Basty bet
Қора у-шуға толар күн жақын
Аудан орталығынан шалғайда жатқан Билікөл өңірі бағзы заманнан мал өсіруге қолайлы аймақ болып есептеледі. Кешегі кеңес заманында мұнда биязы жүнді қой бағытындағы асыл тұқымды шаруашылық болған.
1980-жылдары сол адырлы-бұдырлы белдер мен белестерді маң жайлаған қой басы 50 мыңға жеткен. Тасы өрге домалап, табысы ортаймаған кеңшардың осы даңқты жолын бүгінде өңірдегі ірілі-ұсақты 50-ге тарта шаруа қожалығы жалғастырып келеді.
Қадырқұл Мышбаевтың «Бейбітшілік» шаруа қожалығында бүгінде 2 500 бас қазақтың құйрықты, қылшықты қойы, 200-ге тарта жылқы, ондаған мүйізді ірі қара бағылуда. Шаруашылық Жылыбұлақ ауылынан он шақырым жердегі «Қадырқұл» қыстағында орналасқан. Мұнда бұрын кеңшардың мал фермасы болған. Қазір қыстауда 1400-дей саулық қой, 100-дей жылқы, 50 шақты сиыр бар.
Қадырқұл Мышбаев 1997 жылы ескі кеңшардың фермасын сатып алып, шаруа қожалығын құрып, жұмысын жолға қойған. Кездескен барлық қиындықтарды еңсере білген қожалық бүгінде өңірдегі табысы тасыған шаруашылықтардың біріне айналып отыр. Ол үш-төрт жыл бұрын Мойынқұм өңіріндегі Жуалы ауданының орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне қарасты «Дөңгелек» деген жердегі «Ауғанбай» құдығынан 2 200 гектар және Жамбыл ауданынан «Ақби» деген жерден 400 гектар жайылымдық жер алып, онда қой мен жылқыға арнап үлкен база салдырған. Бүгінде тұсақтар мен жылқылардың бір бөлігі сонда бағылуда.
Қожалықта 15 малшы еңбек етуде. Әрқайсысының айлық еңбекақысы 150 мың теңгеден, оған қоса жыл соңында 20 бас қой мен ара-тұра сойысқа мал алып тұрады. Барлығы жылы да жарық үй-жаймен қамтамасыз етілген.
Біз шаруашылыққа келгенде Қадырқұл аға көмекшісімен бірге төл тұратын қораны жылылау және енесі мен жас төл оңаша бағылатын торшаны жөндеу үстінде екен. Әдетте, шаруашылықтарда жаппай мал төлдету науқаны наурыз айының басы мен сәуір айында өтеді.
Наурыз айының ортасы болса да, мұнда төлдеу науқаны басталмаған. Себебі, қойлар күйекке кеш түсіпті. Малдың жайын біркісідей білетін қожалық жетекшісі күзгі және көктемгі ауа-райын есепке алып, осындай шешім қабылдаған. Оның есебінше, ендігі бірер аптада саулықтар жаппай төлдей бастамақ.
– Малшы қауым үшін мазасыз шақ – сақпанның басталуы. Бізде ә дегенде күніне 800-900 бас саулық төлдейді. Жаңа туған төлдің далада тоңып қалмауы үшін өріске шағын трактормен барып, тіркемесіне енесі мен төлді алып, қыстаудағы жылы қораға тасымалдаймыз. Тасымалдау барысында енесі мен қозының бір болуын қадағалаймыз. Жаңа туған саулық төлін иісінен таниды. Егер де оның иісі басқа иіспен араласып кетсе, енесі төлден жеріп, тастап кетуі мүмкін. Сондықтан тіркемеге жеке қоршаулар жасап, әр қозының өз енесімен тұруын қамтамасыз етеміз.
Сонымен бірге түнгі төлдеуге арналған жылы, жарық қораларымыз да бар. Төлдің табаны жылы болуы үшін астына құрақ төселеді әрі енесінің шуы ертерек түсуі және төліне мейірімі түсуі үшін төлдегеннен кейін саулықтарға жылы су беріледі. Жылы қорада бағылып, енесінің уызын емін-еркін емген қозы ешқандай ауруға да, суыққа да бой алдырмайды, – дейді Қадырқұл аға.
Тәжірибелі малшы төлдеу кезінде жұмыс күшінен қиналатынын айтады. Бұрын шаруашылық кезінде жұрттың тайлы-таяғы қалмай, жауапты науқанды ойдағыдай өткізуге жұмылатын. Қазір ондай атымен жоқ.
Екі мыңға тарта саулықтың төлін суыққа ұрындырмай алып қалу үшін қол күші көп қажет. Ал жергілікті атқару органдарының малшыларда шаруасы жоқ. Тіптен «Не істеп жатсыңдар, көмек керек пе?» деп ат ізін салмайды. «Осындай бір-екі науқандық жұмыс кезінде тіркеуде тұрған жұмыссыздар мен қоғамдық ақылы жұмыстағыларды жұмылдырып жіберсе, бізге жақсы көмек-қолдау болар еді. Оларға арнап жылы үй-жай бөліп, 100 мың теңге еңбекақы төлер едім» дейді қожалық жетекшісі.
Біз Қадырқұл ағамен әңгіме барысында шаруашылықтың мал төлдету науқанына дайындығын көзбен көріп, мал өсіру, күтіп-баптау тәжірибесіне, проблемаларына барынша қанықтық. Оларды қалам ұшына алып, тиісті орындарға жеткізуге уәде бердік.
Абылайхан Сәрсен,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев