Basty bet

Соғылмаған соңғы қоңырау…

Көктемнің мамыражай мамыр айы бірлік күні мерекесімен бастау алатыны барашымызға белгілі. Осы ай келісімен адамдар шат-шадыман күйде болып, жаздың бір жылы лебі есетіндей көңілмен жүреді. Мұның бәрі мамыр айының жылулығында, мерекеге толы күндерінің әсерінен болар. Әсіресе, ұстаздар мен оқушылар 25 мамыр – соңғы қоңырау салтанатты кеші болатын күні толқулы сәтті бастан кешеді. Бұл күнді әрбір ата-ана, оқушылар, түлектер асыға күтеді.

25 мамыр. Бұл күні мектепке асыққан мектеп формасын тиянақты киген оқушы, қос бұрымына ақ бантигін тағып, қолындағы бір шоқ гүлін ұстазына беруге асыққан қызбала. Оқушыларын қимай, толқыған ұстаз. Баласының өмір белесінің бір табалдырығынан өткеніне қуанған ата-ана. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы отырған түлектер. Міне, соңғы қоңырау күні осы көріністер еріксіз еске түседі.
Дәл осы сәтте менің де көз алдыма сонау мектеп қабырғасындағы естен кетпес күндерім, толқыған кездерім келіп отыр. Ұстаздарымның айтқандарын құлағымызға құйып, салтанатты жиынға кешікпеуге тырысатынбыз. Сыныбымызда бәріміз күндегі тәртіппен емес, емін-еркін жиналып, жүзімізде балалықтың кіршіксіз таза күлкісі болатын. Мектеп бітіруші аға-әпкелеріміз бізге іздерін жалғайтынымызға үміт пен сенім артып, игі тілектерін білдіріп, мойнымызға соңғы қоңыраудың белгісін таққаны да естен кетпейді.
Сонымен бұл күні өмірдің жаңа баспалдағын аттаушы мектеп түлектері ұстаздарына алғысын білдіріп, көздеріне еріксіз жас алатыны да жасырын емес. 11 жыл қанаты қатпаған сарыауыз балапандардай «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» білім нәрімен сусындатып, тәрбие берген ұстаздарын қимай тұрғандары олардың дауыстарының дірілінен сезіледі. Өз балаларындай болып кеткен мұғалімдеріне де бұл оңайға түспейді. Ең әсерлі, ұмытылмас сәттер.
Ал, биылғы жылы әлемді жайлаған коронавирус індетіне байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланып, қалыпты өмірімізге бірқатар өзгерістер енді. Әсіресе, мектеп үшін. Қазір мектептегі оқушылар партасы қаңырап бос тұр. Шын мәнінде бұл індет көп нәрсенің қадірін білуге септігін тигізді деп ойлаймын. Мұғалім мен оқушы үшін мектеп қабырғасында білім беру мен алудан өзге тиімді жолы жоқ екенін түсіндірді. Уақыттың, еркіндіктің, мектеп пен мұғалімнің, шәкірттің қадірін білуге септігін тигізді.
Күні кеше ғана «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан соңғы қоңырау күні қашықтықтан онлайн түрде 1-10 сынып оқушылары аралығында өтетіндігін және мектеп түлектері ғана салтанатты жиынға қатыса алатындығы туралы хабар көрсетілді. Соңғы қоңырау күнін бұлай өткізуді білім ошағындағы ұстаздар мен оқушылар қалай қабылдады? Міне, осы мақсатта бірнеше мұғалім мен оқушыны әңгімеге тартып, ой-пікірлерін білген едік.
Элвира Сейітбекова, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия директорының бастауыш сынып бойынша оқу ісі жөніндегі орынбасары:
-«Елімізді пандемияның шеңгелінен құтқару – бәрімізге ортақ міндет. Мен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ» деп Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл кезең жұртшылыққа оңай тимегені анық. Кауіпті індет кең жайылып кетпеуі үшін мемлекет тарапынан аса қажетті шешім қабылданды. Білім беру мекемелері қашықтықтан оқыту форматына көшті. Білім алып жатқан оқушылар бүгінде аталған жаңа жүйеге үйреніп қалды. Мұғалімдер де, оқушылар да жаңа технологиялардың тілін меңгеріп, жетік біле түсті.
Биылғы оқу жылын 397 оқушы бастауыш сыныпты, 502 оқушы 5-9 сыныпты, 144 оқушы 10-11 сыныпты, жалпы 1043 оқушы аяқтайды. Мектепалды даярлық топтарында 75 оқушы бар. Мектеп түлектеріне 3 және 4 маусым күндері аттестация тапсырылады деп жоспарлануда.
Алда соңғы қоңырау мерекесі келе жатыр. Бұл мерекені жылдағыдай салтанатпен атап өтпейтініміз өкінішті-ақ. Алайда, тәртіпке бағынғанымыз дұрыс деп есептеймін. Мұғалімдер мен сынып жетекшілері оқушылармен, ата-аналармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соңғы қоңырауды онлайн жүйеде өткізуге дайындық үстінде. Әрине, мектеп қабырғасында өткізген соңғы қоңырау күніндей болмайды. Бірақ, балалар оқу жылын аяқтағандарын сезінулері керек. Ал, түлектерге аттестация тапсыру күні де өзгеше болайын деп отыр. Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, бұл шараны өткіземіз.
Талғат Қартқожаев, №5 М.Ломоносов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
-Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты білім саласында бірқатар өзгерістер орын алды. Сабақтар онлайн жүйеге көшіп, балалармен қашықтықтан жұмыс істеудеміз. Алайда, мектеп қабырғасында емін-еркін сабақ өтетін күндерін мұғалім де, оқушылар да сағынып жүргені сөзсіз. Бірақ баршамыз тәртіпке бағынуымыз керек. Сол себепті, мектептің мұғалімдері ата-аналармен және оқушылармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. 1-10 сынып аралығындағы оқушылармен соңғы қоңырауды онлайн жүйеде өткізу үшін дайындық үстінде. Жалпы биылғы жылы мектепті 813 оқушы аяқтайды. Оның ішінде 42 оқушы мектеп бітірушілер, 82 оқушы мектепалды даярлық тобында білім алды. Мектеп бітірушілерге куәліктерін тапсыру сәтіне 30 немесе 40 минут уақыт берілуде. Оған тек ата-аналар мен түлектер ғана қатастырылатын болады. Бұл жайттарға ата-ана да, бала да түсіністік танытуда. Ең бастысы, халқымыздың денінің саулығы мен амандығын ескеріп отыр.
Жадыра Қуантай, №2 Мыңбұлақ орта мектебінің 11 сынып оқушысы, жас түлек:
– Әрбір мектеп бітіруші жас түлек үшін 25 мамыр – соңғы қоңырау мерекесі өте маңызды күн. Себебі, балалық шағымызға, мектеп партасына тарыдай болып қайта орала алмаймыз. Яғни, сол бір тәтті балғын күндерді артқа тастап, өмірдің жаңа баспалдағына қадам басқалы отырмыз. Ең бірінші қолымызға әліппе ұстап, әріп танып, жанымызға жақын дос тауып, ең бірінші кім екенімізді таныған сәттерімізді, білім мен тәрбие берген ардақты ұстаздарымызды қимаймыз.
Биылғы жылы біз үшін өзгеше жыл. Себебі, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты көптеген өзгерістер болды. Алға қойған жоспарларымыз, оқу жылының үшінші тоқсанында мектепке қайта ораламыз деген үмітіміз бар еді. Дәл осылай мектеппен қоштасамыз деген ой болмапты. Балалығымыздың мектеп қабырғасындағы соңғы күндерін естен кетпестей етіп өткізуді армандадық.
Бізді алда талай қызықты күндер, сәттер күтіп тұр. Мұнымен біздің өміріміз тоқтап қалмайды. Жас түлектердің тілегін ескеріп, соңғы қоңырауда аттестат алуымызға, бір-бірімізге тілек айтуымызға мүмкіндік бергені үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысым шексіз. Ал, біз үшін еліміздің амандығы, жұртымыздың тыныштығы ең үлкен бақыт.
Иә, еліміздің амандығы – ең басты байлығымыз. «Басқа түссе баспақшыл» демекші, осы бір қиын кезеңдердерді жеңіп, келесі оқу жылында соңғы қоңырау мектептердің қабырғасында салтанатты жиында сыңғырлап қоңырау соғылатынына біз де сенеміз.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close