытты, – дей келе аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы кәсібі өрге домалаған, бір топ жаны жомарт жандарды аудан әкімінің Алғысхатымен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады. Ел тәуелсіздігі күнімен құттықтап, істеріне сәттілік тіледі.
Кездесу барысында ауданымыздың кәсіпкерлік саласының дамуына қосқан үлесі және белсенділік танытқаны үшін «Ақмол 2050» ЖШС директоры Әкежан Орынбасарұлы, «ТАРАЗСТРОЙ-2004» ЖШС, (“Қаралма тау” шаңғы спорт кешені) директоры Мейірбек Жүнісов, «Бурное сүт компаниясы» ЖШС директоры Әбдібек Пошқаев, ЖК «Гүлнар» дүкенінің басшысы Гүлнар Сұлтанова, ЖК «Бүтінбаев О.» “Жуалы жер жаннаты” базарының басшысы Оңласын Бүтінбаев, «Жуалы «RESORT» жазғы демалыс орталығының директоры Ғани Үлеков, «Несібелі» тойханасының басшысы Рабиға Жолдасова, «Тау самалы» демалыс орталығының директоры Арыстан Тілебаев, «Руслан» ШҚ төрағасы Роберт Панштейл, «Алиева Қаламқас» әсемдік студиясының иесі Қаламқас Алиева, «Жасыл» супермаркетінің директоры Нұркелді Қабылбеков, ЖК «Құрмашева Ж» наубайхананың иесі Лесхан Құрмашев марапатталды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»