Basty bet

Ақынның шығармаларын терең түсініп оқи білу керек

«Абайды білмек керек ойлы жасқа» демекші, ұлы ақынның шығармашылығымен кез келген саналы адам танысып, білуі керек. Себебі, ақын кейінгі жас ұрпақ санасында өшпес із қалдырып, баға жетпес шығармаларын қалдырды. Оның шығармаларымен әрбір ойлы азамат таныса отырып, өзіне рухани азық алады.

Теріс ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы, мәнерлеп оқу байқауларының жүлделі орын жеңімпазы Меруерт Қари ұлы ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін өмірлік ұстанымы етеді. Талапты жас алғаш рет 3 сыныпта көркемсөз оқу байқауына қатысады. Оның көркемсөз оқу мәнерін мұғалімі Бағлан Сәрсенбаева қалыптастырады. Ал, одан кейін Теріс ауылдық кітапханасының кітапханашысы Мәрзия Баққараева Меруерттің басқа да байқауларға қатысуына септігін тигізеді.
Ол балалар жазушысы Сұлтан Қалиевтың туғанына 75 жыл толуына орай өткізілген «Әлемді кітап арқылы танимын» атты облыстық байқауына қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталған. Сонымен қатар, «Ескен Елубаев оқулары» атты аудандық байқауында І орын, «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының аудандық кезеңінде «Жас қаламгер» бағыты бойынша ІІІ орын иеленген. «Жастар жылы – жаңару жолы!» атты мерекелік шараға қатысып, ауданда жастар саясатының дамуына өзіндік үлесі мен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқаны үшін аудандық «Жастар ресурстық орталығының» Алғысхатымен марапатталған. Сондай-ақ, Абайдың 175 жылдығына орай өткізілген «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты аудандық байқауының жеңімпазы, «Инабатты ару-2019» облыстық байқауының І орын жүлдегері.
-Мен әлемді кітап арқылы танимын. Бос уақытымда А.Құнанбаевтың, Ш.Мұртазаның, Б.Момышұлының, Б.Соқпақбаевтың, М.Мақатаевтың шығармаларын оқимын. Көбінесе жаныма поэзия жақын. Музам – Фариза Оңғарсынова.
«Әсемпаз болма әрнеге, кетігін тапта бар қалан» деп Абай атамыз жырлағандай, өмірде өз орыныңды табу үшін көп еңбек етіп, талаптану керек. Талаптансаң ғана жетістікке жете аласың. Бұл жөнінде Абай атамыз көп шығармаларында жазып бізге айтып кеткен. Мәселен, жаман әдеттерден аулақ болуды, ғылымға, білімге ден қоюды, өз біліміңе сенуді, ғайбат сөйлемеуді тағы басқаларын өлеңдері мен қара сөздері арқылы жеткізді. Ақынның «Ғылым таппай мақтанба, құмарланып шаттанба» деп басталатын өлең жолдарын бала кезден санама құйып келемін. Бекерден бекер бос мақтангершілікке салынуға болмайтындығын білемін. Негізінен ақынның көптеген өлеңдерін, қара сөздерін жаттап, «Абай жолы» роман-эпопеясын оқудамын.
Ақын өлеңдерін де терең мағына жатыр. Өзім оқыған өлеңдерінің ішінде:
«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Білімің мен ақылың екі жақтап» деген өлең жолдары адамға үлкен ой салады. Бұл өлеңнен тек өз біліміңе сену керектігін ұйғарамын. Сонымен қатар, ақынның «Өлең – сөздің патшасы сөз сарасы», «Қалың елім, қазағым» өлеңдерін әрдайым оқып жүремін.
Ақынды тану үшін оны көп оқуымыз керек екен. Себебі, мен бір «Абай жолы» кітабынан ақынның бала күннен бастап басынан өткен күндерімен таныстым. Оның өмір жолын оқыдым. Ол арқылы ақын өзгелерден ерекше, дара екендігін білдім. Ал, қара сөздерін бір оқығаннан түсіне бермейсің, қайта оқуды талап етеді.
Жалпы кез келген шығарманы түсініп оқу керек. Сол кезде оның мағынасын түсініп, тыңдаушыға әсерлі етіп жеткізесің. Тек судыратып оқып беру, жаттау мақсат емес, – дейді Меруерт.
Меруерт алдағы уақытта білімге алуға шындап ден қоюды жоспарлап отыр. Себебі, келесі оқу жылында мектеп түлегі атанып, оқуға түсуі керек. Алдағы таңдаған мамандығы медицина қызметкері, яғни дәрігер болу, ата-анасының үмітін ақтап, разылығын алу. Мұндай алдына мақсат қойып отырған ол ата-ананың ақ батасынан, қолдауынан артық ештеңе жоқ деп есептейді. Өзінен кейін ерген бауырларына да кітап оқуды насихаттап, олардың бойларында көркемсөз оқу мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосуды парызы санайды.
-Артық білім – кітапта. Алайда бүгінгі күні жастар көп кітап оқи бермейді. Бұл өкінішті-ақ. Негізінен кітап оқу арқылы сөйлеу мәдениетің қалыптасып, ой-өрісің кеңейеді. Өз-өзіңді шыңдайсың. Көзқарасың өзгеше болады. Кез келген қиындықтан шығып, жол табуға жетелейді. Сондықтан Абайды оқудан жалықпаймын. Ақынның шығармасы, мол мұрасы қалың елі қазағы барда ешқашан жоғалмайды. Қамшының сабындай қысқа ғана өмірінде артына өшпес із, өлмес өсиет қалдырып кеткен ақын сөзімен айтқанда, «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – дейді Меруерт.
Ия, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе» деп өсиет еткеніндей, ақынның әрбір өлеңінде адамдықтың белгісі бар. Мұны жас талап жақсы түсініп отыр. Осы ретте, Абайдың құнды еңбектері жастар арасында кеңінен насихатталғаны абзал. Сонда ғана рухты, жігерлі, саналы, адами жоғары қасиеттерді бойына сіңірген жастар қауымы қалыптасатын болады.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close