«Ит жақсыға да, жаманға да үреді» дейді. Дегенмен, ит жеті қазынамыздың біріне жатады емес пе?! Ит жүгіртіп, құс салған халқымыз иттің қадірін ежелден-ақ білген. Итті ата-бабаларымыз бұрынырақта аң аулап, саятшылық құруға, мал-жанды күзету мақсатында пайдаланса, қазір де бұл үрдіс жалғасын тауып келеді. Сонымен қатар, итті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде де қолданады. Қазір ел ішінде жаппай «ит жүгіртіп, құс салып» жүрген азаматтарды сирек кездестіреміз. «Қансонарда бүркітші шығады аңға, тастан түлкі табылар аңдығанға» деп Абай ақын жырлағандай, әсіресе, қыс мезгілінде болатын саятшылық дәстүрі де біртіндеп қалып бара жатқан сыңайлы. Қасқыр мен түлкі алатын қазақы төбеттер қазір жоқтың қасы. Есесіне дәл қазіргі уақытта ауыл, елдімекендерде, тіпті, аудан орталығында да қаптап жүрген иесіз иттердің қарасы көбейіп келеді. Мұны біз күнделікті өмірде кездестіріп жүрміз.
Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Нәзипа Әзімбекованың айтуынша, соңғы жылдары ауданымызда ит қапқаннан зардап шеккен адамдардың саны біртіндеп азайып келеді екен. 2019 жылдың 12 айында 263 адам ит қапқаннан зардап шегіп, антирабикалық көмекке жүгінген. Ал 2018 жылы зардап шегіп антирабикалық көмекке жүгінгендердің саны 276 адамды құраған. Барлық зардап шеккен адамдарға аудандық орталық аурухананың ота бөлімінде және аудандық орталық емханада құтыруға қарсы антирабикалық екпелер жасалған. Биылғы жыл басынан 26 адам ит қабуынан зардап шекті.
-Жедел вирусты аурулардың ең қатерлісінің бірі – құтыру ауруы. Егер дер кезінде ем алмаған жағдайда ауырған адам ми қабынуынан қайтыс болады. Құтыру ауруы – ауырған жануарлар тістегенде, тырнағанда немесе терінің жарақаттанған жеріне сілекейі жағылуы арқылы адамға жұғады. 60-70 пайызға дейін инфекцияның көзі иттер болып табылады,- дейді басқарманың бас маманы. Осыған қарап-ақ, көшеде, сай-салада бос жүрген иесіз иттерден келетін қауіпті өзіңіз бағамдай беріңіз.
Қаңтар айында ауылдық округ және аудан әкімдері тұрғындар алдында есеп беру кездесулерін өткізетіні белгілі. Сонда бір байқағанымыз, ауданға қарасты бірқатар ауылдық округтерде тұрғындар қаңғыбас иттердің қауіп төндіріп отырғанын, иттерді жою жөнінде ұсыныс-ескертпелерін жеткізіп жатады. Бұл бір емес. Жыл сайын осылай. Осылай жалғаса беретін болса, сай-салада топтанып жүрген қаңғыбас иттердің адамдарға ауру таратпасына ешкім де кепілдік бере алмайды.
Сөзіміз дәлелді болсын, Ақсай және Шақпақ, Күреңбел ауылдық округтері әкімдерінің тұрғындар алдында есеп беру жиынында иесіз иттердің көбейіп кеткендігін, әрі десе олардың тұрғындарға, мектеп оқушыларына қауіп төндіріп отырғанын тұрғындар ашына жеткізгенін өз құлағымызбен естідік. Күреңбел ауылында кей уақыттарда аш шиебөрілердің көшелерді торуылдап жүргенінен де хабардар болдық. Ал осы жыртқыштар таң қараңғысында сабаққа шығатын немесе қас қарайғанда үйге қайтатын оқушы балаларға шабуыл жасаса не болмақ? Осы орайда, қаңғыбас иесіз иттер неге көбейіп кетті деген заңды сұрақ туады?…
Итің ұры десе намыстанатын халықтың өкіліміз. Солай бола тұра, өз иелігіміздегі итімізді жақсылап қарай алмаймыз. Бос жүрген ит не істемейді, аяқты ит қайда бармайды. Бос жүрген иттерді әсіресе, сай-салалардан көп кездестіреміз. Олар сондағы қалың өскен ағаштардың арасында күшіктеп, көбейе береді. Өлексе жейді, тұрғындардың қорасына түсіп, тауығын жейді. Әйтеуір, сөйтіп көбейген үстіне көбейе береді. Бұл мәселеде ең алдымен ит иелерінің жауапкершілігін күшейту керек сияқты.
Иесіз иттер мен мысықтарды аулау барысында атқарылып жатқан жұмыстардың жайын сұрамақ ниетпен аудан әкімдігінің ветеринария қызметі мекемесіне хабарласқан болатынбыз.
– Қаңғыбас иттер ауру таратушының негізі көзі болып табылады. Қазіргі таңда біздің ауданымызда иесіз бос жүрген қаңғыбас иттер саны жылдан-жылға көбейіп отыр. Оның бірден бір себебі, тұрғындар иттері күшіктеген мезгілде күшіктерін қараусыз көшеге тастауы және өз иттерін керек қылмаған жағдайда алыс жерлерге апарып тастауының салдарынан қаңғыбас иттердің саны артып отыр. Бүгінгі таңға дейін «Жуалы ауданы әкімдігінің ветеринария қызметі» ШЖҚ КМК иесіз бос жүрген қаңғыбас иттерді аулап жою жұмыстары «Жуалы ауданында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою» Қағидаларына сәйкес, ауыл және ауылдық округтерден түскен сұраныстар бойынша жылдың екі мезгілінде (күз, көктем ) айларында жүргізіледі. Оның ішінде 2019 жылға 3 693 000,00 теңге қаражат бөлініп, оған 2500 ит ауланып жойылды. 2020 жылға ит аулап, жою жұмыстары әлі басталған жоқ.
Оның себебі, біріншіден, аудан бойынша бір ғана «УАЗ» автокөлігі ит аулау және ауру малдарды тасымалдауға ғана берілген. Екіншіден, жұмысқа ең қажетті автокөліктің ескі болуына байланысты жиі бұзылуы себеп. Көлік сатып алуға қосымша қаражат бөлу жолдарын қарастыру туралы тиісті орындарға хат жолданған, алайда әлі жауап жоқ. Қаңғыбас иттер жойылғанымен, олардың саны азаймай отыр. Осы мәселе бойынша біріншіден, қаңғыбас иттердің санын азайту үшін ұрғашы иттердің жатырын алу (стерелизация) немесе еркек иттерге піштірту (кастрация) отасын жасатуға болады. Ол үшін тұрғындар ауыл және ауылдық округтің ветеринариялық мамандарының көмегіне жүгінуге болады. Қаңғыбас иттер түрлі ауруларды таратып, адамның денсаулығына да зиян келтіреді. Жоғарыда атап өткен қағидаға сәйкес, тұрғындар иттерін өз үйлері мен аулаларында байлап ұстаулары қажет.
Белгіленген жоспарға сәйкес иттерге эхинококкозға (іш құрт) дәрі таратылады. Сонымен қатар, құтыру ауруларына да қарсы вакцина егіледі. Ветеринариялық мамандардың профилактикалық іс-шаралар көрсетуіне тұрғындар ықпал жасаулары қажет,- дейді «Жуалы ауданы әкімдігінің ветеринария қызметі» ШЖҚ КМК-ның директоры Ғабитбек Кебеев.
Ит – жеті қазынаның бірі. Қазынамыздың қадіріне жетеміз десек, иесіз иттердің мәселесін қазірден бастап ойланғанымыз дұрыс сияқты. Біз қозғаған бұл мәселеде ит иелерінің жауапкершілігін күшейту бәрінен маңызды болып отыр.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»