Basty bet
Тәуелсіздік – бабалар мұраты
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай ауыл күні Көкбастау ауылдық округінде өтті. Округке қарасты Көктөбе ауылындағы Көктөбе ауылдық клубы және ауылдық кітапханасының алдында өткен жиынға аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев және ауыл тұрғындары қатысты.
Меркелік шарада жәрмеңке ұйымдастырылып, онда ауылдағы сүт өнімдері, қазақтың ұлттық сусыны қымыз және дәнді дақылдар сатылымға қойылды.
Кітапхананың ауласына кіре берістің оң жағына ауылдан шыққан атақты тұлғалардың қызметтері қоса жазылған суреттері ілінген. Одан әріректе ауыл келіндері қазан-ошаққа бауырсақ пісіріп, енді бірі кептірілген тезекке тәбенше нан жауып отырды. Сондай-ақ самаурынның шайы да бұрқырап қайнап жатты.
Дәл осы кезде аулада ауыл жастары арқан тартыс, асық ойындарынан жарысқа түсті.
Сейітхан Жұмашев және ауыл ақсақалдары, қаз-қатар тізілген қолөнер шеберлерінің бұйымдарымен және ат әбзелдерімен танысып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Бұдан соң, қатысушылар ауылдық кітапхананың ішіне еніп, кітап көрмесіне шолу жасады. Мұнда Тәуелсіздікке байланысты кітап көрмесі қойылыпты және кітаптардан «30 жыл» деп жазылып, «Бәйтеректің» макеті жасалғаны ерекше назар аудартты.
Әрі қарай ауыл тұрғындары ауылдық клубта «Тәуелсіздік – бабалар мұраты» атты концерттік бағдарламаны тамашалады.
Концерттік бағдарлама қазақ биімен ашылды. Алдымен сөз алған ауылдық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Аманәлі Қатымханов және зейнеткер ұстаз Алтай Момынәлиева қатысушыларды мерейлі мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Сонымен қатар жиында ауыл әкімі Ержан Серкебаев сөз алып, ауылдың гүлденуі жолында талмай еңбек еткен бірқатар азаматтарды Алғысхаттармен марапаттап, гүл шоқтарын және сыйлықтарын табыстады. Сондай-ақ, көпбалалы ана Гүлсім Иманбаеваға «Күміс алқа» алқасын тақты.
Жиынды қорытындылаған қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев ауыл күндері жоғары деңгейде өтіп жатқанын айтып, қазақ еліне Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегені туралы сыр шертті.
– Бүгін біз тарихқа тереңірек үңілер болсақ, қазақтар небір нәубет күндерді, ашаршылық заманды, қиын-қыстау кезеңді бастан өткерді. Сол бір қилы замандарда ата-бабамыз тәуелсіздікті аңсады. Ал қазір қандай? Ел бейбіт заманда өмір сүріп жатыр. Жеке кәсіпкерлік дамыған. Зауыттар, жеке медициналық орталықтар, бірнеше дүкендер салынған және бұл дүкендерден керекті заттардың барлығын табуға болады. Мұның өзі Тәуелсіздік алғанымыздың, егеменді ел болғанымыздың басты айғағы деп білемін, – деп сөзін түйіндеді Сейітхан Шералханұлы.
* * *
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған ауылдық округтердің мәдениет күндері аясында Нұрлыкент ауылдық округінде «Тәуелсіздік – ән жырым!» атты мерекелік іс-шара өтті.
Шараның негізгі бөлігі жаңадан пайдалануға берілген ауылдық мәдениет үйінде өткізілді. Фойеде ұлттық бұйымдар мен салт-дәстүрлер көрмесі көрсетілді. Көрермен залында іс-шара салтанатты ашылды. Ауылдық округ әкімі Нұржігіт Бөлекбаев тұрғындарды айшықты оқиға – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, көпбалалы аналар Құрманкүл Қалысбекова мен Дамира Есеналыға ҚР Президентінің арнайы Жарлығымен тағайындалған «Күміс алқаны» табыс етті. Әрі қарай ауыл көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға кезек берілді.
Бұл күні нұрлыкенттіктер арқан тарту, қол күресі, гір тасын көтеру сынды бірнеше спорт түрінен сайысқа түсіп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
* * *
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай жер-жерде, ауылдық елдімекендерде тағылымдық іс-шаралар көптеп өткізілуде. Әсіресе, мұндай шаралар тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында көптеп ұйымдастырылып жатыр.
Тәуелсіздік тойының құрметіне арналған шараның бірі өткен аптаның басында Боралдай ауылдық округінің орталығында өтті. «Туған жерім – дархан далам!» деп айдар тағылған шара барысында ауылдық округ әкімі аппаратының ұйымдастыруымен және осындағы шаруашылық басшылары және кәсіпкерлердің демеушілігімен округтегі аз қамтылған осал 10 отбасына (оның ішінде округтің орталығы Көлтоған ауылы, Ертай, Рысбек батыр ауылдарының тұрғындары да бар) азық-түліктей қайырымдылық көмек жасалды.
Мерекеге орай Көлтоған ауылындағы С.Бәйтіков атындағы орта мектептің спорт залында ұлттық ойындар ойналды. Мектеп оқушылары және ауыл жастары арқан тартысып, асық атудан жарысқа түсті. Ал мектептің келесі бір залында қазақ күресінен бапкер Жолсейіт Сейділдаевтан тәлім теріп жатқан балғын балуандар қазақша күрестің көрігін қыздырды. Айта кету керек, осында жаттығатын жас балуандардың арасында қазақ күресінен аудан, облыс, республикалық жарыстарда жүлдегер атанған спортшылар аз емес. Жалпы Көлтоған ауылын «Балуандардың ауылы» дейтін болсақ, бір ғана осы ауылдан елімізге белгілі балуан, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің қола жүлдегері (қола белбеу иегері) Ғани Сейділдаевтың түлеп ұшқанын айта кеткіміз келеді.
Іс-шараның негізгі бөлімі ауылдық мәдениет үйінде өтті. Мәдениет үйінің ауласында арзандатылған азық-түлік өнімдерінен жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда облыс орталығы Тараз қаласынан арнайы келген «Жәми» жеке кәсіпкерлігінің өкілдері бес тоннаға жуық өнімдерін сатылымға қойған екен. Атап айтсақ, картоптың бір келісі – 180, сәбіз – 100, пияз – 33, қырыққабат – 250, асхана қызылшасы – 200, алма – 230, құрма – 370 теңгеден сатылды.
Мәдениет үйінің фойесінде қазақы киіз үйдің нақышында ұлттық салт-дәстүрлерден көріністер көрсетілді. Мысалы, Көлтоған ауылының апа-әжелері жүн түту, ұршық иіру, құрақ құрау, күбі пісу, қол диірменмен талқан дайындау дәстүрлерін көрсетсе, Рысбек батыр ауылының тұрғындары ұлттық тағамдарын ұсынды. Ал Ертай ауылдық кітапханасының ұжымы Тәуелсіздік мерекесіне байланысты кітап көрмесін жасақтап, тақырыпқа орай инсталляция жасаған екен. Мұның бәрі шара қонақтарының назарынан тыс қалған жоқ.
Шара ары қарай «Туған жерім – дархан далам!» деп аталатын концерттік бағдарламамен өз жалғасын тапты. Ең алдымен мерекелік іс-шараға жиналған қауымды Боралдай ауылдық округінің әкімі Бауыржан Абдалиев, ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, бірқатар еңбек озаттарына және ауылдық округте жыл бойы белсенді жұмыс атқарған азаматтарға ауылдық округ әкімінің Алғысхаттары табысталды.
Концерттік бағдарламада ауыл өнерпаздары ән айтып, өлең-жырлардан шашу шашты. Онда Тоғжан Өскенбай ақын Ә.Шегебайдың Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арнаған «Қабірден хат» поэмасынан үзінді оқыса, Ернұр Құрал, Мадияр Жолтан, Мерей Бегайдарұлы, Әбілмансұр Жарылқасын Отан, туған жер туралы патриоттық әндер орындады. Сонымен қатар, қазақ билері биленді.
“Жаңа өмір”