ÁdebıetBasty bet

Ұлы Абай – ұлттың абыройы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын барша қазақстандық зор ықыласпен қабылдағаны сөзсіз. Мақаланың «Ұлттық болмыстың үлгісі» деген қайнар бастауында Абай шығармаларының астарындағы бүгінгі ұлттық жаңғыруға керек қырлары қамтылған. Онда саналы, білімді және мәдениеті жоғары ұрпақты қалыптастыру мәселелерін шешу арқылы ғана әлемдік көштің басына шығу мүмкіндігі анық айтылған.

Ал «Мемлекет ісінің мүдделісі» деген бөлімде елімізді нығайтудың бірден-бір жолы әділетті қоғам құру жөніндегі Абай идеясы темірқазық ретінде алынған. Сөзсіз, тек әділетті қоғамда ғана заң үстемдігі орнамақ. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да дәл осындай қоғамда салтанат құрары анық. Мақаланың «Жаңа қоғамның жанашыры» бөлімінде Абайдың «толық адам» формуласы қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға негіз болатыны талданған.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы мақалада Абай Құнанбайұлының болмысын бар қырынан өзімізге де, шетелге де насихаттау әрі танымал ету жолдарын мәлімдеді. Біздің ендігі міндетіміз – сол тапсырмаларды ел болып, өз деңгейінде орындау.
Осы орайда, Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектепте Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына дайындық және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. 2019 жылдың мамырында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде мерекелеу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Осыған орай, орта мектепте ақынның мерейтойына арналған жоспар құрылып, іс-шаралар жүргізілуде. Мәселен, «Абай – дана, Абай – дара қазақта!» тақырыбында әдеби кеш ұйымдастырылды. Кеш барысында оқушыларға ақынның мерейтойын естеріне сала отырып, өмірі мен шығармашылығына байланысты әдеби-кеш өткізілді. Кеште оқушылар Абайдың балалық шағы туралы мағлұмат алып, «Ғылым таппай мақтанба» айдарымен «Желсіз түнде жарық ай» және «Көзімнің қарасы» әндерін орындады.
Абай шығармашылығындағы елеулі орын алатын бір сала – оның поэмалары. Олар: «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі». Абай өзінің поэмаларында да өлеңдеріндегі секілді әлеуметтік-адамгершілік идеяларын көтерді. Соның бір дәлелі ретінде оқушылар дайындаған «Масғұт» поэмасын тамашалады. Сонымен қатар, оқушылар Абайдың қарасөздерін мәнерлеп оқыды және жатқа айтты.
Мектептегі іс-шараның бірі – «Абайды оқы, таңырқа…» әдеби кеші болды. Кештің мақсаты – Ұлы ақын Абай шығармашылығын ата мұрамыз ретінде қабылдап, жаңа буын жас ұрпаққа танытып, терең меңгерту аясында ақынның өлеңдері мен аудармалары және қара сөздеріне оқушыларды сыр шерткізу. Сондай-ақ, «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» әдеби-сазды поэзиялық кеш те өткізілді. Шараны ұйымдастырушылар ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқтала отырып, өнегелі өмір жолы мен шығармашылық мұраларының өміршеңдігін ұғындыру, өз шығармашылығын шыңдау, өлеңге, сөз өнеріне баулу, қазақ әдеби тілінің қасиетті екенін ұғындыруды мақсат тұтты. Осы мақсат аясында оқушылардың орындауында сахналық көріністер мен ән, жыр-шумақтар шырқалды.
Сондай-ақ, мектепте «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» тақырыбында сыныптан тыс жұмыстар жүргізілді. Осы ретте, 10 сынып оқушылары арасында челендждер, бейнероликтер ұйымдастырылды. Жүргізілген іс-шаралар жинақталып, өз дәрежесінде өткізілді. Алдағы уақытта оқушылар арасында «Абай – қазақтың бас ақыны» атты шығарма жазу жоспарлануда.

Айтолқын Бәкірова,
№13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Close