Basty bet
Бірлік – біздің қасиетті туымыз!
Президент Жарлығымен бекітілген Алғыс айту күні мерекесі біз үшін өте маңызды әрі бір-бірімізге алғыс айтып, ыстық ықылас білдіретін мереке болып саналады. Қазақстан халқы ел өміріндегі осынау маңызды мерекені биыл алтыншы мәрте атап өткелі отыр.
«Тағдырдың кім көнбейді салғанына» демекші, ата-бабаларымыздың айтуынша, біздің әзірбайжан халқының бірсыпырасы сонау отызыншы жылдары тарихи Отандарынан қасиетті қазақ жеріне жер аударылған болатын. Міне, әзірбайжандардың содан бері жергілікті қазақ халқымен татулығының жарасқаны соншалық, олармен құда-жегжат, тіпті ағайын, туыс-бауырдай боп кеткенімізді қалай айтпаймыз?!
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Соның ішінде, біздің Жуалы ауданында қазақ, шешен, орыс, әзірбайжан, өзбек, татар, тағы басқа ұлттардың өкілдері бір үйдің баласындай татулықта еңбек етіп, отбасыларын асырап, елдің берекесін келтіріп отыр. Бұл – бақ пен ырыс қатар дарыған біздің елдегі ұйысқан ынтымақ пен татулықтың белгісі. Бұл – Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы да салиқалы саясатының жемісі. Бұл – әлем елдеріне үлгі етіп тарататын құндылық деп білемін.
Бірлік – біздің қасиетті туымыз! Бірлік бар жерде ғана берекелі тірлік болмақ. Қазақстан халқының ауызбіршілігі мықты болғанда ғана еліміз табыстарға жетеді. Болашағымыз да жарқын болады. Бірлікті қасиет тұтқанда ғана айымыз оңынан туып, күніміз жарық болмақ. Осыны әсте естен шығаруға болмайды. Алда келе жатқан Алғыс айту күні мерекесі барша қазақстандықтар үшін құтты болсын. Қай заманда да ауызбіршіліктен, татулықтан, достықтан асқан құндылық болған емес. Ендеше, ортақ Отанымыздың дамуына аянбай үлес қоса берейік. Достығымыз жасасын! Бір-бірімізге алғыс айтып жүрейік!
Расим СУЛЕЙМАНОВ,
жас кәсіпкер.
Шақпақата ауылының тұрғыны