Basty bet
Ғұламаның педагогикалық ой-пікірлері
Әл-Фараби ілімі Шығыс халықтарының педагогикалық ой-пікірінің пайда болуына, дамуына және қалыптасуына революциялық төңкеріс жасады. Педагогикалық тәлім-тәрбиенің дамуында сапа жағынан жаңа кезең ашқан – халықтық педагогиканың негізін қалады. Әл-Фараби түсінігінде, ұстаз да қала басшысы сияқты ел жетекші, халық қадірлісі.
Ұстаз өз шәкірттерінен адалдық, сыпайылық, ізгілік, әділдік сияқты қасиеттерді көргісі келсе, онда оның өзінде де осы қасиеттер болу қажет. «Мұғалімдік» (ұстаздық) еткен адамның өлшеуі тым өкпелі болмасын және тым асыра босаңсытқан төмендікпен де болмасын. Егер тым қатты үнемі ызғармен болса, онда оқушылар мұғалімді жек көретін хәлге жетеді. Егер тым босатып жіберген кішіпейілдік болса, онда оқушылар жағынан мұғалімдерді кем санау, оның ғылымына жалқау қарау қаупі тұрады» деп жазды өзінің «Философияны үйрену үшін алдын ала не қажет?» деген еңбегінде.
Әбу Насыр Әл-Фараби ең әуелі ұстаз, ағартушы, оның бүкіл философиялық ізденістері мен пайымдаулары адамды барынша кемелдендіру, дамыту мақсатына арналған. Ол-адамдарды шынайы бақытқа жеткізу жолдарын табуды мұрат тұтады. Ұстаздың айтуы бойынша адам ғылым, философия, тәрбие арқылы кемелдікке жетеді
Фарабидің пайымдауы бойынша оқу – философия негіздерін, теориялық білімдерді игеру, ал тәрбие – ол мұғалімнің, тәлімгердің, адамға белгілі бір адамгершілік, кұлық қалыптарын және практикалық өнерді игеру дағдыларын қалыптастыру бағытындағы іс-әрекеті, ол шәкірттерге белгілі бір оң қасиетті, сапаны дарыту үшін қалай болса солай емес, белгілі бір мақсатты көздеген, саналы тәрбие жұмысына басты мән береді. Ғұлама тәрбие кезінде тәрбиеленушінің ерекшелігін ескеріп, әрбіріне жеке әдіспен дара қатынас жасауды талап етеді.
Ұстаздың пікірінше, оқу, білім алу, ғылым адамы болу, адамгершілік және тәрбие мәселелерімен тығыз байланысты. Мәселен, «Философияны үйрену үшін алдын ала не қажет?» деген еңбегінде бірінші алғышарт ретінде жан тазалығын, ар тазалығын қойған. Адам өмірі үшін, әсіресе ұстаздарға бұл құралдың қажеттігі түсінікті. Ұстаздың негізгі мақсаты – өз шәкіртіне білім беріп, ізгілікті мінез-кұлыққа тәрбиелеу деп білсек, сол тиянақты білім, ізгілік ұстаздың өз бойында болуы шарт. Егер де өзінің бойында кездеспейтін болса, онда логика саласында надан деп есептелініп, қайсыбір мәселеде кімдікі жөн екенін, оның қалайша жөн екенін ажырата алмайды. Бұл жағдай ұстаз бойында кездесетін болса, сөзсіз оның беделін түсіріп, өз шәкірттерінің мінез-құлық, іс-әрекеттеріне дұрыс баға бере алмағандықтан, олардың арасында түсінбеушілік, кейде бір-біріне деген дөрекілік жүрген жерде әрине, логика, парасаттылық туралы дұрыс түсінік болуы мүмкін емес. Сол себепті шәкірттің ой-талғамын жетілдіру, оның іс-әрекет жасауына көмектесу – ұстаз парызы.
Этиканы ол, ең алдымен, жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөнінде тұжырымдамаларында жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады. Ғұламаның этикалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол адам баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы, сондықтан да оны құрметтеу, қастерлеу керек деп түсінеді. Әл-Фараби жасаған қорытындының басты түйіні – білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде.
Әл-Фараби тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің теориясы ғылымға негізделуі қажет деп санады. Ол ғылымды тарихи үрдіс деп түсініп, ғылым жүйелі түрде құрылған білімнің жоғарғы формасы деген анықтама берген. Фараби өмір сүрген дәуірде педагогика ұғымы болмағаны белгілі. Алайда ол оқу-ағарту мен тәрбие туралы, еңбек мәдениеті туралы ілім жасады. «Еңбектің өзі – өнер. Ал еңбек тәрбиесі сол өнерден туындайды, әрбір адамды еңбекке баулиды, еңбек шеберлігіне үйретеді. Олардың еңбек ету дағдысын қалыптастырады», – деген болатын Фараби. Ол еңбек өмір сүрудің негізі, адамзат тіршілігінің мәңгілік, табиғи шарты деп қарастырды. Педагогикалық тұрғыда қарастырсақ, бұл тұжырым – «оқушыларға саналы тәртіп, сапалы білім беру, пайдалы қоғамдық еңбекке баулу» деген сөз. Фараби еңбек тәрбиесінің теориясын жасауда еркін еңбектің адамның жан-жақты дамуы үшін маңызы зор екенін атап көрсетеді.
Фараби «еңбек ету, сапалы болу, адамгершілік, ақылдылық табиғаттан туындауы қажет» деген ғылыми тұжырым жасады. Фараби адамды табиғат, адам, жер бетіндегі тірі организмдер дамуының ең жоғары сатысына көтерілген, еңбек құралдарын жасап, оларды өз қажетіне жарата білген, түсінікті сөз сөйлей білетін саналы ортаның мүшесі дейді. Адам туралы материалистік бағытты ұсынған Фараби адам еңбек ету нәтижесінде жоғары сатыға көтерілетінін алға тартады.
Педагогиканың мақсаты, мұраты туралы Фараби ұсынған гуманистік идеялар мен қорытындылар адам өмірінің қазіргі кезеңінде де ағартушылықтың маңызды тіректерінің бірі болып отыр. Біздің міндетіміз — бақытты адам тәрбиелеу. Бақыт материалдық жөне рухани игіліктерді өзімшілдік мақсатта тұтынуда адамзат мұраттары мен кұштарлықтарынан тыс та оқшау өзіне ғана тән жан рахатын беретін кішкене дүние жасауда емес. Азаматтың бақыты — асқақ та биік мақсат — жаңа өмір жолында жасампаз рухани күштердің гүлденуін терең сезінуде.
Кемеңгер ұлы ғалым ұстаз туралы былай деген екен: “Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны жақындарына да жай адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақындық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек». Расында да, жасампаздыққа жаны құмар, өнер мен білімге құштар, болып жатқан құбылыстарға саналы түрде әділ баға бере алатын педагог – бүгінгі қоғамның мұқтажы, сұранысы, қажеттілігі.
Дайындаған Айгүл Аманқұл,
«Jańa ómir»