«Қас-қабағын бағып ұдайы науқастың,
Ағаруы тегін бе еді тал шаштың.
Қарсы тұрып ажал дейтін дүлейге,
Денсаулықтың майданында шайқастың», деп ақындарымыз жырлағандай, дәрігерлердің адам баласының денсаулығы жолындағы ерен еңбегі қандай құрметке болса да лайықты.
Жақында аудандық орталық ауруханада «Ардагерімізді ардақтаймыз!» атты мерекелік шара өтті.
Шараға аудандық орталық аурухананың ардагер дәрігері Төшенай Борашев, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаев, хирург-дәрігер, аудандық мәслихаттың депутаты Қалдыбай Байрамов және жоғарғы санатты дәрігерлер мен жас мамандар қатысты.
Жиынның мақсаты – аға буын дәрігерлер мен жас мамандардың арасындағы сабақтастықты нығайту, аға буынның қызметтегі жолдарын бүгінгі ұрпаққа үлгі ретінде насихаттау.
Мерекелік шараны аурухананың педиатр-дәрігерлері Мәдемі Каналбаева мен Жамбыл Қазыхан жүргізді. Алдымен сөз кезегі орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаевқа берілді. Ол өз сөзінде ардагер дәрігер Төшенай Борашевтың ауруханаға сіңірген еңбегінің зор екенін, бүгінгі жас дәрігерлер осындай абзал азаматтардан үлгі алу керектігін айтып, ардагерге ізгі тілегін жеткізді.
Әрі қарай LED экран арқылы хирургия бөлімі дайындаған кештің басты кейіпкері, хирургия саласының майталманы Төшенай Борашевтың ауруханадағы қызмет еткен жылдарынан бейнеролик көрсетілді.
Сөз кезегін алған Төшенай Борашев ауруханадағы еңбек жолы туралы кеңінен әңгімелеп, өткен жылдардың естеліктеріне шолу жасады.
– Құрметті әріптестер, осындай ізгілікті шараның өткізілуіне мұрындық болып отырған ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз. Біз барлық нәрсеге көнеміз және көндіре де алады екенбіз. Бірақ бізге көнбейтін екі нәрсе бар. Оның бірі – уақыт болса, екіншісі – кеңістік. Сондықтан уақытты босқа өткізбеуге тырысу керек.
Мен 1971 жылы тамыз айында осы ауруханаға жұмысқа келдім. Менің де үлгі тұтар ұстаздарым болды. Әсіресе, хирург Сейіткерім Садықовтан ауруханадағы тәртіпті жақсы үйрендік. Жұмыс барысында небір ауыр операцияларды жүргізіп, қиыншылықтарды бастан кешіріп, өлімді де көрдік. Ауыр операцияны жүргізіп жатқан кезде жарық өшіп қалған сәттер де болды, – дейді Төшенай Сегізбайұлы.
Жиында Жамбыл Қазыхан «Менің әкем» әнін, жұқпалы аурулар бөлімінің мейірбикесі Аружан Қуатжан «Ақ халатты абзал жандар» әнін, балалар бөлімінің мейірбикесі Назира Байтөреева да домбырамен ән айтып, әріптестеріне әдемі көңіл күй сыйлады.
Ардагер дәрігер Төшенай Борашев қазақтың қасиетті домбырасын қолына алып, күмбірлетіп күй тарта жөнелгенде көрермен бір сәт күймен бірге самғап кеткендей әсер алды.
Жиын барысында сөз алған, аурухана ұжымының кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұргелді Өтепов және ардагермен бірге жұмыс істеген акушер-гинеколог Қазыхан Көрпебайұлы, Қалдыбай Дөнешоғлы жас маман болған күндерін еске алып, ардагерден алған тәлім-тәрбиесімен, бірге жүзеге асырған іс-тәжірибелерін айтып, өткен күндердің қызықты сәттерін еске алды. Сонымен қатар, акушер-гинеколог Рысты Мырзақұлова кештің қонағы болып келіп отырған ардагерге алғысын айтты.
Мерекелік шарада перзентхана бөлімінің меңгерушісі Замира Ашилова сөз сөйлеп, өзінің орталық ауруханаға 40 жасында акушер-гинеколог болып жұмысқа орналасқанын, осы кезден бастап акушер ісінде болатын қиын жағдайларды Төшенай Борашевпен бірге шешетінін, үлгі тұтатызн ұстазы екенін және білмеген нәрселерін ардагер дәрігерден үйренгенін мақтанышпен жеткізді. Одан бөлек, ардагердің әдеби кітаптарға жақын екенін, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт ағасы екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ауруханаға сіңірген еңбегі елеусіз қалмау керектігін және ауданның «Құрметті азаматы» атағына әбден лайықты азамат екенін баса айтты.
Өз сөзінде Төшенай Борашев атақ емес, елдің алғысы, ақ батасы, шынайы ыстық ықыласы өзі үшін ең биік мәртебе, құрмет деп есептейтінін жеткізді. «Біз жас кезімізде, бізден кейін де науқастарды емдейтін жас хирург дәрігерлерді дайындайық дедік. Сөйтіп мықты шәкірттерді тәрбиеледік. Біз мәңгілік емеспіз. Артымызда жақсы із қалсын десеңдер, мықты шәкірт тәрбиелеңдер!» деп ардагер дәрігер әріптестеріне ағалық, аталық өсиет сөздерін айтып, сөзін түйіндеді.
Жиын соңында барлық дәрігерлер хормен «Бізге және біздің қаралушыларымызға сәттілік!» деп ұрандатып, ардагердің үлкен портретін және естелік сыйлық табыстады. Бұл сөздер ардагер дәрігер Төшенай Борашевтың операция алдындағы ылғи да айтатын сәттілік әкелетін ұранды сөздері екен.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші, дәрігерлер жиыннан соң аурухананың ауласына шығып тамыры тереңге жайылған, өз заманында Төшенай Борашев еккен алып еменнің жанына келіп, естелік суретке түсті.