Basty bet

Алма бақты жайқалтқан Жұмабай бағбан

Үй іргесіндегі жер телімін тиімді пайдаланып отырған азаматтар бүгінде аз емес. Олардың бірі таңқурай, енді бірі құлпынай отырғызып, одан табыс тауып жатса, 25 соттық жерін бауға айналдырғандар да аз емес. Соның бірі Бақалы ауылының тұрғыны Жұмабай Сейітқұлов.

– Қарап отырсам, алма ағашының көп пайдасы бар екен. Баптай білсең жемісі қып-қызыл табыс екен өзінің. Ал бұған дейін шарбаққа картоп отырғызып, өнімін күзде жинап алатынмын. Оның өзінде картоп бір жыл жақсы өнім берсе, келесі жылы отырғызған тұқымды да ала алмай қалатынбыз. Әрбірден кейін оның күтімі де, жұмысы да көп. Түптеу, арам шөбін жұлу, одан қала берді каларада қоңызы сабағын жеп, түп салуына кедергі болатын. 25 соттық жерді пайдаланбай құр қарап отырамын ба, отбасыма табыс әкелсін, тым болмаса қыста тұтынатын жемісіміз болсын деген ниетпен алма көшеттерін отырғыздым, – дейді ол.
Осыдан сегіз жыл бұрын ол үй іргесіндегі жер теліміне Меркі ауданындағы бір тәлімбақтан 250 түп алма көшетін сатып алып келіп, отырғызады. Сол алма ағаштары 4-5 жылдан бері өнім беруде. «Шынын айтсам, алма ағаштарын отырғызу ойыма бірден келе қойған жоқ. Картоптан кейін шарбаққа жоңышқа сеуіп тастағанмын. Бұл идея қайдан келді дерсіз? Бірде Байзақ ауданының Ақбұлым ауылында тұратын жиен қарындасымның үйінде қонақта болдым. Бір сыртқа шыққанымда көршісінің шарбағына көзім түсіп кетті. Ол үйдің айналасы толы жеміс ағашы. Алма, алмұрт, өрік пен қара өрік, шарбағында бәрі самсып, жеміс салып тұр. Сұрастыра келіп, оның қыстық алмасын алып қалып, артығын базарға өткеріп, табыс тауып жүргенін білдім. Көршілері де базарға жүгірмей алманы осы үйден сатып алады екен. Неге маған да осылай істемеске деген ой келді» дейді Жұмабай.
Көктем туысымен ол іске кірісіп, арық тартып, шарбағын жеміс ағаштарын отырғызады. Қазір оның үй іргесіндегі жер телімінде 350 түп алманың он сұрпы жеміс салып тұр. «Картопқа қарағанда алманың жұмысы аз, суғарып, уақтылы дәрісін беріп, қарап тұрсаң, үшінші жылы-ақ өнім бере бастайды», дейді шаруа.
Алғашқы жылы 25 соттық бақтан 3-4 тонна өнім жинапты. Оны ұрасында сақтап, қысы бойы ауыл тұрғындарына арзан бағамен өткеріп келген. Осылайша үйіндегі жер телімінен аз уақытта пайда көрген Жұмабай бүгінде көрші-қолаңын, бір ауылды қызыл-сары, дәмі тіл үйірер, қыста жақсы сақталатын алмамен қамтып келеді. «Өнімнің көбін ауылдастар, ағайындар той-томалаққа, қонақ шақырғанда алады. Бағасы да жүйелі. Базар бағасынан 10-15 пайыз төмен береміз. Былтыр өнім көңілдегідей болмады, шамамен 2,5 тоннадай ғана алма жиналды. Биыл алма төгіліп тұр, 5-6 тонна болатын шығар. Жинауды бастап кеттім. Бірден ұраға салып жатырмын,- дейді Жұмабай Сейітқұлов.
Алманың да жауы аз емес. Биыл күн ыстық болғанға ма алмада құрт көп. Одан қала берді құс та тыныштық бермеуде. Қаптаған қара қарғалар да қайдан ұшып келетінін, аспанды жауып төніп келіп, қатарласа жемісін әзер көтеріп тұрған бұтағына қонып алып, алмасын бір шоқып, түсіріп тастайды. Жұмабай күнде жемісін қорып әлек. Құстарды үркіту үшін ол қытайдың жарылғыш пакетін қолданып жүр. Ара-тұра атып, үркіткен болады. Дәндеген құс та қайта айналып тыныштық бермейді екен.
Қазір өнімін жинау үстінде. Оған ұл-қыздары мен немерелері көмектесуде.
– Осы бақшаның арқасында үш ұл-қызымды үйлендірдім. Енді екі ұл-қызымды оқытып жатырмын. Еңбек етсең ғана мақсатқа жетесің. Ендігі мақсатым – Көкбастау ауылдық округінен бір гектар жер телімін алып, бақ салу, – дейді Жұмабай бағбан.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close