Basty bet
«Біздің ауылда үлкендердің барлығын көке дейді…»
ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, белгілі эстрада режиссері, «Құрмет» орденінің иегері Глазбай АЛШЫНБАЕВ туралы сыр.
Бұл бұдан аттай 13 жыл бұрын өткен оқиға еді…
Глазбай ағам аяқ астынан 60-қа толатын болды.
«Аяқ-астынан» деуімнің себебі, өзін дәріптеуден ылғи да бойын шет алып қашқақтап жүретін, ауқымы кең, мәртебесі зор қызметін еш бұлдамайтын, көрнекті эстрада режиссері, нағыз бабындағы өнер шебері атанған ағамыз әлденеше рет газетке, теледидарға сұхбат беруге қолқалағаным да бар. Үнемі «бас тартумен жүретін» мәдениет қайраткері дәл бүгін өзі «Еліміздің түкпір-түкпіріндегі әріптестерім «Егемен Қазақстанға» бір рет жарқ етіп шығып қойғаның жөн деп жатыр. Не қыламыз, бала?..» деп отыр. Қуанғаным – шебердің ежелгі райынан қайтқаны болды да, қаупім – «Егемен Қазақстанға» дейді, мен ол редакциядан қызмет ауыстырғалы арада бірнеше жыл өтіпті. Қалай болар екен?»
«Уәдені беріп қойып» жалма-жан байырғы Отаныма – «Егеменіме», ондағы атақты Ерағама (Ержұман Смайыл) телефон соқтым. Амандық-саулықтан соң бірден «Ераға, бүрсүгінгі нөмірге, 15 маусымға бір күшті сұхбатқа 300 жолдай орын беріңіз!..» деп бейне сол баяғы газетте жүргендегідей мақамға салып «талап» қоя, бастырмалаттым. Газеттің жеті атасының «майын ішкен» Ерағам емес пе, менің талабым әдепсіздеу тосын болғанымен кәсіби мәнерімнің шырқын бұзғысы келмеді-ау деймін: «Сонша жау шаптырдың… ол кім еді?» деді, әдеттегі самарқау мінезіне салып. «Глазбай… «Қазақконцерт» директорының орынбасары, атақты режиссер, Алматы мен облыс орталықтарында өтетін барлық салтанат-шерудің шеф-режиссері, өзіңіз де білесіз ғой!..» Жарықтық Ерағамның да оңай шағылатын жаңғақ еместігін менің замандас барша әріптесім білуі тиіс! «Қызықсыңдар-ей, жан алқымнан алып… бүрсүгінгі нөмірде орын жоқ. Басқа күнге болмаса…» «Ераға, ол кісіге уәде беріп қойып ем!..» «Болмайды. Қалай уәде беріп қоя саласыңдар осы?» «Бір ауылда туған ек… көкем еді» «Туған-туысқандарыңды тықпалағанды қойсаңдаршы!» «Ераға… бір ауылда тұратын үлкен кісілердің бәрі аға ғой, бәрі көке ғой…»
Ерағаң деген қамалды күшпен алып, дереу Глазбай көкемнен сұхбаттасуға құстай ұштым.
Сондағы сұхбат былай болып келетін еді.
Оқиғаны қызығы алда, оны төмендегі сұхбаттан соң баяндайын…
* * *
Cахнаның
сыртындағы адам
Глазбай Алшынбаев – қазақ өнерінде 500-ден астам концертті сахналап, соншама эстрадалық қойылымдар мен думанды ойын-сауықтарды кәсіби деңгейде көркемдеп, көрерменге ұсынған белгілі эстрада режиссері. Республикалық деңгейдегі мемлекеттік маңызды мерейтойлық шоу-қойылымдардың қай-қайсысында болсын көркемдеуші-көзі өткір Алшынбаев-шебердің режиссерлік қолтаңбасы бар. Оның есімін қазақ өнерінің алып тұлғасы – Халық әртісі Роза Бағланова апамыздан бастап бүгінгі эстрадамыздың ең жас шоғыр жұлдыздары – «Мз Артқа» дейінгі әртістер жылыұшырап ілтипат танытуының сыры да осында жатса керек. «Қазақ әуендері» АҚ (бұрынғы «Қазақконцерт» бірлестігі) президентінің ұзақ жылдардан бері табан аудармай орынбасары қызметін атқарып келетін Глазбай Алшынбаев бүгінде алпыстың асқарына шығыпты, шығармашылық еңбегіне 40 жыл толыпты.
–Сіздің өнерге келу жолыңыз да өзге әріптестеріңіз секілді – Республикалық эстрада-цирк студиясы, өнер институты, Мәскеудегі білім шаңырағы, «Қазақконцерт» бірлестігі… болып тізіліп кете беретін сияқты.
–Жо-оқ… әуел баста мен ауылдан аттанғанда астананың малдәрігерлік институтын көздеп шыққанмын. Сәду есімді туған ағам Алматыға арнайы келіп, жолдастарына мені шегелеп табыстап жатты… Бес минутсыз мал шаруашылығының маманы болуға дайын тұрғаныма қарамастан мен пақырдың жүрек қалауым да, көңілім де басқа жақта еді. Бала кезден ауыл сахнасының шаңын шығарғаным бар. Есіл-дертімнің биші болу екендігі ағайын-туған, ауылдастарыма мәлім еді. Соған қарамастан… осылайша «қатыгездіктің» құрбанына айналдым.
Әкелген бар құжатты қабылдау комиссиясына тапсырып, көңілі жайланған көкем Алматыда көп аялдамай ауылға қайтты. Сол күні-ақ бейтаныс шаһарды жаяу шарлап, сұрай-сұрай жүріп эстрада-цирк студиясының ғимаратын тауып алдым. Саған бұл әңгіме қызық емес шығар, сағыздай созып жіберген жоқпын ба?
–Меніңше, әңгімеміз енді қызып келе жатқан секілді, Глазбай аға. Көкесінің айтқанын екі етпеуге келісім берген 17 жасар ауыл баласының сондағы көңіл-күйін көз алдыма елестетіп отырмын.
– Айтпа, содан не керек… үлкен есіктен артымнан бейне бір ит қуып келе жатқандай екпіндей кіргенде, әлдекіммен соқтығыстым. Іле кері шегініп, бетім нарттай болып, сасқалақтағаным сонша, «Қабылдау комиссиясы қайда?» деппін ғой… Алғашында тіксініп қалғанымен, артынша, маған сабырмен жөн сілтеп, тіпті, қай мамандықты қалап келгеніме дейін тәтпіштеп сұраған инабатты сол жан… кейін оқуға түскен соң білдім, атақты Ахмет Жұбановтың өзі екен. «Жалындап тұрған бір жас жеткіншекке жол сілтеп жіберіп ем, сынақтарыңнан өтті ме?» дегенін де кейін естіп, ол кісімен кездескен сайын қарадай қысылатынмын. Ұшып-қонып жүріп, халқымыздың ардақты да асыл туған азаматынан бата алғанымды білмей қалыппын ғой…
–Содан бірден бишілер сыныбына қабылдандыңыз ба?
–Ауылдағы би «жұлдызы» Глазбай бірінші сынақта-ақ күллі комиссия мен болашақ бишілерді күлкіге қарқ қылды. Би сыныбына өңшең Алматының би үйірмелеріне бес жасынан қатысқан, кіл буынсыз қыздар келетінін мен қайдан білейін? Қара терге малшындым-ай!.. Бірақ, бар өнерімді ортаға салдым. Әйгілі Шара Жиенқұлова апам жып-жылы ғана жымиып қалың қыздың арасына ер балалардың ішінен жалғыз мені таңдап шәкірт етіп қабылдады. Ол – өмірімдегі ең бақытты күнім еді…
–Сіздің бұл шешіміңізді ауылдағы Сәду ағамыз қалай қабылдады?
–Ол кісінің мінезі тым қатқылдау болатын, әрі аудандық милиция бөлімінде қызмет атқаратын. Жамбасындағы үнемі салбырап жүретін пистолетін суырып алып, «Бишісі несі, ойбай… мен ол жүгермекті атып тастаймын!» деп, әбден ашуға басыпты. Амал қанша, анам мен ағайындарымның айтқанына құлақ асты. Мені атпады… Семестр арасындағы демалысқа барғанда апамның нан илейтін ұзын оқтауын арқама төсеп, екі қолымды артқа қайырып, бойымды тік ұстап тапжылмай бірнеше сағат бойы жататынмын. Осындай өнерімді байқап қалатын Сәду ағам «Қап, күйдірді-ау, мынау… ә» деп кенже інісінің қылығына кіжініп, шыдай алмай далаға шығып кететін. Ол кездері ағамның ондай көңіл-күйлері маған әсер етпейтін, себебі, би дегеніңіздің ерекше ілім екеніне көзім жете бастаған. Түу түкпірден Алматыға ат арылтып келген ауыл баласына нағыз биші болу үшін 24 сағат жаттығудың өзі аздық ететін. Жеңдім! Арманыма жеттім. Оқуды бітірген соң екі жылдай Шымкенттің облыстық филармониясында биші болдым… Бірақ, мен әлі де әртіс емес едім.
–Қызық екен, Глазбай аға, неге олай дедіңіз?
–1969 жылы Құрманғазы атындағы Өнер институтының актерлік факультетіне түсіп, алғашқы дәріс сабағы басталғанда Халық әртісі Хадиша Бөкеева апамыз осылай деген. Ол кісі: «Мына отырған бәрің бірдей әртіс болмайсыңдар. Бірақ, сол салада жүресіңдер» дегені әлі есімде. Алтынбек пен Тұңғышбай, Меруерт пен Кәдірбек шын мәнінде халық әртістері атанды. Ал мен… ұстаз-апамның айтқаны айдай келді, мен эстрада режиссері атандым. Алғашында өз бетімше талпынып жасаған «Алдаркөсе эстрадада», «Әлемде талай қызық бар» деген көлемді эстрадалық қойылымдарым сыншылар тарапынан жақсы баға алды. Сол мезеттен бастап режиссерлық қызметке бір жолата мойын бұрдым.
–Сонымен бала кезгі арман болған бидің қызуы жайына қалып ұмыт қалды… жастықтың буы-ау, сірә?!
–Жайына қалды деп айта алмаймын. Әлі күнге дейін сұраныс туып жатса, әлем халықтарына тән он-сан бидің түбін түсіремін (күлді)… Атақты киножұлдыз Джекки Чанның 17 жыл биші болғанын көпшілік біле ме екен? Үлкен өнерге бекзат өнер – би арқылы келдім десем артық айтпайтын шығармын. Ұлым Фархат – Есенгүл жеңгең екеуміздің жолымызды қуып, цирк әртісі атанды. Атағы дардай акробат. Өте күрделі трюктер жасайды. Менің бишілік өнерім біздің әулеттегі екінші ұрпаққа осылай жалғасты. Фархат көп жыл Америкада өнер көрсетті. Дүние жүзінде бармаған елі де, жері де жоқ. Екі ұл, бір қыздан 8 немереміз бар. Көбінің көзінен өнерге деген шынайы құштарлықты байқаймын. Ол да – бақыт!
–Өнер адамы, оның ішінде сахналық қойылымдар шебері ретінде сіздің де әлемде шарламаған жеріңіз жоқ шығар?
–«Жоқ» дей алмаймын. «Қазақконцерттің» арқасында Дүниежүзінің талай мемлекеттерін араладым. Қазақстанда тек қана теледидардан көретін Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Испаниядағы біздің әртістеріміздің бір қойылымында алғысын айтып, қолымды қысты. Мұндай тосын сәттер жадыңда мәңгі сақталады. Бірде Жапонияға мемлекеттік делегацияны ол кездегі Премьер-министріміз Даниял Ахметов бастап барды. Жаз айы еді, жапондықтарға көрсетілген қойылымнан соң Премьер-министр бізге ризашылығын білдірді. Біз Үкімет басшысын туған күнінмен құттықтадық. Сонда біздің Роза Рымбаева қарап тұрмай «Бүгін біздің режиссеріміздің де туған күні» демесі бар ма? Сөйтіп, Премьер-министрмен туған күнімді күллі делегация болып Күншығыс елінде атап өттік.
–Күншығыс елі есіңізде ұмытылмастай қалған екен ғой?!
–Одан да қызығын айтайын… Қолым қалт еткенде жалғыз өзім қала ішіндегі автобуспен серуендеп көргім келді. Көліктің есігі жабылып жолаушылар жайғасып, жүріп бердік. Заулап келеміз. Жан-жағыма таңдана қарап отырып, аңғармай қалған екем, қарсы алдыма көзім түскенде зәрем ұшты. Заулап келе жатқан автобустың жүргізушісі жоқ. Сондайлық жылдамдықпен келе жатып, қатарласқан көліктерді басып озғанда талып түсе жаздадым. Сөйтсем, мені есімнен тандырған – ғылымның жетістігі екен! Жапония ілімімен де, білімімен де Дүниежүзін мойындатқан ел ғой. Әйтсе де, осынау бір көрініс, менің көз алдымда мәңгіге қалып қойды. Компьютердің күшімен көлік жүргізудің ең озық тәсіліне өзім куә болдым. Шіркін, біздің ел де сол күнге жетер! Үмітіміз – жастарда!
–Сіздің есіміңіз… маған Қазақстанда ғана емес, Жер шарында да жалғыз әрі бірегей сияқты болады да тұрады?
–Неге Глазбай дейсің ғой? Біздің Аманкелді атындағы колхоздың ең озат комбайншысы, жалғыз орыс – Глазов бір трактормен екі комбайн сүйреп астық бастырғаны үшін «Ленин» орденін алған. Мен сол күні туыппын. Әкем еңбектес жолдасының құрметіне ырым жасап, атымды Глазбай қойыпты.
–Сахна мен стадиондағы немесе үлкен шаршы алаңдағы театрландырылған қойылымдардың ауқымы мен тынысы, көлемі жағынан өзіндік ерекшеліктері болатыны хақ. Осылардың қайсысында шаршайсыз, қайсысына көп күш жұмсап, жүйкеңіз жұқарады?
–Жүйкесі нашар адамдар қандай шаруада болмасын құр айқаймен «шаршап» қалып жатады. Мен ондай қасиеттерден құралақанмын. Қазақша айтқанда, кез келген істі ойнап-күліп жүріп атқарамын. Біздер – өнер адамдарымыз. Дегенмен де, соншама адамның басын құрап, ән мен би шашуын рет-ретімен мүлтіксіз көрерменге ұсынудың режиссерлік өз құпиясы, әжептәуір салмағы болады. Сахнаның сыртында жүргенмен де үнемі іске жауапты мемлекет адамдарының назарында тұрасың, әрі олар сәт сайын байланысқа шығып жатады. Жаныңды шүберекке түйетін баяғы партиялық-кеңестік кезеңдер артта қалған. Бірақ, жауапкершілік қашан да зор. Осы күнге дейін өз атыма бұл салада бір рет те сын естіп көрмеппін. Есесіне, талай «жұлдыздардың» жұлдыздарын жарқыраттым!
–Сондай ірілі іргелі қойылымдардың өзіңіз секілді режиссерлары көрерменге беймәлім, тіпті, аттары аталмайды, назардан тыс қалып қояды. Оған налитын кездер жоқ па?
–Жоқ. Қойылым – ол үлкен, мейлі, кіші болсын, әйтеуір, басы-қасында жүрген соң көрерменнің ойынан шыққанын сезесің ғой енді былай… көрермен қол шапалақтап, көңілді күліп отырады ғой… Сырттай бақылап тұрасың да, «үһ» дейсің! Режиссер үшін марапаттың да, мадақтың да ең зоры сол.
–Десе де, мемлекеттік марапаттардан да құр қалмаған шығарсыз?
–Шүкір, Президенттің «Құрмет Грамотасы», Қазақ КСР-нің мәдениет қайраткері мен ҚР Еңбегі сіңген қайраткері атақтарым режиссерлік еңбегімнің жемісі, бағасы деп санаймын. Алматыда, еліміздің басқа да облыс орталықтарында өтіп тұратын ірілі-ұсақты мереке күндері сахналанатын қойылымдарға шақыру үзбей түсіп тұрады. Аянбаймын, қол ұшын беріп келемін. Қарап отырар жайым жоқ…
–Әңгімеңізге рақмет, еңбегіңіз жансын, Глазбай аға!.
Алматы
P.S.:
Ераға!!! 15 маусым – 60 жас!
* * *
Сонымен, мақала діттеген күні жарыққа шықты.
Атақты эстрадалық қойымдардың режиссері өзіне арналған «Қазақконцерттегі» салтанатты жиын мен марапат-мадақтаудан соң, иықтағы мейрамханада дастарқан жайды. Тұңғышбай ағамыз курстасының тойын дүрілдетіп жүргізді. Шіркін, «Егемен Қазақстанның» беделі-ай, сөз сөйлеушілердің барлығы бірдей бүгінгі бас басылымды оқығанын айтып тамсанып жатты. Көкеміздің қуанышында шек жоқ. Атыраудан келген бір курстас-әріптесі «Ойпырмай, бүгінгі «Егеменді» оқымасақ, сенің атыңның қандай себепке байланысты қойылғанын білмей-ақ кететін екенбіз-ау!» деді. «Егемен», «Егемен…» елдің аузында тек қана «Егемен Қазақстан» газеті, қандай керемет! Автор ретінде менің де төбем көкке жетуі тиіс еді! Жоқ, мен қуана алмадым… Керісінше, Глазбай көкемнің көзіне түсе беруден қысылып отырдым! Не деп ақталмақпын!? Қалай деп түсіндіремін мұны?..
Мақаланың үтір-нүктесіне дейін менікі, мен өзім жаздым емес пе… бірақ, бүгінгі газеттегі мақаланың авторы – Мейрамбек Төлепбергенов! Таңертең газет қолға тиісімен таңданыста, алдымен редакциядағы мақала «авторына» телефон соқтым: «Оллаһи… мен білмеймін, Ерағам осылай деп сенің мақалаңа менің аты-жөнімді жазып жіберіпті!»
Ерағама «өкпелеп», телефон соқпай қойдым. Кейінгі жылдары сан кездескен сәтте, ол кісіні аға әріптес ретінде ерекше құрметтеуден шығар, сол бір авторы ауысқан мақала жайлы ұмытпағаныммен қазбалап сұрағанды жөнсіз санадым.
Жуалының түкпірінде жалғыз жайласқан Аманкелді атты (қазір Тәттібай Дүйсебайұлы) ауылда кіл бір атаның балалары – кіл көкелері мен інілері тұратынын… Алматының Талғарында туған Ерағам қайдан білді екен деп ойға бататынмын, кейде. Әлде, ол кісіге «Ераға… біздің ауылда үлкендердің барлығы көке ғой» деген әңгімем әсер етті ме екен? Білмеймін…
Әйтеуір, сол күні, алпысқа толған күні, Глазбай көкем шын қуанып жүрді! Мақаланың авторы кім екеніне де мән бермеген секілді ме, қайдам?!
Ал, мен…
Талғат СҮЙІНБАЙ,
ҚР Ақпарат саласының үздігі.
Суретті түсірген автор.