Basty bet
Көше жолы жөнделіп, көпір кеңейтіледі
Ауданымызда маңызды мәселенің шешімі табылып, яғни, Б.Момышұлы ауылындағы Рысбек батыр және Тәуелсіздік көшелерінің қиылысындағы көше жолы орта жөндеуден өтуде. Нәтижесінде жарты шақырымға жуық көше жолы жөнделіп, онымен бірге жаяу жүргіншілер жолы жасалып, жаңа көпір салынатын болады.
Құрылыс жұмыстары аудан әкімі Олжас Қаржауовтың бастамасымен қолға алынып, оған жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылған. Жоба құны – 56 132,0 мың теңге.
Б.Момышұлы ауылы әкімінің орынбасары Мақсұт Орымбаев бұл мәселе көпшіліктің сұранысы екендігін айтады. «Бұл проблеманы шешуді аудан әкімі жан-жақты қарастырып, оған қаржы бөлініп отыр. Тұрғындар арасында «Тесік көпір» аталып кеткен теміржол өткеліне жетпей Рысбек батыр көшесінің бойында кішігірім көпір бар. Әсіресе, сол көпірдің тұсында көлік кептілісі көп орын алады. Көліктердің жүруіне қолайсыз. Жол тар болғандықтан, қыстың күндері көлік жүргізушілерін әбден әбігерге салады. Әсіресе, аязды күндері. Сол себепті, осы уақытқа дейін жолды кеңейтіп, жаңа көпір салу мәселесі өзекті болды» дейді ол.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жолдың уақытша жабылғанына да бірнеше күн болды. Мұндағы құрылыс жұмыстарын тараздық «Аия-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.
Ал, құрылыс басында қызу тірлік жүріп жатыр. Мердігер компанияның техникалары бұрынғы көпірдің орнын ысырып алып тастаған. Құрылыс басында жұмысшылар Рысбек батыр және Тәуелсіздік көшелерінің қиылысындағы сайды тазалап, жолды тегістеу жұмыстарын жүргізуде.
-Құрылыс басында жеті адам жұмыс істеуде. Олар ескі көпірді бұзып, тегістеп, керек емес құрылыс заттарын жинауда. Ертеңгі күні тұрғындардың шарбағына зияны тимес үшін сайдың қабағын да тазаладық. Жұмысты бір ай көлемінде атқарамыз деп жоспарлап отырмыз.
Ескі көпірді алып тастаған соң қазу жұмыстары басталған болатын. Нәтижесінде дәл сол жерден жерасты суы шығып жатыр. Сонымен бірге, осы маңнан «Қазақтелеком» АҚ-ның жүргізген интернет кабельдері бар екен. Біз мұндай кедергілерді алдымыздан шығады деп күткен жоқ едік. Жерасты суы да жұмыс істеуге кедергі келтіруде. Дегенмен құрылыс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізіп, пайдалануға береміз деген үміттеміз, – дейді мердігер компанияның учаске бастығы Любовь Муравьева.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»