Basty bet

Мұғалім қоғам алдындағы борышына жауапкершілікпен қарауы керек

Өткен аптаның соңында облыс әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Мейірхан Өмірбек №15 мектеп-лицейде мектеп директорларымен және балабақша меңгерушілерімен жиын өткізді. Оған аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев және кеңес мүшелері, аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов қатысты.
Жиынның мақсаты – білім саласындағы кемшіліктердің себебімен жұмыс істеу, кейбір төмен көрсеткіштерді қалай жақсартуға болады деген сұрақтар төңірегінде ой бөлісу.
Басқарма басшысы алдымен аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Г.Маденованың білім мекемелерінің материалдық базасы, педагогтардың сапалық құрамы, білім сапасы, құрылыс мәселесіне қатысты алдағы жоспарлары туралы баяндамасын тыңдады. Одан кейін салаға қатысты сұрақтар мен мәселелерге кезек берді.
-Соңғы уақытта Жуалы ауданында арыз-шағымдар көбейіп кетті. Оның себебі неде? Жұмыстың нашарлығы ма әлде басқа жағдай ма?
Жуалыдан қаншама елімізге танымал тұлғалар шыққан абыройы биік жер. Бүгінгі жағдай неге бұлай болып кетті?
Мәселен, әлеуметтік желіге Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның бір корпусындағы жағдай туралы мәселе шықты. Жалпы мектеп пен халық арасында байланыс мықты болуы керек. Мектеп басшылығы мектептегі жағдай, алдағы атқарылатын жұмыстар, жоспарлар туралы нақты мәліметтермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Заң тәртібімен жүргізіліп жатқан жұмысты айтып, ата-аналарды хабардар етіп, түсіндіріп отыру керек.
Қазір көп адамдар өкінішке қарай, бір жерден кемшілік көрсе оны жанашырлықпен түсінуге, жөндеуге емес, бірден телефонына түсіріп, сүйіншілеп, әлеуметтік желіге салуға құмар. Онымен мәселе тез шешімін таба ма?! Әрине олай емес.
Мектеп директорлары қарапайым болуы керек. Сіздер халықпен бірге болыңыздар. Жұмысқа мұғалімді парамен алуды, сыбайластықпен жұмыс істемей жүрген адамдарға айлық жазуды қою керек. Оған қатаң тыйым салынған. Заңсыз, бұрыс әрекеттердің салдарынан арамызда бір-бірімен соттасып, балалардың арасында жүріп, мектептің берекесін ұшырып жүргендер де бар. Соттасу – педагогтың мәртебесіне де үлкен сын. Сондықтан ұжыммен дұрыс жұмыс істеу керек. Ұстазда білім, білік, әділеттілік, мәдениет болмай, оқушыда ондай қасиеттер болмайды.
Алдағы уақытта қай жерде ынтымақ жоқ, сол жерге жан-жақты тексеруді жіберетін боламын.
Еңбек жолымда мен мектепке директор болғанда былай жұмыс істегенмін: бұл мақтанғандық емес, керек тәжірибе. Мектепішілік олимпиадаға сұрақтарды мұғалімдерге дайындатпай, сырттан алып келдім. Себебі, сұрақты өзі дайындау деген өзін-өзі алдау. Мұғалімдерге осы ескертуімнен кейін олардың жауапкершілікті сезінуін, өз деңгейін көтеруге деген жұмысын көрсеңіздер. Барлығы жанталасып өзімен де, оқушымен де жұмыс істеді. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасын тапты, мұғалімнің оқушыларымен алған бақылауы, диктанты мен өзім алған бақылау мен диктанттың нәтижесін салыстыра отырып, ұжым болып жұмыс істедік. Мен осылай ішкі бақылауды күшейту арқылы, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Ішкі бақылау дұрыс әрі жүйелі болмаса, директор мұғалімдердің жұмысын саралай алмайды, салдарынан балаларымыздың білімін құртамыз.
Бізде керемет дарынды, білімді балалар, мықты ұстаздар да бар. Жақында ғана пәндер бойынша олимпиадалар өтті. Біздің облысымыз гуманитарлық пәндер бойынша республикада І орында. Басқа пәндер бойынша да алдыңғы қатардамыз.
Жақында мен Шымкентке олимпиадаға барып қатысып, жүлдемен оралған балалармен кездестім. Барлығы шетінен жанып тұр. Балалармен пікірлестім. Олар білім саласында мынадай мәселелер бар, олардың шешу жолдары былай деп нақты айтып берді. Соның ішінде ең маңыздысы, балалар бізге мықты мұғалімдер керек дейді. Халықаралық деңгейде білім беретін мұғалімдерден білім алғысы келеді. Қараңыздаршы! Сондықтан біз ұжым болып ақылдасып, жаңашылдықпен жұмыс істеуіміз керек. Себебі, бала – елдің балашағы.
Қазір білім саласына ұлттық құндылықтарға негізделген бағдарлама әзірленуде. Ол құндылықтың бірі, бастамасы – сәлемдесу. Неге бүгінгі оқушы сәлемдеспейді. Себебі, мұғалім сәлемдеспейді. Бұл құндылықты сабақ барысына, тәрбие сабақтарына енгізіп, оған мұғалім, ата-ана, оқушы барлығы атсалысу керек. Сәлемдесу, ол – адамның өзіне деген құрмет, ол – кішіпейілділік, амандасып, кісінің амандығын сұрау – айналып келгенде адамның өзіне келетін жақсылық. Осыны жас ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, жамандыққа қарсы иммунитет қалыптасқан ұрпақ ешқашан адаспайды. Отбасынан, мектептен жақсы нәрсе көріп, ізгілікті бойына сіңірмеген бала көшеде кімнің болсада сөзіне, іс-әрекетіне ілесіп кетеді. Бұл бағдарлама бойынша біз бір мектептің ұстаздарын оқытамыз. Әрі қарай басқа мектепке тәжірибесін тарататын боламыз,- деді Мейірхан Азатұлы.
Амангелді атындағы орта мектептің директоры Айгүл Имашева директорларды ротациялау туралы сұрады. Басқарма басшысы директорларға ротация жасалатынын айтып өтті.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев білім саласындағы бірқатар мәселелерге тоқталды.
-Білім саласында өткеннің жақсы тұстарын алып, бүгінмен салыстыру керек. Қазір үлгі тұтатын мектеп директорлары, мұғалімдер өте аз.
Жемқорлықты мектепте көріп, естіген бала мұғалімді қалай сыйласын?
Бір ауыз сөзді көтере алмай өз-өзіне қол жұмсайтын, мектеп қабырғасында жүріп жүкті болып қалған жастар қайдан шықты? Оқушылардың білім сапасы неге төмендеп кетті? Терең ойланатын, жұмысты жүйелейтін кез әбден келді. Бұл мәселеге тек мұғалім ғана емес, ата-ана, қоғам болып бірігуіміз керек,- деді Сейітхан Жұмашев.
-Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов ұстаздардың жалақысы көтеріліп жатыр, соған сай нәтижелі жұмыс та болуы керек, мұғалімнің мәртебесі, мұғалімге деген құрмет өзінің еңбегі арқылы көтеріледі, сондықтан бар жұмысты ұйымдастыратын директорларға ротация керек деген ұсынысын жеткізді.
-Білім сапасы – ол баға емес, ол – білімді ұстаз. Оған кедергі – жемқорлық,- еді Мейірхан Азатұлы. – Дұрыс айтасыздар, мұғалімнің мәртебесін заң көтермейді, адамның абыройын өзінің жұмысы көтереді. Бар кемшілік – өз әрекетімізде.
Қазір кәсіптік бағдарлау деген бар. Әр кәсіпті насихаттап жатырмыз. Мен осы жерде айтар едім, үздік оқушыларды мұғалім болуға насихаттауымыз керек. Мұғалімдікке үздік оқушылар келсе, білім деңгейі де көтеріледі. Елімізде сапа, жақсы тәрбие болады.
Бала тәрбиесінде кемшілікпен ата-ана мен мұғалім бірге жұмыс істеу керек.
Білім сапасы – елдік жұмыс. Жақсы жұмыс жерде қалмайды, өз нәтижесін көрсетеді,- деп Мейірхан Азатұлы сөзін түйіндеді.
Жиында көтерілген мәселелердің барлығы бүгінгі күннің өзекті мәселелері. Барлық мәселенің түйінін жақсы маман ғана шеше алады.
Кейде әр саладағы жұмысқа қарап отырып, әттеген-ай дейсің. Бір жерде мықты мамандар бар, бірақ жұмысты дұрыс ұйымдастыра алатын, олардың қабілетін аша түсетін, бір мақсатқа жұмылдыра білетін білімді, білікті басшы жоқ. Ал, бір жерде мықты басшы бар, бірақ оның талабына сай жұмыс істей алатын маман жоқ.
Тақырыпқа қайта оралсақ, бала бойындағы ақыл, сезім, қайрат мұғалімнің жігерге толы қызметінің арқасында ғана жетіледі. Сондықтан мұғалім қоғам алдындағы борышына жауапкершілікпен қарауы керек.
Білім басқармасының басшысы қолға алған бастамалар жүйелі жүзеге асып, нәтижелі болуына тілектеспіз.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close