Basty bet

Қазақты әлемге танытқан Таутұлға

Сонау өткен ғасырдың 70-інші жылдардың бас кезі. Мен ол кезде Гагарин (қазіргі Түктібай) ауылындағы М.Әуезов атындағы сегіз жылдық мектепте ұстазбын. Күздің бір жайма-шуақ күнінде мектеп директоры Бекболат Жанысбаев ағай ұстаздарды шұғыл өз кабинетіне жинады да: «Жігіттер, қыздар бізге тексерушілер келе жатыр, тез қамданайық» деді.

Сөздің төркінін түсінген біздер, екі-үш жігіт, дереу дайындық қамына кірістік: біразымыз өзенге балыққа кеттік, орыс қыз-келіншектер үйлеріне үйрек-тауық дайындауға кетті. Түс қайта күткен тексерушілеріміз де келді. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Есіркеп Дауылбаев аға бас болып, облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі Жұмаділов, облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінің бас редакторы Баттал Жаңабаев ағалар келді.
Олар кластарды аралап көріп, ұстаздармен әңгіме өткізді. Соңында кісілерді Бекболат ағаның үйіне дастарқанға шақырдық. Есіркеп аға өзі өте әңгімешіл кісі еді. Сонда дастарқан басында «Жігіттер, мен сендерге Бауыржан ағам жайлы естелік айтып берейін, тыңдаңдар» деді.
– 1965 жыл. Мен ол кезде аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысымын, – деп сабақтады әрі қарай аға. – Алматыдан ауданға телефон шалынып, «Бауыржан Момышұлы Куба еліне бара жатыр, соның алдында елге Жуалыға тоқтап бір-екі күн демалып аттанады. Пойыздан күтіп алыңдар» деген хабар жетті.
Кешкісін бір топ аудан басшылары екі «УАЗ» мәшинесін перронға қойып, Баукең мен жеңгей екеуін күтіп алдық. Баукең қызулау екен, жеңгем екеуі тұрған «УАЗиктің» біріне отырды да, «айда, тарт Петровкаға» деді де, жүріп кетті. Біз бәріміз сол арада не істерімізді білмей тұрып қалдық. Сәлден соң үйді-үйге тарай бастадық. Жігіттер: «Әне, сенің ағаң сәлемімізді де дұрыс алмады» деп жігіттер маған тисе бастады.
Ертеңіне таңертеңмен Петровкадан сол кездегі Карл Маркс совхозының порторгы болып істейтін Баукеңнің інісі Әбілда Момынқұлов келіп, Баукеңнің бізді шақырып жатқанын айтты. Баукең дегенде не тұрыс, кешегі күтіп алған бір топ жігіт түгел бардық. Барсақ, Баукең шынтақтап шай ішіп отыр екен. Сәлемімізді жылы қабылдап, «Жігіттер маған ренжіп қалдыңдар ма? Кеше Алматыдан шығарда біраз сілтеп жіберіп едік, айып етпеңдер» деп бізден кешірім өтінді.
Сол күні бір мал сойып, Баукеңе қонағасын бердік. Жолына деп біраз ақша жинаған едік. Тамақтан кейін ақшаны ауаткомның төрағасына сен бересің деп тапсырған едік. Ол Баукеңе: «алыс сапарға, мұхит асып, Куба еліне кетіп барасыз, мына азын-аулақ ақшаға жолда шай ішіңіз» деп алдына қойды.
Сол кезде Баукеңнің түрін көрсеңіз, ашуға булыққаны сонша, ақшаны алып, біздің бетімізге шашып кеп жібермесі бар ма! Ашуын баса алмаған күйінде «Мен сендерден жылу сұрап келдім бе? Алыс сапар алдында туып-өскен жеріме келіп, туған топырағыма аунап, елімнің батасын алып аттанамын деп келіп ем!» деді. Жеңгейге: «Жинал, шабадандарды дайында, киін!» деді.
Сөйтті де келесі бөлмеге кіріп кетті. Істеген ісімізге өкініп, жерге кірерге тесік таппай біз тұрмыз. Бір уақытта ағамыз үстінде құндыз ішік, басында құндыз бөрік киген, жеңгеміз қазақи үлгіде киініп шықты. «Міне, Кубада мен қазақты дәл осылай таныстырамын» деп қайта кіріп кетті. Біршама уақыттан кейін қайта шыққан Баукеңнің үстінде полковник шеніндегі әскери киімі, жеңгей соңғы еуропалық үлгіде киініп, қайта шықты. Бәріміз де таң-тамаша болдық.
Біз Баукеңнен жасаған ісіміз үшін кешірім сұрадық. Ертеңіне Баукең жеңгей екеуі Мәскеуге жүріп кетті. Мәскеуден Бостандық аралы – Кубаға жалғыз аттаныпты. Жеңгейді өткізбепті,- деп әңгімесін аяқтаған Есіркеп бізге қарады.
Есіркеп ағай ауданда білдей бір саланың басшысы болып, абырой-атағы бір басынан жетіп артылып тұрса да, еш менменсуді білмейтін, өте кішіпейіл жан еді. Адамдарды шен-шекпені бар, үлкен-жас деп бөлмей, бәріне бірдей қарайтын. Әсіресе, жастарға деген ықыласы ерекше еді. Әңгіме айтқанда да, майын тамызып, көркемдеп айтушы еді.
Баукеңнің Кубаға сапары туралы оқырман жақсы біледі ғой. Ол Баукеңнің «Куба әсерлері» атты хикаятында жазылды.
1969 жылы Кубаға мен де бардым. Мен ол кезде Солтүстік әскери теңіз флотында Отан алдындағы борышымды өтеп жүр едім. Тамыз айында кемеде ойламаған жағдай болды. Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бізді жеке-жеке тексере бастады. Кейін білдік, біздің кеме әскери кемелердің құрамында достық сапармен Куба еліне баратын болыпты.
Кубаға біздің Солтүстік әскери теңіз флотынан үш кеме, Қара теңіз флотынан екі кеме, Балтық теңізінен азық-түлікпен қамтамасыз ететін екі азаматтық кеме баратын болды. Біздің кемеден біраз матростар қауіпсіздік комитетінің тексеруінен өтпей, жағада қалды. Олардың көбісі батыс Украинаның жігіттері еді. Біз Кубаның Тәуелсіздік күні қарсаңында, 26 тамызда ел астанасы – Гаванаға кірдік.
Біздің кемелерді Кубаға «Грозный» крейсері бастап кірді. Екі жақтан біздің құрметімізге қамал зеңбіректері атылды. Содан соң «Грозный крейсерінен де зеңбіректен ұлттық салют атылды. Гаванада бізді Фидель Кастро бастаған мемлекет басшылары күтіп алды. Ол «Грозный» крейсерінде құттықтау сөзін сөйледі.
Ертеңіне қаланы аралауға шықтық. Кубаға жеткенше испан тілінен орыс тіліне аударатын сөздіктен күнделікті өмірде кездесетін керекті сөздерді жаттап келдік. Кубаның Тәуелсіздік күніне арналған марш орындалғаннан кейін кеңестік матростар орыстың «Катюша» әнін қатарда жүріп айтып өткенде, көшедегі халық қол соғып, ыстық ықыласпен қарсы алды.
Ол кезде Куба қазақ деген халықтың бар екенін де білмейді екен. Менен «сен жапонсың ба немесе қытайсың ба?» деп сұрай бастады. Қасымыздағы әскери аудармашыға қазақ деген ел барын, Бауыржан Момышұлы деген батыры бар екенін айтып беруін өтініп, сұрадым. Аудармашы өз тілінде түсіндірген кезде тұрған халық «Бауыржан», «Бауыржан» деп ұрандап кетті.
Менің айтпағым, Куба елі бірінші Баукеңді танып, сол арқылы қазақты таныды.
Биыл Баукеңнің туғанына 110 жыл толады. Жуалылықтар өз Батырының мерейтойын жақсы жетістіктермен атап өтеді деген ойдамын. Ер есімі – әрқашан ел есінде.

Сағындық ТОҚБЕРГЕНОВ,
аудандық билер кеңесінің төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close