Basty bet
“Япоша-Жуалы” – аудандағы нан үгіндісін шығаратын заманауи цех
айына 60-80 тоннаның көлемінде өнім өндіруде
Шақпақата ауылындағы “Япоша-Жуалы” нан үгіндісін жасайтын цех 2023 жылы наурыз айында ашылған болатын. Бүгінде оннан аса ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырған цех күніне 2-2,5 тоннадай өнім өндіреді. Өндірілген өнім еліміздің түкпір-түкпіріне сатылымға шығарылады және Өзбекстанға экспортталады.
Жалпы, бұл өнім суши, чикен, KFC, нагетсы, фастфуд, тағы да басқа қытырлақ тағамдар дайындауға қажет.
Цех иесі, жеке кәсіпкер Нұрбақыт Тілегенов алдағы уақытта цех жұмысының қуаттылығын арттырып, өнім көлемін көбейтіп, Ресейге экспорттауды жоспарлап отыр.
Жеке кәсіпкердің ауылдан мұндай цех ашуына Ресейден тасымалданатын нан үгіндісі бағасының тым қымбаттығы түрткі болыпты.
-Ресейден жапон тағамдарына қажетті өнімдерді тасымалдаумен айналыстым. Оның ішінде, нан үгіндісінің бағасы тым қымбат болды. Себебі, өнім Ресейге Малайзиядан тасымалданады. Сонымен ойлана келіп өнімнің өзіндік құнын төмендету мақсатында Алматы қаласынан цех ашуды жоспарладым. Тәжірибе ретінде біраз айналыстым. Бірақ, қалада өндіріс орнына инфрақұрылым тарту қымбатқа түседі әрі десе жұмыс күші де қымбат. Сол себептен ауылдан ашуды жөн көрдім. Жер алып, ғимарат соғып, ішін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттім.
Елімізден нан үгіндісін жасайтын цех ашуыма тағы бір себеп – елімізде газдың, электр энергиясының бағасы арзан, қажетті ауызсу бар, ең қажетті шикізат – ұнның бағасы тиімді әрі сапасы жақсы.
Мұнда иленген қамырды қоятын арба, ванна, қалыптар, сөрелер, пісіретін пеш, уататын станок бәрі де өзіміздің дәнекерлеу цехымызда жасалды. Тек кептіру станогын ғана Қытайдан сатып алдық,- дейді Нұрбақыт Тілегенов.
Жұмыс барысымен цех меңгерушісі Жарылқасын Байділдаев таныстырды.
-Нан үгіндісін жасауға еліміздің солтүстік аймағында өсірілген бидай ұнын пайдаланамыз. Қамыр арнайы станокта иленеді. Оған су, ашытқы, май, қант, тұз, қопсытқыш қосылады. Иленген қамырды ваннаға бір жарым сағатқа қоямыз. Одан кейін жұмысшы келіншектер қалыпқа бөліп-бөліп салып шығады. Қалыпта тағы бір сағаттай уақыт тұрады. Сосын пешке 15 минутқа қоямыз. Электронды пеште нан жартылай ғана піседі. Жартылай піскен нан сөреде 12 сағатқа тұрып дегдиді. Бабына келген нанды уатқыш станокқа салып уатып, кептіргіш станокта кептіріледі. Алайда біздің кептіргіш станогымыздың қуаты жеткіліксіз болғандықтан, үгітілген нанды жерге төсенішке жайып, қосымша кептіреміз. Жерде тағы да бес-алты сағат тұрады. Әбден кепкен соң арнайы тапсырыспен жасалған қағаз қаптарға салынады.
Жұмысшылар әрбір 15 күн сайын айлық жалақыларын алып отырады. Оларға күндігіне төленетін жалақысы 5-8 мың теңгенің аралығында,- дейді цех меңгерушісі.
Жеке кәсіпкер цех ашылғанда алғашқы алты айда сапасы көңіл толарлықтай болмай, шығындалып, әбден әбігерге түскенін айтады. Қазір тәжірибе жинап, жұмыс бір жүйеге түскен.
-Жақында серіктесім Еламан Пернешов екеуміз цехтың өнім көлемін арттыру мақсатында Қытайға бардық. Ондағы негізгі себеп – цехымыздағы кептіру жағының ақсап тұрғаны. Яғни, қытайдан шығарылған өнімнің технологиясын зерттеуге бардық. Олар әрине технологиясын бірден оңай көрсете қоймайды. Алайда амалын тауып, келісіп, ішкі өндіріс процесін бақылап, қажетті технологияларды алдық. Бізге қажетті кептіргіш станок бағасы, жолы, кеден бекетінен өткізу құнымен есептегенде 50 млн теңгеге айналады екен. Сондықтан қаржыны үнемдеу мақсатында қажетті материалдарын сатып алып, өзіміздің дәнекерлеу цехымызда жасауды шештік. Қазір осы жұмысты қолға алдық. Әзірге өзімізде бар материалдарды пайдаланудамыз. Табылмаған материалын Қытайдан алдыртатын боламыз. Алла қаласа, станок сәтті шықса, күніне 10 тонна өнім шығару мүмкіндігі туады. Сонымен бірге жұмысшылардың да саны артатын болады.
Ең бастысы, үгітілген нанның көлемін көбейтіп әрі сапасын бұдан да жоғары етіп дайындасақ, Рессейге айына кем дегенде 200 тонна өнім экспортқа жөнелту жоспарда бар. Себебі, нарықта бұл өнімге сұраныс өте жоғары.
Қазір айына 60-80 тонна өндірсек, оның айына 10-20 тоннасын Өзбекстанға экспорттаудамыз,- дейді Нұрбақыт Дүйсенұлы.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»