Basty bet
Бақытты отбасы – ел тірегі
Отбасы дегеніміз – адамдардың туыстық қатынаста бірлесіп өмір сүретін жанұялық ортасы. Сол ортада дүниеге келген балалар тәрбиесін қолға алып, басқа да қоғамдық тұрғыдан мағыналы да мәнді қажеттіліктерді қанағаттандыратын некелік қатынаспен байланысқа түскен адамдар тобы. Отбасы адам баласының жанының тыныш табатын жайлы да құтты мекені. Сондықтан әрбір адам отбасының берік қалануы үшін барынша жауапкершілікпен қарап, өзара татулық пен ынтымақтастықты үнемі дамытып, ерлі-зайыпты өздеріне жүктелген міндеттерін дұрыс орындаған жағдайда ғана нағыз отбасына айнала алары сөзсіз. Ата-бабаларымыз отбасының беріктігін сақтауда, ғасырлар бойғы салт-сана, әдеп-ғұрыпты, отбасылық дәстүрлерді мықтап ұстанғандықтан отбасы институты жоғары деңгейде көрініс бергендігін аңғара аламыз. Ел ішінде «Айрандай ұйыған» деп сырттай тамсанып жататын отбасылар жетерлік. Сондай ауызбіршілігі жарасып, өмірдің қызығы мен қиындығын қатар көріп келе жатқан отбасылардың үлгілі-өнегелі өмір жолдарын жастарға насихаттау – бізге парыз.
Осы орайда өңірдің демографиялық өсіміне өзіндік үлестерін қосып және отбасы институтының қағидаттарын жас отбасыларға кеңінен насихаттап көпке үлгі болып жүрген ерлі-зайыпты Мекке Мейрамбай және Күләш Керембаеваның бақытты мекені жайында әңгімелеуді жөн көрдік. Олар бүгінде тоғызыншы перзенттерінің дүниеге аман-есен келуін күтіп отыр. Жаратқанның берген жеті қыз, бір ұлының оқуда озат болуын, киімдеріне ұқыппен қарауға, тазалыққа, имандылыққа тәрбиелеп өсіру үстінде. Перзенттерінің білімі мен тәртібі үшін ұстаздар тарапынан естіген мақтау сөздер мен жылы лебіздерін оларға берген тәрбиелерінің жемісі деп есептейді.
Ерлі-зайыптылар ата-анасының ақ батасын алып, бөлек отау құрып өз күндерін өздері көріп, жауапкершілікті сезініп, өз істерін тыңғылықты орындауды отбасына жауапкершілікпен қарауды сезіне білді.
Қазіргі таңда екеуі көпбалалы отбасы ретінде мемлекеттен жасалған жеңілдіктерді пайдалана отырып, оған қосымша сауда-саттықпен айналысып, перзенттерін өсіріп, жетілдіруде.
– Балаларымның арасы бір жарым жастан болғандықтан күнделікті тіршілігіміз екеуін балабақшаға, төртеуін мектепке жіберіп жатсам, бір-екеуі келіп жатады, біреуі бесікте деген секілді уақыттың өте тығыздығы мені епті болуға, шаруға ширақ, шапшаң болуға тәрбиелей түскендей. Осылайша екеуіміз дүниеге келген әрбір перзенттің білімі мен тәрбиесіне кезектесіп қарауға тырысамыз,- дейді отанасы.
Күләш Керембаева алғашқыда №15 мектеп-лицейінде аспаз болып жұмыс істеген. Күләш жас болса да басқаларға ісімен де, сөзімен де үлгі бола білген алтын құрсақты батыр ана. Жолдасы Мекке құрылыс саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келген. Жүрегі мейірімге толы ардақты әке шаруадан қолы босай қалса отбасымен ән салып, домбыра тартып, қыздары би билеп, мәре-сәре болып отыруды қалайды. Бұл отбасындағы әдемі бір ұстаным – әрбір таңда балалардың бетінен сүйіп, тілек айту.
Бұл отбасы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі ұйымдастырған «Берік отбасы – жарқын болашақ!» атты отбасылық байқауында өз өнерлерін көрсетіп, көптің ерекше ықыласына бөлене отырып, жүлделі орындардан көріне білді.
Ата-ананың міндеті жақсы тәрбие беру, отбасын сенімді, құтханаға айналдыру.
Әрбір отбасының босағасы берік болсын!
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»