Basty bet

Бауыржан Момышұлы

Бауыржан Момышұлы – ердің ері,
Атағын әлемдегі ел біледі.
Танытқан ата жұртын-ер қазақты,
Тағдырдың жұлып кетті зеңбірегі.

Оны әлі таулар жоқтап түнереді,
Бар еді мың қасиет, мың өнері.
Сөзінен күн күркіреп, жасын ойнап,
Бар болса ортамызда жүрер еді.

Бұлт болып көгімізден көшкен күндер,
Сендер де Бауыржаннан сескендіңдер.
Бұл тойын хас батырдың тойласуға,
Қонақтар Мыңбұлаққа қош келдіңдер!

Бауыржан енді қайтып туады ма,
Өтті ол тигізбестен су арына.
Алыстан ат тербеткен өзбек, қырғыз,
Қош келдіңдер, жер жаннаты — Жуалыға!

Шаңдатқан топырағын Мыңбұлақтың,
Нуларын аралаған гүлді бақтың.
Жүр еді алшаң басып Алматыда
Ағамды тұғырынан кім құлатты?!

Ол енді Жуалыға келе алмайды,
Кезбейді Берікқара мен Боралдайды.
Құстар да көктемеде қайтады ғой,
Бірақ та біздің Баукең оралмайды.

Сексенін тойлаймыз деп балақ түріп,
Ұрпағы атқа қонды-ой талап қылып.
Әлде Баукең құсқа айналып кетті ме екен,
Ерлік пенен даңқты қанат қылып.

Көзіме ер тұлғасын елестетем,
Жерлесін Бауыржанға демес бөтен.
Қазақтың аспанында самғап жүрген,
Бір қыран біздің Баукең емес пе екен?

Ұрпағын көрсе жүрген күңіреніп,
Берер еді қоң етінен бүгін ойып,
Бірақ та бар қазағың толтыра алмай,
Қайтейік, орны тұр ғой үңірейіп.

Қалғанша ел қорғады қасық қаны,
Көңілін кім-кімнен де жасытпады.
Мұрттарын тікірейтіп бір ақырса,
Қоғадай жапырылған пасықтарың.

Айтып тауыса алмаспын ол туралы,
Жуалы ұмытпайды қолтуманы.
Баукеңнің аңызы мен ақиқаты,
Халқының көкейінде толқуда әлі.

Мен оған талай өлең бағыштадым,
Арнадым домбырамның қағыстарын.
Далам аман болса егер, қазақ аман,
Өлмейді Бауыржандай арыстаным.

Жеңілдеп күндер өте ауырладың,
Жазылар қайран халқым, жауырларың.
Момышұлы тойының бетін ашып,
Шықты алдыңа тағы бір Бауыржаның.

Жат емес мерейі өссін жақынымның,
Бұл тойға қанша халық шақырылдың?
Момышұлы Бауыржан Батыр болса,
Мен жырлап өтер ақынымын.

Баукеңе бүкіл әлем болды ғашық
Рухы келе жатыр жолды басып.
Базары осы тойдың тарқамастан,
Мәңгілік өте берсін тойға ұласып.

Бауыржан ҮСЕНОВ.
1990 жыл

Таңдаулы материалдар

Close