Basty bet
“Барлық жұмыс халықтың билікке деген сенімінің, ауызбіршіліктің арқасында ғана жүзеге асады”
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы “Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы” №826 Жарлығының негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудан әкімдері әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалаларда тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу, ал ауыл әкімдері айына бір рет жергілікті халықпен кездесу өткізуге міндетті.
Осыған орай өткен жұма күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза Қарасаз және Шақпақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесуге аудандық соттың төрағасы Бабырхан Әбуев, аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақұлы, аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары мен мекеме басшылары қатысты.
Қарасаз ауылдық округіндегі тұрғындармен кездесу ауылдық мәдениет үйінде өтті.
Алдымен ауылдық округтің әкімі Жанар Нұрмұратқызы 2022 жылы ауылдық округте атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Баяндамашы азаматтарды әлеуметтік қорғау, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинау, әскери міндеттілік және әскери қызмет, қоғамдық қауіпсіздікті, қылмыс пен құқық бұзушылыққа қарсы күресті қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
Сондай-ақ, ауылдық округте ауылшаруашылығы саласында мемлекеттік қолдаудың арқасында біршама жұмыстар атқарылған. Яғни, шаруалар 1219 гектарға күздік бидай, 3512 гектарға мақсары, 48 гектарға картоп, 20 гектарға көкөніс егіп, айтарлықтай жақсы өнім алған.
Округ шаруалары өз қаражаттарына және несиеге 78049000 мың. теңгеге 10 дана жаңа техника алып, жалпы трактор тіркемелерімен 130 дананы, комбайндар саны 14 дананы құрап отыр (Трактор-82, соқа-14, тіркеме-22, кумт-9). Қысқасы, округ бойынша техникалар 70 %-ға жаңартылған.
-Мал шаруашылығы бойынша МІҚ және қойды асылдандыру бойынша шаруа қожалықтар тарапынан құжаттарын рәсімдеп субсидияға өткізілді. Жалпы сүт бағыты мен мал алу бойынша 109 014 780 теңгеге субсидияланды. Сондай-ақ, минералды тыңайтқыштар, өсімдік қорғау, тұқым алу бойынша 21 484 900 теңгеге субсидияланды. Инвестициялық субсидияның көлемі 3 637 500 теңге (123 адам 134 137 180 теңге субсидия алынды). Минералды тыңайтқыштармен қамтылу жоспар 396 тн болса, орындалғаны 396 тн. 11 шаруа қожалықтар қамтылып отыр,- деді ауылдық округ әкімі. – Округ бойынша 7625 га жайылым жерлер бар, оның 1484 га елді мекендер жерлері 6141 га шаруа қожалықтарға тиесілі. 2022 жылы шаруаларға тиесілі 445 га кері қайтарылса, елді мекен жерінен 12 га қайтарылды. Қосалқы жерлерден 484 га қосылды. Ағымдағы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, жыл соңына дейін «Ақсанат» ЖШС-ның еншісіндегі 424 га жайылым жерлерді кері қайтару жоспарлануда.
Округімізде 2022 жылы мал шаруашылығын дамыту мақсатында 5 шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлер “Ұлттық жоба” бағдарламасы және “Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры” арқылы 5-6 %-дық арзандатылған несиеге өтініш беріп, жалпы 23,5 млн. тг. несие алып, жылқы және уақ мал сатып алынды,- деді Жанар Нұрмұратқызы.
Ауыл әкімі сонымен бірге бюджет есебінен атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта жүргізілетін жобаларға тоқталды.
“Алаяқтардан сақ болыңыздар!”
Сөз кезегі аудандық соттың төрағасы Бабырхан Әбуевқа берілді. Сот төрағасы қоғамдағы проблемалар мен жаңа заң талаптарын қысқаша түсіндіріп өтті.
-Бүгінгі қоғамдағы басты проблемалар қазақы болмысымыздан айырылып бара жатқандығымыздан бастау алады. Ұят, сөзге тоқтау, үлкенді сыйлау деген адами құндылықтарымыз төмендеп барады.
Қай жерде ауызбіршілік бар сол жерде мәселелер өз кезегімен, сәтімен шешімін табуда. Ал, қай жерде ауызбіршілік жоқ, ол жерде жүйелі, толымды тірлік те жоқ. Ауылдық округтегі жұмыстарыңыз үшін Сіздерге үлкен алғысымды білдіремін.
Соңғы жылдары неке бұзу деректері көбейіп кетті. Мәселен, 2021 жылы аудандық сотқа неке бұзуға 109 өтініш түссе, 2022 жылы 138 өтініш түсіп отыр. Алайда біз аудандық Билер кеңесі, ардагерлер, Аналар кеңесімен бірлесіп жұмыс істеудің нәтижесінде 38 неке бұзылды. Алайда осы 38 отбасында қанша бала толық емес отбасында тәрбиеленеді?! Сондықтан ауыл имамы, ардагерлер ауылда жастар үйленгенде неке қию рәсімінде отбасы құндылықтары туралы түсіндіру, әңгімелесу жұмыстарын өткізгендеріңіз абзал.
Барлығымыз ауылда өстік. Ата-анамыз бала кезден еңбекке, спортқа баулыды. Еңбек адамды шынықтырады, төзімділікке, сабырлылыққа, шыдамдылыққа баулиды. Сондықтан бала тәрбиесіне қатты мән беру керек. Себебі, ұяда дұрыс тәрбие ала аламаған соң, ұядан ұшқанда оның барлығы балаға таяқ болады.
Наурыз айынан бастап “ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы” заң күшіне енеді. Оның тиімді тұсы төлей алмай жүрген қомақты көлемдегі қарызыңыз болса, құтыласыз. Алдайда үш жыл есеп шотыңыз мемлекеттік кірістер басқармасында бақылауда болады. Екіншіден, бес жылға дейін несие ала алмайсыз. Сондықтан заңның екі жағын да білгендеріңіз жөн.
Жалпы, кез келген несие, қайтарымсыз грант мақсатты жұмсалуы керек. Себебі, барлығының сұрауы бар.
Келесі айтып өтетін жайт – қайтыс болу туралы куәлікті алу мәселесі. Өмір бар жерде өлім бар. Сондықтан кісі қайтыс болғанда полиция бөлімінің қызметкерлері келіп мәйітті сараптамадан өткізу керек жағдай орын алғанда оған қарсылық жасамай, бір өкіліңізді қосып жіберіп, тиісті талаптар бойынша жұмыс жүргізілуі керек. Мұндағы айтпағым кісі қайтыс болған соң әрі қарай оның мұрагерлігіне қатысты мәселелер қайтыс болу туралы куәлігіне байланысты болады. Сондықтан өзіңіз әуре-сарсаңға түспес үшін осындай жағдайлар орын алғанда түсіністікпен қараған дұрыс.
Сонымен бірге қазір каспий қосымшасы арқылы көптеген алаяқтықтар жасалуда. Мәселен, каспийдегі шотыңызға 30-40 немесе 100 мың теңге т.б көлемде қаржы түседі. Артынша бір адам хабарласып, шатасып сізге жіберіп қойғанын айтады. Сіз түсіністікпен оған қаржыны қайтарып бересіз. Аяғында ол алаяқтардың қандайда бір жолдармен сіздің атыңыздан алған несие болып шығады. Әлгі адамды таппай қаласыз, салдарынан несиені өзіңіз төлейсіз. Сондықтан өте сақ болуға шақырамын,- деді Бабырхан Әбуев.
Сөз кезегін алған аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақов та алдымен тұрғындарды алаяқтықтан сақ болуға шақырып, алаяқтыққа байланысты орын алған деректерден мысал келтірді.
-Соңғы жылдары алимент төлеушілердің қатары көбейіп келеді. Отбасын құрып, балалы болып, ажырасқан соң, алиментті төлеу – ер азаматтың міндеті. Өкінішке қарай, алимент төлеуден жалтарғысы келетіндер аз емес. Бұл мәселе бойынша ешқандай аяушылық жоқ. Сонымен бірге өмір болған соң түрлі жағдайлар болып жатады. Егер құқық бұзушылық орын алса, айыппұлды дер кезінде төлеу керек. Себебі, ол айыппұл бәрібір алдыңыздан шығып тұрады,- деді аудан прокуроры.
Аудандық газ мекемесінің басшысы Нұрлан Бейсеқұлов ауданда газдан улану деректері көбейгенін еске салып, газдан уланудың алдын алу шараларын түсіндірді.
“Мемлекет қолдауын барынша пайдалану керек”
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауылдық округте атқарылған жұмыстар аз емес екенін айта келіп, атқарылар шаруа одан да көп екенін жеткізді.
-Ауданды, елді мекендерді дамыту бойынша 2021-2025 жылдарға арналған жоспар бар. Жоспар екі бағыттан тұрады. Оның бірінші бағыты – бюджеттік инвестициялық, екіншісі аграрлық және өндірістік бағыттан тұрады. Бірінші бағыт ол бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай орындалады. Ауылда, ауданда жеке кәсіпкерлік дамымайынша бірінші бағыт алға баспайды. Себебі, бюджет қаржысы негізінен кәсіпкерлік саладан жиналған салық түсімдеріне байланысты. Сондықтан барлықтарыңызды бірінші бағытты дамытуға атсалысуға шақырамын. Ол үшін мемлекет қолдауын барынша пайдалану керек.
Мемлекет қолдауының бірі – тұрғындардың табысын арттыруға арналған пилоттық жоба. Жоба аясында ауылдықтар 2,5 пайызбен несие алып, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саланы дамытуда. Бұл жоба өзінің тиімділігін, өміршеңдігін дәлелдеді.
Жобаға кез келген еңбек етемін деген ауыл азаматы қатыса алады.
Ауылдықтардың жағдайын көтеруге арналған жоба бес бағыттан тұрады.
Бірінші – үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану. Яғни, үй іргесіндегі жерге бау-бақша өнімдерін егу, жылыжай салу.
Екінші – мал шаруашылығы, яғни ет, сүт бағытында жұмыс істеу.
Үшінші – кооператив құрып, шаруалар бірігу арқылы, техника, тұқым алуға, т.б көмек-қолдауларға қол жеткізе алады.
Төртінші – ауыл сыртындағы жерді игеру.
Бесінші – кәсіп ашу. Бесінші бағыт бойынша кәсіп ашу үшін бұрын 8 миллион теңгеге дейін қаржы берілсе, енді 23 миллионға дейін берілетін болады.
Ауылдық округте демеушілікпен қыруар жұмыс атқарылды. Бұл ауыл әкімінің ұйымдастырушылық қабілеті мен халықтың ауызбіршілігінің арқасы. Жалпы дінімізде де зекет беру, садақа беру деген бар. Сол себептен сауап іс жалғасын тапқаны дұрыс.
Өткен кездесулерде ауылдық округтегі жолдардың сапасы сын көтермейтіні туралы айтылған болатын. Биылғы жылы “Ауыл – Ел бесігі” жобасы аясында 177 миллион теңгеге төрт көшенің жолы жөнделеді.
Қарасаз ауылдық округі аудандағы төрт ірі елдімекеннің қатарына кіреді. Сондықтан ауылдан заман талабына сай спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Соңғы бір-екі жылда спорт кешені бой көтеретін болады.
Ауылдағы саябақтың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Аталған жұмыстар аяқталған соң қаржыға сұраныс беріледі. Алдағы уақытта саябаққа заманауи жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге басқа да жолдарды, жаяу жүргіншілер жолын жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіле береді.
Жалпы барлық жұмыс халықтың билікке деген сенімінің, ауызбіршіліктің арқасында ғана жүзеге асады,- деді аудан басшысы Жалғас Әлижанұлы.
“Үлгілі ауыл”, “Үлгілі көше”, “Үлгілі аула” байқауы ұйымдастырылса”
Сөз кезегін алған ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Нұртаза Омаров ауылдық округтегі атқарылған жұмыстарға халықтың атынан алғысын білдіріп, ауданда “Үлгілі ауыл”, “Үлгілі көше”, “Үлгілі аула” деген байқау ұйымдастырылса деген ұсынысын жеткізді.
Ал, ардагер Есімхан Сеңгірбаев Бірлік көшесі Қарасаз ауылындағы негізгі көше, аталған көшеден төрт ауылдық округтегі барлық көліктер жүретінін айтып, аудан әкімінен көше бойынан бес жерден жасанды жол кедіргісін қойып беруін сұранды. Сонымен бірге ауылдың кіре берісі мен шыға берісіне бейнебақылау камералары қойылса деген өтінішін білдірді.
Аудан әкімі тұрғындардың өтініш-пікірлері назарға алынатынын жеткізді.
***
Аудан басшысы ауылдық округ әкіміне сөгіс жариялады
Шақпақ ауылдық округінде өткен кездесуде ауылдық округтің әкімі Затыбек Пашенов баяндама жасады.
Аудандық сот төрағасы мен аудан прокурорының заңнамаларды түсіндіруі, аудандық газ шаруашылығы мекемесі басшысының тұрғындарды газдан уланудан сақтандыру туралы түсіндірмесінен кейін кезек ауыл тұрғындарының сұрақтарына берілді.
Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының тұрғыны Шарапат Рысқұлбекова ауылдағы жаяу жүргіншілерге арналған көпірлердің сын көтермейтінін, салдарынан ауыл тұрғындары, әсіресе оқушыларға ыңғайсыздық тудырып жатқанын, ауылға аялдама саламыз деп ауыл әкімі уәде беріп, алайда оның салынбай қалғанын, қолайсыз ауа райында аялдама ауыл тұрғындары үшін қажеттігі және ауыл көшелері қыс бойы қардан тазаланбағанын айтты.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауылдағы көшелерді күтіп ұстамағаны үшін ауылдық округ әкіміне сөгіс жарияланатынын айтты.
Аудан басшысының ауылдық округ әкіміне қолданған тәртіптік жазасы басқа басшыларға да сабақ болуы керек. Себебі, кез келген мемлекеттік қызметшінің жұмысқа деген немқұрайдылығы, халықпен қарым-қатынасы мемлекетіміздің дамуына өз әсерін тигізері сөзсіз.
Аудан әкімі Шақпақата ауылы тіректі ауыл қатарына кіретінін, сондықтан бұл ауылдан да спорт кешені салынатынын жеткізді. Биылғы жылы ауылдағы мәдениет үйіне қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетінін, үш көшені “Ауыл – Ел бесігі” бағдарламасы бойынша жөндеуді жоспарлап отырғанын айтып, “Ауыл аманаты” пилоттық жобасының тиімділігін түсіндірді.
-Өздеріңіздің өтініштеріңіз бойынша “Қазавтожол” мекемесінің басшысына хат жазу, байланысу арқылы Қарасаз, Шақпақата ауылдарына “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық дәлізінің бойынан осы екі ауылдық округтердің тұсына жарық жүргізу мекеменің биылғы инвестициялық жоспарына еніп отыр,- деді Жалғас Әлижанұлы. Бұл екі ауылдық округ тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген мәселесі. Сондықтан жоспардың сәтті жүзеге асуына тілектеспіз.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан басқа да сұрақтар қойылды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»