Basty bet

Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз

Жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде елімізде тазалық, көріктендіру мен көгеріштендіруге арналған айлық жарияланады.
Жақында газетімізде аудан әкімдігінің арнайы қаулысымен көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитариялық тазарту жұмыстарын өткізу туралы жарияланды. Онда аудан аумағында ағымдағы жылдың 1 наурызы мен 20 мамыры аралығында елдімекендерді көріктендіру жұмыстары жүргізіліп, көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитариялық тазарту жұмыстары кезінде тал-дарақтар мен ағаш көшеттерін отырғызу, ауылдық елдімекендерге тазалық орнату бойынша ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру міндеттері атап көрсетілген.
Көктемгі екі айлыққа байланысты ауданда жыл сайын арнайы штаб құрамы бекітіледі. Сонымен бірге, аудандағы мекемелердің міндеттері қаулыда атап көрсетілген.
Ауданның, облыс орталығының таза болғаны жақсы. Өйткені, орталыққа адам көп келеді. Сырттан да қонақтар, ресми адамдар да жиі-жиі атбасын бұрады. Сонда олар ең алдымен тазалыққа қарайды. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дейді. Сынға ұшырамау өз қолымызда.
Біздің аудан – қасиетті жер. Жуалы деген атауының өзі айтып тұрғандай, мұнда өсімдіктің көп түрі өседі. Қыста қар мол түседі, жазы қоңыр салқын. Айналасын алып таулар қоршаған өлкеге келетіндер әсем табиғатымыз бен саф ауамызды ұнатады. Ең бастысы, мұнда жанға жайлылық бар. Алайда, кейінгі жылдары сайларда, өзеннің, тіпті, егістік алқаптардың жағаларында бей-берекет тасталған қоқыстардан аяқ алып жүре алмайтын болдық. Серуендеп барғандар отырған орнын тазаламайды. Соның салдарынан табиғатымыз осындай сипатқа түсіп отыр. Қай ауылға барсаң да, ауыл сыртында полиэтилен қалталар ұшып жатады. Мұндай пакеттер қазір әлемде үлкен мәселеге айналып отыр. Ауылда тұрған соң тұрғындар төрт түлік ұстайды. Ауыл сыртында желмен ұшып жатқан қалталарды кейде абайсызда мал жеп, ауру боп жатқанын көзіміз көріп жүр. Не істемек керек?!
Әр ауылда тұрмыстық қалдықтар тастайтын арнайы полигондар бар. Ең алдымен қоқыс орнын тиімді пайдалануымыз керек. Ауыл ішінен қоқыстарды жинап, полигонга тасымалдау ісін ұйымдыстыруымыз қажет. Кейбір ауылдық округтерде бұл бағыттағы жұмыстар әлі бір жүйеге түспей келеді. Бұл да әкімдердің жұмысына үлкен сын. Тазалық жұмыстары әсіресе, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында қарқынмен атқарылады. Себебі, мұнда жауапкершілік екі есе жоғары. Ауданның орталығы – ауданның айнасы. Бұл басқа ауылдарда тазалық сақталмасын деген сөз емес. Олар орталыққа қарап бой түзеулері керек. Сондықтан тазалық сақтап, аулалар мен көшелерді көгеріштендіруге барлығымыз атсалысуымыз қажет. Ауыл гүлденсе бәріміз гүлденеміз. Өз ауылымызды түлетуге, гүлдендіруге бар ынтамызбен атсалысайық, ағайын.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close