Basty bet

Атқарылған істер көптің көңілінен шықты

Шақпақ ауылдық округінің әкімі Затыбек Пашенов округке қарасты Амансай, Шақпақ станциясы, Ынтымақ ауылдарының тұрғындары алдында аймақтың 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берді.
Санитариялық талаптарға сай жиындарға ауыл тұрғындары көзбе-көз және ақпараттық технологиялардың көмегімен онлайн қатысуға мүмкіндік алғанын айтуымыз керек.
Амансай ауылының тұрғындарымен есептік кездесу Шақпақата ауылындағы №4 балалар өнер мектебінің акт залында өтті. Жиын барысында округ әкімі Затыбек Пашенов баяндамасын 2020 жылы атқарылған жұмыстар тізбесімен бастап, әр сала бойынша жеке тоқталды.
Баяндама аяқталған соң, жарыссөзге кезек берілді. Ауыл тұрғыны Аман Аширов ақсақал Б.Көпбайұлы көшесінің екінші бөлігіне ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал жасауын сұранды. Қойылған сұраққа ауыл әкімі З.Пашенов жауап беріп, аталған көшенің екінші бөлігіне ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ әзірленгенін айтты.
Келесі болып ауылы тұрғыны Сәуле Тұрсынқұлова сөз алып, коронавирустық пандемияға байланысты студенттер мен оқушылардың қашықтан білім алып жатқанын ескеріп, ауылға Интернет жүйесін кіргізу мәселесін көтерді.
Бір азамат сұрағын әлеуметтік желіде онлайн түрде қойды. Ауыл тұрғындары берілген жауаптарға толығымен қанағаттанды.
Жиналған көпшілік атынан ауыл ақсақалы Аман Аширов ауылдық округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.
* * *
Шақпақ ауылдық округінің әкімі Затыбек Пашеновтың Шақпақ станциясының тұрғындарымен болған есептік кездесуіне аудан әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Қ.Мықтыбекова қатысты.
Ауыл әкімі Затыбек Пашеновтың аймақтың 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндамасы тыңдалғаннан кейін жарыссөзге кезек берілді.
Жарыссөзге Шақпақ станциясының тұрғыны Серік Қонқабаев шығып, ауыл ішілік жолдардың әбден тозығы жеткендігін айтып, орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ықпал жасауын сұранды. Қойылған сұраққа З.Пашенов жауап беріп, бүгінгі таңда Шақпақ станциясының ауылішілік жолына ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ жасалып, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қаражат қарастырылған жағдайда, жүзеге асырылатындығын айтты.
Шақпақ ауылдық округінің әкімі Затыбек Пашенов Ынтымақ ауылының тұрғындарымен де кездесіп, 2020 жылға атқарған жұмыстары мен 2021 жылға атқарылатын міндеттерді баяндады. Ынтымақ негізгі мектебінде өткен есептік жиынға аудан әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Қалима Мықтыбекова, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков және аудандық ветеринариялық станцияның басшысы Ғабитбек Кебеев қатысты.
Ауылдық округі әкімі Затыбек Пашенов округтің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған есебі тыңдалды. Баяндама аяқталған соң, жарыссөз басталды. Ғабит Дүйсебаев ауылға кең жолақты Интернет желісін кіргізу мәселесін көтерсе, Мәмбет Анарбаев жаз айларында ауыл сыртына мал бағу үшін малшылар арасында көптеген кикілжіңді жағдайлар туатынын айта келе, осы мәселені тездетіп шешуге ықпал жасауын сұрады.
Затыбек Пашенов мал бағу науқаны басталған кезде әр малшымен келісім шарт жасалып, жайылым жер көлемі нақтыланатынын айтты.
Екі азамат онлайн түрде сұрақ қойды. Ауыл тұрғындарының қойған сұрақ-сауалдарына округ әкімі тұжырымды және нақты жауап берді
* * *
Ақсай ауылдық округінің әкімі Қазыбек Бейсеқұлов та өткен жылды қорытындылап, тұрғындар алдында есеп берді. Есеп беру жиыны Диқан орта мектебінде өтіп, оған аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов пен тұрғындар қатысты.
Жиналысты Ақсай ауылдық округінің әкімі Қ.Бейсеқұлов ашып, атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Баяндама соңында сұрақтарды жазбаша, ауызша немесе арнайы жәшікке салуға болатындығы туралы айтылды.
Кезек жарыссөзге беріліп, алғашқылардың бірі болып Диқан ауылының тұрғыны М.Өрісбаев өз сауалын жолдады. Ол ауылдық округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға бере отырып, Жамбыл көшесінің төменгі бөлігін асфальттап берсеңіздер деген ұсынысын білдірді. Ал, Шохан батыр көшесінің тұрғыны Б.Сыдықов интернет желісінің нашарлығы туралы мәселені көтерді.
Жиынға қатысушы тұрғынның бірі Е.Тоғайбаев Диқан ауылының оңтүстік-батыс бетіндегі мал жайып жүрген жерді егістікке алғысы келіп жүрген азаматтар бар екенін айта келе, осы жерді ешкімге бермеуді сұранды. Жиында ауыл тұрғындары белсенділік танытып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Тұрғындар Диқан ауылындағы таза ауызсу жүйесін жаңартуды, ашық спорт алаңын мен жаңа мектеп соғу туралы мәселелер көтерді. Ал, Б.Жаналиев «Диқан ауылының төменгі бөлігіндегі су тоғандарын балық шаруашылығына деп Тараз қаласынан кәсіпкерлер келіп малдарымызға су ішкізбей, егістігімізге су бермей отыр. Осы мәселені шешіп берсеңіз» деген сауалын қойды.
Жиында жолданған сауалдар мен ұсыныстарға ауыл әкімі жауап беріп, алдағы уақытта ұсыныстары бойынша жұмыс жасайтындарын жеткізді. Сонымен қатар, тұрғындардан түскен сауалдарды саралай келе, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов «Диқан ауылынан ашық спорт алаңын соғу үшін 12 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаты дайындалып, қаржыға сұраныс берілді» деген жауабын берді.
Есеп беру жиынында ауыл әкімі 2021 жылы Диқан ауылында жаңа мектептің құрылысы басталатынын айтып, кездесуді қорытындылады.

Абылайхан СӘРСЕН,
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close