Basty bet

«Түнгі кітапхана-2022» квест-шоуы өтті

Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен аудандығы орталық саябақта аудан тұрғындарын биылғы мерейтой иелері, ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына және қазақ ертегілеріне деген қызығушылығын арттырып, кітапханаға деген сүйіспеншілігін жоғарылату және оқу мәдениетін дамыту әрі жандандыру мақсатында «Түнгі кітапхана-2022» квест-шоу мерекесі өтті.

Квест-шоу мерекесі 9 аялдамадан тұрды. Атап айтқанда, бірінші аялдамада аудандық орталық кітапханасы қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтың туғанына 125 жыл толуына орай «Әлем таныған – Әуезов» әдеби алаңын ұйымдастырса, екінші аялдамада аудандық балалар кітапханасы қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Ескен Елубаевтың туғанына 80 жыл толуына байланысты «Балалар әдебиетінің дарабозы» атты көрме-сөзжұмбағын өткізді.
Сонымен қатар, үшінші аялдамада Ертай ауылдық кітапханасы ақын Төлеген Айбергеновтың туғанына 85 жыл толуына орай «Мен марттағы найзағай күркірімін!» деп аталатын поэзия сағатын, төртінші аялдамада Сұрым ауылдық моделді кітапханасы жазушы, аудармашы, ғалым, филология ғылымдарының докторы Немат Келімбетовтің туғанына 85 жыл толуы аясында «Кемел ойдың ордасы» тақырыбындағы портрет кешінің өтуіне мұрындық болды.
Бесінші аялдамада Кәріқорған ауылдық кітапханасы Қазақстан Республикасының халық жазушысы Мұхтар Шахановтың 80 жасқа толуына орай «Ұлттық рухтың шырақшысы» атты жыр кеші, алтыншы аялдамада Бақалы ауылдық кітапханасы қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповтың туғанына 120 жыл толуына орай «Айдыны таза, тұғыры биік жазушы» атты әдеби саяхат ұйымдастырды.
Жетінші аялдама Нұрлыкент ауылдық кітапханасы жазушы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дүкенбай Досжанның туғанына 80 жыл толуына байланысты «Қажырын қылышына қайраған қаламгер» тақырыбында ашық микрофон, сегізінші аялдама – Қарабастау ауылдық кітапханасы қазақ жазушысы, драматург Сафуан Шаймерденовтың туғанына 100 жыл толуына орай «Әдебиеттің айбынды тұлғасы» әдеби калейдоскоп, 9 аялдамада кітапхананың кішкентай оқырмандары және «Нұрлы ұрпақ» балабақшасының бүлдіршіндері ертегі кейіпкерлерімен ертегілер еліне саяхат жасады. Сондай-ақ, шарада мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар жасырылып, тақпақтар айтылды.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close