Basty bet

Қазақ ұлттық медициналық университетінің филиалын ашу жоспарлануда

Сәрсенбі, 26 тамыз күні Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин бастап келген делегациясымен кездесті.
Бірлескен талқылау барысында Акушерлік және гинекология, педиатрия, кардиология, онкология сияқты негізгі мамандықтар бойынша резиденттерді даярлау үшін Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы базасында С.Асфендияров атындағы ҚҰМУ филиалын ашу туралы шешім қабылданды.
Өңір басшысы облыс орталығында резиденттерді даярлау кадр тапшылығы мәселесін шешуге көмектесетінін атап өтті. Ол мамандық бойынша көтерме жәрдемақы және бос жұмыс орындары ұсынылатын аудан ауылдарына қажетті медицина кадрларын даярлаудың маңыздылығына назар аудартты.
Ашығын айту керек, қазір жастар оңтүстік астанада университетті бітіргеннен кейін ауылдық жерлерге жұмысқа орналасуға құлықсыз.
Талғат Нұрғожин аталған бастаманы қолдайтынын білдіріп, университеттің Тараздағы филиалында жұмыс істеуге дайын оқытушылардың жеткілікті резерві бар екенін жеткізді. Бұдан бөлек, оқу орны жоғары курс студенттерін практикалық дағдыларды игеру үшін облыстық көпбейінді ауруханаға жібере алады.
Ынталандыру мақсатында жоғары оқу орны студенттер мен Жамбыл медицина қызметкерлеріне Электронды ғылыми кітапхананы пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, университет аймақтағы медицина қызметкерлерін Израиль, Литва, Кореяның жетекші университеттеріне біліктілігін арттыруға жіберуге дайын.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаевтың коронавирустық инфекцияның күтілетін екінші толқыны мен маусымдық тұмаудың таралуы кезеңінде медициналық ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамының облыс тұрғындарына тәулік бойы кеңес беру үшін call-орталығын ашу туралы бастамасы қолдау тапты. Сондай-ақ, университет біздің облысқа анестезиолог-реаниматолог дәрігерлерді жібермек.
Университет ректоры емдеу базасына барғаннан кейін ЖОО-ның инвестициялық бағдарламасы мен Тараз көпбейінді ауруханасында жоспарланған өзгерістермен танысты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар басты және ортақ мақсат – медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту және оның қолжетімділігін арттыру екенін атап өтіп, өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close