Basty bet
Әріптестеріне еңбегімен үлгі бола білген
Мақсат Қанатбек ауданның орталығы Б.Момышұлында туған. Осындағы №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясында білім алып, 2007 жылы Алматы қаласындағы көлік және коммуникация колледжіне оқуға түсіп, оны 2011 жылы аяқтаған. Екі жылдай теміржол саласында өз мамандығымен жұмыс жасай жүріп, мал дәрігері мамандығын игеруге бел байлайды. Содан Түлкібас аграрлық колледжін ветеринария саласындағы мал дәрігері мамандығымен бітіріп, саладағы алғашқы еңбек жолын Мыңбұлақ ауылдық округінде санитар болып бастайды. 2017 жылдан ветеринариялық фельдшер болып жұмысын жалғастыруда. Одан кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде сырттай оқи жүріп, кәсіби білімін жетілдіруді де ұмытқан жоқ.
Ауру малды нақты әрі дұрыс тани білу керек, диагнозын анықтап, ем жасаудың маңызы зор. Одан бөлек, төрт түлікке егілетін екпелердің уақытылы салынуы да үлкен рөл атқарады. Нәтижесінде жұқпалы дерттің алдын алу оңай болады. Ал мал дәрігері маманының өзі де санитарлық талаптарды қатаң сақтап, техника қауіпсіздігін барынша ескергенде ғана жұқпалы дерттен аулақ болады.
Мал дәрігерінің айтуынша, Мыңбұлақ ауылдық округінде жалпы мүйізді ірі қараның саны – 2 500 басты құраса, ұсақ мал – 1 1000 бас, жылқының 800 басы тіркелген. Оның барлығының уақтылы екпе алуы жауапты мамандардың өз міндеттерін сапалы атқаруын ветпункттің меңгерушісі үнемі қадағалауда ұстайды. Маманның сөзінше, жұмыстың ең қиын кезеңі – мал төлдету науқаны кезінде және шұғыл жағдайдағы ота жасау. Төрт түлікке де жанашырлықпен мейіріммен қараған дұрыс деп есептейді.
Ал осындай машақаты көп әрі жауапкершілігі мол міндетті атқарғаны үшін мал дәрігерлеріне төленетін жалақының мөлшеріне келсек, ветеринар мамандардың айлық жалақысы 2023 жылдан бастап 200 мыңға дейін көбейгені олардың жұмысқа деген құлшынысын арттыра түскендей. Қазіргі таңда ауылдық аймақтарға келіп жұмыс істеймін деген санитар дәрігелерге төленетін жалақы мөлшері 120 мың теңге болса, фельдшер мамандарға 130 мың теңгенің көлемінде ақы төленеді. Ал жоғары және орта оқу орындарын бітіріп келген жас мамандарға алғашқыда тәжірибе жинақтау үшін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен еңбек жолын бастауға мемлекет тарапынан мүмкіндіктер жасалуда. Әйтсе де, ветеринария саласында кадр тапшылығының бар екені жасырын емес. Өз жұмысын сүйіп орындайтын ветеринар дәрігер мамандарға қоғам тарапынан сый-құрмет көрсетілсе, бұл мамандықтарды таңдаушы азамататр саны әлдеқайда арта түсер еді.
Мақсат Қанатбек 2016 жылдан бері ауданның ветеринария саласында тер төгіп, жемісті жұмыс жасап жүрген білікті маманның бірі. Жас маман алғашқыда «Диполоммен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасымен тұрғын үй алуға қол жеткізіп және біржолғы көтермеақыға ие болды. Мемлекеттің қамқорлығын сезінген жас маман міне содан бері өзінің туып-өскен өңірінің тыныс-тіршілігін танып, табиғатын, оның ішінде төрт түліктің түрлі ауру-сырқаудан аман болып, көбеюіне өз үлесін қосып келеді. Ол көптің алғысына бөленіп жүрген еңбекқор жастардың қатарынан.
– Ветеринар дәрігер мамандығын меңгеріп, сол арқылы ауыл шаруашылығындағы мал шаруашылығын дамытуды алдыма мақсат етіп қойғанмын. Ауыл халқының негізгі күнкөріс және табыс көзі негізінен атакәсіптің дамуына тікелей байланысты. Бұл ретте жанның амандығымен бірге малдың да амандығын сұрайтын халқымыз үшін мал дәрігері мамандығының маңызы ерекше. Мұның ішінде, малдың басын көбейтуге және төрт түлікті асылдандыруға, одан бөлек, атакәсіпті дамыту үшін жастарға жеңілдетілген несиелер бөлініп, жылдан-жылға мемлекеттен барынша жеңілдіктердің жасалып отырғаны көңіл қуантады,- дейді жас маман Мақсат Қанатбек.
Мамандығын мақтаныш ететін әрі осы саланың жұмысына берілген білікті жас маман өзінің замандастарын да мемлекет тарапынан жасалып отырған осындай жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақыратынын жеткізді.
Ветеринария саласында өзінің әріптестеріне жақсы жағынан үлгі болып жүрген Мақсат Есенғалиұлы отбасында жұбайы Гүлқазына екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Бір ұяда бірге өскен бес баланың тұңғышы Мақсат бала кезінен өзіне сеніп тапсырылған іске жауапкершілікпен қарауды қоғам алдындағы азаматтық борышым деп есептейді.
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»