Basty bet
ҮЕҰ жұмысы сапалы әрі нәтижелі болуы тиіс
Аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдарының өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті.
Отырыста төрт мәселе қаралды.
Бірінші аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде іске асырылған жобалар туралы бөлім басшысы Керімхан Төреқұлов баяндама жасады.
Баяндамашының айтуынша үстіміздегі жылы мүгедектердің жеке оңалту бағдарламасына сәйкес жеке көмекшілер мен ымдау тілі маманының қызметін көрсету бағдарламасы бойынша “Қоғамдық Тараз” корпоративтік қорымен келісімшарт жасалып, 99 мүгедекке қызмет көрсетілуде. Сонымен бірге ымдау тілі маманы естуінде кемісітігі бар 11 мүгедекке қызмет көрсетуде.
Сондай-ақ күндізгі жартылай стационарлық жағдайында 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауруымен ауыратын, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін де жоғарыда аталған корпоративтік қормен келісімшарт жасалып, 25-31 мүгедек балаға оңалту орталығы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуде.
Үйде әлеуметтік көмек көрсету бағдарламасы бойынша “Жуалы жан-жылуы” корпоративтік қорымен келісімшарт жасалып, бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі 36 балаға үй жағдайында сегіз әлеуметтік қызметкер қызмет көрсетуде.
Ал мүгедектерге инватакси қызметін көрсету бойынша “Шапағат” корпоративтік қорымен келісімшарт жасалып, 107 мүгедек жанға қызмет көрсетуде.
Кеңес мүшесі Зейнеп Дәуренова: “Мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсететін мамандар ауданда жеткілікті ме? Арнайы мамандар жұмысының нәтижесі қандай?” деген сауалын жолдады.
Кеңес төрағасы Ернұр Маратұлы жауапты басшылар, мамандар бұл сұрақты басты назарға алып, келесі отырыста ескерілуін тапсырды.
Келесі кезекте аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде іске асырылған жобалар туралы бөлім басшысы Марат Нарымбеков, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде іске асырылған жобалар туралы орталық директоры Зиядхан Бүрлібаев, “Жастар ресурстық орталығы” бойынша орталық директорының орынбасары Алмас Жолдасов баяндама жасады.
Кеңес отырысын қорытындылаған Ернұр Маратұлы үкімет тарапынан бөлінген қаражат мақсатты жұмсалуы әрі атқарылған жұмыс сапалы болуы керектігіне ерекше тоқталды. Сонымен бірге орын алған кемшіліктерден сабақ алып, жұмыс жоспарлы, ең бастысы нәтижелі болуына баса назар аудару керектігін тапсырды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»