Basty bet

«Шөптің бағасы негізсіз қымбаттамаса»

деген ұсыныс айтылды

«Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалы жанындағы аграрлық секторды дамыту бойынша қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Кеңес жұмысына аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов және кеңес мүшелері қатысты.

Кеңес отырысын партия аудандық филиалы жанындағы аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Айбек Елекбаев ашып, күн тәртібіндегі мәселемен таныстырды.
Әрі қарай ауданда мал азығын әзірлеу бойынша атқарылған жұмыстар туралы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов баяндама жасады.
-Бүгінде ауданда шөп ору науқаны барлық ауылдық округтерде атқарылып, бірінші кезекте шаруалар тарапынан пішендеме дайындау басталды. 28 470 гектар көпжылдық шөптер орылды. Дайындалған пішен – 150 300 тонна, пішендеме – 12000 тонна және сабан – 41 800 тоннаны құрап отыр.
Мамыр айында жаңбыр жаумай, құрғақшылық болуына байланысты жоңышқа сабақтары былтырғыдан төмендеу болып, бұл бағаның өсуіне әсер етті. 2020 жылы көпжылдық шөптің әр гектарынан екінші, үшінші орымды қосқанда әр гектардан 40-45 центнер өнім алынса, биыл 30-35 центнерден айналуда.
Негізінен 35 190 гектар көп жылдық шөп аудан шаруашылықтары мен тұрғындарына жеткілікті болады. Осыған байланысты сыртқа сатпай, алдымен өз тұрғындарымызды қамтамасыз ету ұсынылып, Ақтөбе, Қызыларық, Көкбастау ауылдық округтерінің диқандары алдымен өздерін қамтамасыз етті.
Шөп бүгінгі күнге егістік алқаптан әр түгі 1200-1400 теңге және табиғи шөптер сапасына қарай 1000 теңгеден сатуда.
Ауданда шалғайда орналасқан 191 қыстақ болса, ауылдық округтердің берген мәліметтеріне сәйкес, қолда бар малға қажетті шөптің 75-80 пайызы тасылып, дайындалды. Қалған мал азығы астық ору және майлы дақылдарды ору кезінде дақылдардың сабанымен дайындалады, – деген Р.Құниязов астық ору науқаны, мал азығы және жанар-жағармай бойынша да кеңінен тоқталды.
Жиын барысында баяндамашыға кеңес мүшесі, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Күлбақыт Айтқұлова шөп бағасының негізсіз қымбаттауы қадағаланса деген ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ, басқа да қатысушылар картоп өнімінің сапасы туралы сұрақтар қойып, сауалдарына нақты әрі тиянақты жауап берілді.
Кеңес отырысында күн тәртібіне қойылған мәселе толығымен қаралып, Қаулы бірауыздан қабылданды.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close