Basty bet
Қаптаған кір-қоңыстан қашан құтыламыз?!
қоқыстарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату ісі неге кешеуілдеуде?
Елімізде қоқыс полигондарының саны мен аумағы жыл санап артып келеді. Бейресми дерек көздеріне қарағанда, бүгінде онда қордаланған тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтарының көлемі 50 млрд тоннаны құрайды екен. Полигондардың саны мен аумағы артқанымен, оның тау болып үйілген қоқыс проблемасын шешпейтіні анық.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының мәліметтеріне қарағанда, бізде тұрмыстық қалдықтардың тек 10 пайызы ғана қайта өңделеді. Қоқысты іріктеуді игере алмай жатқан елдің бірі – біз. Оған бірнеше себеп бар: біріншіден, қажетті технологияның тапшылығы, екіншіден, экологияға тигізер залалын толық сезіне алмау, үшіншіден, тұрғындардың жауапсыздығы және т.т. болып кете береді.
«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының» бесінші басымдығында еліміздегі қоршаған ортаның жай-күйін жақсарту шаралары көзделген. Бағдарламада «қаржы бөлу қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға және энергия тиімділігін арттыруға арналған, оның ішінде қалдықтарды тиімді кәдеге жарату, атмосфералық ауаның жағдайын жақсартуға бағытталатын болады» деп атап көрсетілген. Бғдарлама аясында сондай-ақ коммуналдық шаруашылық саласында тұрғын үй қорын сақтау және қоқыс шығару, рұқсат етілмеген қоқыс тастау орындарын жою, иесіз объектілерді бұзу, қатты тұрмыстық қалдықтар мен мал қорымдары полигондарын жайластыру, жылыту жүйелерін жөндеу, балалардың аула ойын алаңдарын орнату, елді мекендерді абаттандыру және т .б. көптеген игілікті істер қолға алынады.
Осы аталған мәселелердің ішінде тұрмыстық қалдықтарды жинау, өңдеу, кәдеге жарату және жою шаралары қай өңірде болсын, аса маңызға ие болып отыр. Жеке тұрғын сектордан және өнеркәсіп объектілерінен жиналған қалдықтар әдетте, қоқыс полигондарына шығарылады.
Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбековтің айтуынша, ауданның барлық өңірлерінде қоқыс тастау орындары бар. Олар бастапқыда округ әкімдіктерінің теңгерімінде болған. Дегенмен, қазір заң талаптарына сай қоқыс полигондарын бөлімге қарасты «Жасыл Жуалы» МКК теңгеріміне беру, оңтайландыру үдерісі жүргізілуде. Осы мақсатта аудан орталығына жақын орналасқан Шақпақ, Қарасаз, Жетітөбе, Көкбастау, Мыңбұлақ ауылдық округтеріндегі қоқыс полигондарын рекультивациялық қордың құрылуына қарай біртіндеп жауып, осы өңірлерден шығарылған тұрмыстық қатты қалдықтарды Ақсай ауылдық округінің Қайрат мен Бауырджан Момышұлы ауылдары арасында орналасқан аудандық орталық қоқыс полигонына тастау қарастырылуда.
Мыңбұлақ ауылдық округіндегі қоқыс полигонының жай-күйімен танысуға Көлбасау ауылының үстіңгі жағында орын тепкен полигонға бардық. Жолай көк шалғынды алқапта бей-берекет шашылған қоқыс үйінділері көзге шалынбады, айналасы күтіп-бапталған, таза ұсталады. Аумағы 2,0 гектарды құрайтын қоқыс полигоны толығымен темір тормен қоршалған.
Округ әкімі Ғабит Үмбетәлиев жеке кәсіпкермен жасалған шартқа сай аптадағы белгіленген күні ауыл көшелерінен жиналған тұрмыстық қалдықтар осы полигонға тасталатынын айтады. Одан бөлек, екі ауылдың тұрғындары да ауласындағы қоқыстарды көліктерімен осында шығарады. Полигонның төңірегіндегі тазалыққа бір қоғамдық жұмысшы жауапты болып бекітілген.
Аудандағы тазалыққа жауапты мекеме – «Жасыл Жуалы» МКК директоры Бақытжан Сүлейменқұлов қоқысты кәдеге жарату үшін алдымен адамдар оны сұрыптауды үйренуі керек деп есептейді. «Шетелдерде қағаз, пластик, шыны және аралас қалдықтардың әрқайсысын бөлек жинайтын түрлі-түсті контейнерлер бар. Біз өткен жылдан бастап ауылдық округтер орталықтары мен ірі ауылдардың басты көшелеріне пластик құтылар мен бұйымдар, пайдаланылған қуат батареяларын жинайтын контейнерлер орната бастадық. Алайда, одан әр жерде шашылып жатқан пластик құтылардың саны азайған жоқ» дейді ол.
– Қазір екінің бірі полиэтилен қалталар пайдаланады. Кез келген дүкенде, сауда орталықтарында олар тегін беріледі. Тұрғындар дүкеннен не базарлардан келген бойда оларды тастай салады. Содан жел сәл үп етсе, бұл қалталар көкте қалықтап ұшып жүреді.
Әлемнің 40-қа жуық елінде мұндай пакеттерді өндіруге және қолдануға шектеу қойылған. Себебі, полиэтилен қалта 400 жылға дейін жер астында шірімей жатады. Демек, ол осынша уақыт табиғат пен аң-құсты улайды деген сөз. Сондықтан дамыған елдерде мұндай қалталарға әлдеқашан тыйым салынған. Әрине, қоқысты бей-беркет тастамау үшін тұрғындардың экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігін қалыптастыруымыз керек. Әйтпесе, «табиғатты аялаймыз» деу бос әурешілік, – дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің бас маманы Ғалымжан Қыдырбаев.
Бас маман департамент тарапынан облыс аудандарының экологиялық ахуалына тұрақты мониторинг жүргізіліп отыратынын, Жуалы және Байзақ аудандарының облыс аймақтары арасында қоқыс полигондары заңдастырылған және стихиялық қоқыс үйінділері аз өңір болып есептелетінін айтады.
Қоқыстарды кәдеге жарату ісінде шетелдік тәжірибеге жүгінуге әбден болар еді. Дамыған елдер тұрғындарды тұрақты жұмыспен ғана қамтымай, оны экономиканың қозғаушы күшіне айналдырған. Жапония, Кореяда күл-қоқыстың 50 пайыздан астамы, Германияда 65 пайызы, Дания, Норвегияда 90 пайызы, АҚШ-та 30 пайызы қайта өңделеді.
Әлем елдерінде қоқыс қалдықтарын сұрыптау және оны қайта өңдеу белгілі бір жүйеге түскен. Шетелдіктер оған құнды шикізат ретінде қарайды. Баламалы әрі арзан энергия көзін өндіріп қана қоймай, табиғатты күл-қоқыстан тазартуға көшкен. Ал біз әлі күнге дейін қоқыс полигондарын көбейтіп, оны қауіп-қатер мен ауру-сырқаудың ошағына айналдырудан басқа амал таппай отырмыз. Бұл ретте қоршаған ортаның қаншалықты ластанғанын өзіңіз елестете беріңіз.
Бұған дейін еліміздің бірнеше қаласында іске қосылған қоқыс өңдейтін зауыттардың гұмыры ұзаққа бармаған. Себебі, бізде қалдықты сұрыптау, жаңа өнімдер алу әлі күнге дейін табыс көзіне айналмай отыр. Егер елімізде қоқыс өңдейтін зауыттардың жұмысын мемлекет өзі қатаң қадағаласа, табиғаттың тынысы ашылып қоймай, талай адам жұмысқа тұрып, баламалы әрі арзан энергия көздері мен органикалық тыңайтқыштардың мол қорын жасауға мүмкіндік туар еді.
Экология департаментінің бас маманы Ғалымжан Қыдырбаев еліміздегі қоқыс өңдеу саласына шетелдік инвесторлар қызығушылық білдіріп отырғанын айтады. Алайда, олардың келіп-келмеуі уақыт еншісіндегі мәселе.
Р.S. Бізде күнбе-күн қоқыс қапшықтарына полиэтилен қалталарға салынған тамақ қалдықтары, жуындылар, қағаз, пластик, шыны ыдыстар аралас толассыз қоқыс тасталады. «Жаны ашымастың қасында, басың ауырмасын» дегендей, оның неге тасталып, қайда кетіп жатқанын бір сәт пайымдадық па?! Беті ашық-шашық жататын қоқыс қапшықтарынан ит-құс өз керегін ашып-шашып, ақтарып жатқаны. Өзге елдерде сұрыптау салу мәдениеті әлдеқашан қалыптасқан. Мәселен, Жапонияның бір тұрғыны қоқысты сұрыптап салмағаны және полицейлердің ескертуіне мойынұсынбағаны үшін сотталып кетеді. Әрине, қоқысқа бола сотталып кету біз үшін күлкілі болғанымен, тазалық пен табиғатты қорғауға қатты мән беретін жапон жұрты үшін бұл қалыпты жайт.
Ендеше, біздің де өркениетті жұрттың көшелі көргені мен парасатты пайымынан көп нәрсені үйренгеніміз абзал.
Абылайхан СӘРСЕН,
“Жаңа өмір”