Basty bet

Әйгілі жаттықтырушы Феликс Цой Жуалы ауданында болды

Қасиетті Жуалы ауданын былайғы жұртшылық: «Батырлар мен генералдардың елі» деп атайды. Шынында солай. Жұлдызы биік Жуалы жерінен әлем таныған танымал тұлғалар шыққан. Атап айтқанда, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Ғасыр саңлағы Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысындағы ерлік істерін бүгінде әлем елдері біледі. Батыр Баукең соғыста ғана ерлік көрсеткен жоқ. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де ұлттың тілі мен діні, салт-дәстүрі мен руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлға. Кейіннен Жуалының жұлдызын Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, оннан астам генералдар шоғыры биіктете түсті.

Жуалы жері спорт саңлақтарына да өте бай. Арыға бармай-ақ, ауданнан шыққан Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевты айтсақ та жеткілікті. Бақтиярдан кейін осынау қасиетті өлкеден Еркебұлан Жұманбеков, Елдар Абдрагимов сынды бокстан әлем чемпиондары, Азия чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Токио Олимпиадасы жолдамасының иегері Әбілхан Аманқұл сияқты саңлақ сортшыларды атап айтсақ жеткілікті. Ауданнан қанат қаққан балуандарымыз да аз емес. Олардың қатарында даңқты спортшылар Сәлкен Жартыбаев, Ғани Сейділдаев тағы басқа атан жілікті азаматтарды атап айтуға болады.
-Бокс спортын ерекше бөліп Файтып отырған себебіміз, ауданның бұл спортта жеткен жетістіктері өте көп. Осыған байланысты 2017 жылдың 27-ші қарашасында Жуалы ауданы әкімінің №256 Қаулысымен бокс мектебі құрылған болатын. Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты бұл мекеме өз жұмысын ресми түрде 2018 жылдың басынан жүргізе бастады. Атап айтқанда, аталған бөлімге қарасты №12 және №13 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің төрт жаттықтырушы бокс мектебіне ауысып келіп жұмыс жасауда.
2019-2020 оқу жылында жеті ауылдық округте спорттың бұл түрінен 26 топта, негізгі және қосалқы топтарда барлығы 370 оқушы айналысып отыр. Мектептегі білікті жаттықтырушылардың аянбай тер төгуінің нәтижесінде балалардың жеткен жетістіктері жоғары. Жамбыл облыстық чемпионаттарда, сонымен қатар, Азия чемпионаттарында жасөспірім балалардың жетістіктері бар. Жуалының бокс спортында ел қоржынына салған олжалары қомақты. Біз ұжым болып ары қарай да жақсы нәтиже көрсетуге жұмыс істейтін боламыз,- дейді бокс мектебінің директоры Мұхтар Бердімбетов.
«Болар істің басына, жақсы келер қасына» демекші, күні кеше ғана аудандық бокс мектебінде жасөспірімдер арасында Шымкент қаласы мен Жуалы ауданының арасында жолдастық кездесу өтті. Осынау маңызды шараға орай Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы, Болат Жұмаділов, Рашит Кабиров, Бақтияр Тілегенов, Фируза Шарипова, тағы да басқа былғары қолғап шеберлері мен даңқты спорт саңлақтарына тәлім берген Феликс Цой, сонымен қатар, оның шәкірті Рашит Кабиров Жуалыға арнайы келеген болатын.
Спорттық іс-шараның алдында Жамбыл бокс мектебінің көрнекті өкілі, әйгілі жаттықтырушы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Феликс Цой, шәкірті, спорт шебері Рашит Кабиров Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебековтың қабылдауында болды. Нарбай Әбілқасымұлы Феликс Тихоновичтің Жамбыл бокс мектебінің қалыптасуына, сонымен қатар, елімізді әлемге танытқан былғары қолғап шеберлерін дайындағаны үшін алғысын білдіріп, оған мықты денсаулық тіледі. Сонымен қатар, аудандық бокс мектебінің де жетістіктерін әңгімеледі. Бүгінде сексеннің сеңгіріне иек артқан ардагер жаттықтырушы Ф.Цой аудан басшысы Н.Ергебековке Жуалы бокс мектебінің жақсы қалыптасып келе жатқанын айтып, осы мекемеден әлі де талай спорт саңлақтарының шығатынына зор сенім білдірді. Айта кету керек, облыс орталығынан ауданға арнайы келген құрметті қонақтар бокстан жасөспірімдер арасында өткен жолдастық кезедесуді тамашалады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close