Basty bet
Қазақстандағы ислам діні
Ислам – Aлла Тағаланың Жəбірейіл періште арқылы сүйікті, әрі соңғы пайғамбары Мұхаммедке (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жіберген ең соңғы діні. Ол – адам баласына осы дүниеде және ақыретте бақытты өмір сүруге жетелейтін қағидалар жиынтығы. Ислам сөзінің түп-тамыры «салима», «юслиму», «ислам» яғни, бейбітшілік, аманшылық деген сөздерден бастау алады. Ол Алла тағаланың «Салам» деген көркем есімімен сабақтас. Ал шариғаттағы мағынасы – толық мойынсұну, Алланың алдында парыздарды орындау, одан басқа жалған құдайларға табынбау.
Қазіргі уақытта әлемде 1,5 миллиардқа жуық мұсылмандар өмір сүреді және жыл өте бұл көрсеткіш өсе түсуде. Еліміздің тарихы мен мәдениеті көптеген ғасырлар бойы Ислам дінімен тығыз байланыста дамып келеді.
Ислам – қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі болып табылады. Ислам діні – қазақ халқын мұсылмандық мәдениетке жақындастырып, ғылым-білімнің, әдебиеттің дамуына оң ықпалын тигізді. Исламның адамды жақсы істерге, ой тазалығына, қарапайымдылыққа, шыдамдылыққа тәрбиелеуі – қалың бұқара арасында бұл дін уағыздарының кең таралуына жағдай жасады.
Ислам діні қазақ жеріне VIII ғасырдан бастап ене бастады. Ислам алдымен, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу жеріне таралды. X ғасырда ислам діні Қарахан мемлекетінің ресми дініне айналды. Оңтүстікте жақсы дамыған қала мәдениеті мұсылманшылықтың орнығуына оңды ықпал етті.
Исламның түбегейлі орнығуына VIII ғасырдың ортасында, 751 жылы Тараз қаласының маңындағы мұсылман әскербасы Зияд ибн Салих пен қытай қолбасшысы Гао Сяньчжидің арасында болған Атлах шайқасында мұсылман әскері жеңіске жетіп, Жетісу мен Шығыс Түркістан жерлерінің азат етілуіне себеп болды. Мұсылман әскерінің бұл жеңісі Орта Азия жерінде ислам діні мен мәдениетінің қалыптасуына әкелді.
X ғасырдың аяғына қарай ислам Жетісу мен Сырдариядағы отырықшы халықтың басты дініне айналды. X ғасырдың басында Қараханид мемлекетінің негізін қалаушы Сатұқ мұсылмандықты қабылдады, ал оның ұлы Боғра-хан Һарун Мұса 960 жылы ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялады.
Оңтүстік Қазақстандағы көшпенді түркі халқының арасында исламды таратуда ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауи зор үлес қосты. Әмір Темірдің Ясауиге деген құрметінің белгісі ретінде XIV-XV ғасырларда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салынды. Қазіргі таңда бұл тарихи жәдігер тек Қазақстандағы ірі мұсылмандық сәулет ескерткіші ғана емес, сонымен қатар, әлемдік озық үлгілердің бірі болып саналады.
Қазақ хандығы құрылғаннан бастап мұсылмандық құқықтық нормалaрынa жүгінді. Бaрлық қaзaқ хaндaры, соның ішінде Керей мен Жәнібектен бaстап ең соңғы қaзaқ ханы Кенесары өздерінің шариғатқа жүгінетінін айтып кеткен. Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар кодексін қабылдауы исламды қоғамдық өмір мен заңдық тәжірибеде қолдануда айтарлықтай үлкен қадам болды. Осы құжатта көрсетілген әкімшілік, қылмыс және азаматтық құқық нормалары айтарлықтай дәрежеде шариғатқа жүгінген.
Кешегі кеңес кезеңінде елімізде саусақпен санарлықтай ғана мешіт болды. Онда да, саны бар, сапасы сын көтермейтін, күмбезі жоқ, не мұнарасыз мұңайған мешіттер еді көбісі. Ал бүгінімізге көз салсақ, елімізде Алланың жердегі үйі үш мыңға жуықтады. Жаратушы Жаббар иемізге деген сүйіспеншілікті арттырып, иманның дәмін сезіндіретін мешіттердің көбеюі көңіл қуантып, жүрекке жылу сыйлайды.
Бүгінде еліміз ұлттарды ұйыстырып, жұртшылықты жарастырған, бірлігі бекем мемлекетке айналды. Ислам дінінің көкжиегі кеңейді. Өңірлерде медреселер ашылып, білімнен шырақ жаққан жастарымыз көбейді. Алматының төрінен ілімнің орталығы болған Мысыр елі мен Қазақстанның ынтымақтастық қарым-қатынасының көзіндей болған «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті университеті есігін айқара ашты. Онда әлемге аты машһүр «әл-Азһар» университетінің танымы терең профессорлары, озық ойлы оқытушылары дәріс беріп келеді. Ал ілім қуған жастарымыз «Әл-Азһар» секілді тамыры терең білім ордаларында оқып, бүгінде олардың алдыңғы буыны тәуелсіз Қазақ елінде дін насихатына атсалысып, тер төгуде.
Мұнарасы менмұндалаға+н мешіттермен қатар, асыл дінді ардақтаған ақпараттық басылымдар да көбейді. Бұл күнде бұқара халықтың «тілі, құлағы һәм көзіне» айналған «Ислам және өркениет» газеті, «Иман» журналы мен өңірлердегі мешіттердің ресми сайттары бұқараны білім нәрімен сусындатуда. Қаншама баспа үйлері дәстүрлі дінімізді дәріптеген құнды кітаптар басып шығаруда.
Нұрлан ӘМІРБАЕВ,
ауданның бас имамы