Basty bet

Жаңа оқу жылының ерекшелігі

Өткен аптада аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында «Білім беру саласы: жаңа оқу жылының ерекшеліктері» тақырыбында тамыз кеңесі өтіп, онда аудан мектептері мен педагогтардың жаңа оқу жылына дайындық барысы жан-жақты қаралды. Аудан мектептерінің директорлары, ұстаздар бас қосқан алқалы жиынға аудан әкімі Нарбай Ергебеков қатысты.

Алғаш болып аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова баяндама жасады.
-2020 жылы білім беру саласында бұрын-соңды болмаған өзгерістер орын алып отырғанын бәріңіз жақсы білесіздер. «COVID-19» пандемиясының өмірімізге әкелген, әкелетін өзгерістерінің ауқымын ешкім нақты болжай алмайды. Сапалы білім мен саналы тәрбиенің еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін қаншалықты маңызды екенін бәріміз түсінеміз. Сондықтан биылғы жаңа оқу жылының да жүгі жеңіл болмайтыны мәлім.
Бөлімге қарасты 39 мектептің арасында бала санының аздығына байланысты және интернет желісі өте төмені елдімекендерде болғандықтан санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, 30 мектеп дәстүрлі оқытылады. Ал қалған 9 мектеп қашықтан «Daryn Online» платформасы арқылы оқытылуда. Сонымен қатар осы 9 мектепте 1-4 сыныптар үшін кезекші 129 сынып (3493 оқушы) бар.
Мектептердің барлығы интернет желісіне қосылған, оның ішінде кең арналы интернет желісіне қосылғаны – 39 мектеп (100%). 23 мектептің (57,5%) кітапханасы интернет желісіне қосылған. «Күнделік» жүйесі мектептерге 100 пайыз енгізілген. «BilimLand» білім беру платформасымен тұрақты жұмыс жасалуда.
2020-2021 оқу жылына мектепалды даярлық топтары мен 11 сынып окушыларына толығымен және 1, 2, 5, 6, 7 сыныптарға оқушылардың қажеттілігіне байланысты оқулықтармен оқу әдістемелік кешендер алынды.
Жаңа оқу жылында білім сапасын көтеру, дарынды балалармен жұмысты жүйелеу мақсатында нәтижелі жұмыстар атқарарылады деп сенемін. Осы мақсатта «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру үйымының тәжірибесін енгізуді жұмыс барысында пайдаланамыз және мектепішілік бақылауды күшейтеміз. Сонымен қатар, Lesson Study (сабақты зерттеу), Action research (іс-әрекеттегі зерттеу), педагогтардың мектепішілік білімдерін жетілдіру курстарын ұйымдастыратын боламыз,- деді Назиля Мәдібекқызы.
Кеңес барысында дәстүрлі оқытылатын мектептердегі санитарлық талаптардың, сонымен қатар, тәртіптің сақталуына баса назар аударылып, бұл жөнінде аудандық полиция бөліміне қарасты ювеналды полиция тобының инспекторы С.Дүйсебеков, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасының басшысы Марат Искаков кеңінен баяндады.
Айта кету керек, жиында бірқатар мектеп директорлары мен ұстаздар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, облыстық білім басқармасы және аудандық білім бөлімінің, сонымен қатар, аудан әкімінің атынан Алғысхаттар мен Құрмет грамоталарына, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Аудан педагогтарына арналған кеңесті аудан әкімі Н.Ергебеков қорыта келе, білім беру саласындағы көрсеткіштерді көтеріп, сапаны арттыру үшін жүйелі жұмыстардың қажет екенін, сонымен бірге дәстүрлі оқытылып жатқан мектептердегі балалардың қауіпсіздігі әрдайым басты назарда болуы қажет екенін еске салды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close