Basty bet
700 түп ағаш отырғызылды
Айналаны көгалдандыру – жалпыға ортақ міндет.
Сенбі күні республикадан бастау алған ағаш отырғызу акциясы өтті. Дәстүрлі шараға аудан әкімдігінің бөлім және мекеме басшылары мен қызметкерлері, Қарасаз, Шақпақ ауылдық округтері әкімінің аппарат қызметкерлері, жалпы 500-ге жуық кісі атсалысты.
«Жасай бер, Қазақстан!» аллеясында өткен акцияны аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашты.
-Құрметті әріптестер! Бүгін республика көлемінде экологиялық акция өтуде. Акцияның мақсаты – қоршаған ортаның гүлденуіне үлес қосу, жас ұрпақты табиғатты аялауға баулу. Бүгінде халық табиғат сыйы ағаштарды құрылыс материалдарына көп пайдалануда. Сондықтан біз ағаштарды көптеп егуіміз керек. Орман қорымыздың молаюына өз үлесімізді қосуымыз қажет.
«Судың да сұрауы бар» демекші, суды да үнемдеп пайдалануымыз тиіс.
Барлықтарыңызды бүгінгі акцияға белсене атсалысуға шақырамын. Егетін ағаштарымызды шын ниетпен егіп, оған күтім жасайық. Сонда ғана еңбегіміздің нәтижесін көретін боламыз. Ендеше, іске сәт!,- деді аймақ басшысы Нарбай Әбілқасымұлы.
Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралапов акцияға демеуші болған жеке кәсіпкер Бекзат Шубаевқа алғысын білдірді. «Туған жерге туыңды тік!» бағдарламасы аясында демеушілік жасаған кәсіпкер 50 түп туя мен 50 түп можжевельник көшеттерін алып беріп отыр. Туя мен можжевельник негізінен аудан орталығындағы көше бойлары мен әлеуметтік нысандардың аулаларына отырғызылды. Акция барысында одан бөлек аллеяға орман шаруашылығы мекемесі арқылы 400 түп, акцияға қатысқан екі ауылдық округтер арқылы 200 түп қарағаш көшеті әкелініп, отырғызылды.
Акцияға аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысы бастаған аудан басшылары белсене атсалысты.
Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»