Basty bet
Президент облыс әкімімен телефон арқылы сөйлесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен телефон арқылы сөйлесті.
Талқылаудың негізгі тақырыбы – коронавируспен күрес, ағымдағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және өңірдегі карантиндік шараларды іске асыру.
Сонымен қатар, Президенттің азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, ШОБ-тің жұмыс режіміне біртіндеп көшуін қамтамасыз ету, егіс жұмыстары мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыру бойынша тапсырмаларының орындалу барысы туралы мәселелер қозғалды.
Облыс аумағында коронавирустық инфекцияны жұқтыру жағдайларының тіркелуіне байланысты 6 сәуірде Қордай ауданында, 7 сәуірде – Тараз қаласында және 9 сәуірде аймақтың барлық аумағында карантин режімі енгізілген болатын.
17 сәуірден бастап Қазақстан Республикасының Бас санитариялық дәрігерінің тиісті қаулысына сәйкес карантиндік шаралар күшейтілді. Тараз қаласында және басқа да елді мекендерде қоғамдық көлік жұмысы тоқтатылды. Сонымен қатар, мемлекеттік көмек алу кезінде халыққа қолайлы жағдай жасау үшін өзара уағдаластыққа қол жеткізіліп, екінші деңгейлі банктердің бөлімшелері жұмыс күндері сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін өз қызметтерін жалғастыруда. «Қазпошта» АҚ бөлімшелері сенбі және жексенбі күндері жұмыс істейді.
Тәулік бойы жұмыс істейтін 38 блок-посттың көмегімен жеңіл автокөліктердің қозғалысын бақылау күшейтілді. «Сергек» электрондық базасына енгізілмеген автокөлік құралдарының қозғалуы үшін бұған дейін берілген рұқсат анықтамаларының бәрі жарамсыз деп табылады.
Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерінен және Ұлттық ұланның сарбаздарынан тұратын жаяу патрульдер саны артты. Олар карантиндік режімді бұзушыларға қатаң шаралар қолданатын болады.
Тұрғындар үшін жұмысқа бару, медициналық көмекке жүгіну, азық-түлік тауарлары мен дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар сатып алу жағдайларын қоспағанда, тұрғылықты жерінен шығуға тыйым салынды.
Дезинфекциялық жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. 200 мыңнан астам жамбылдықтарға 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем тағайындалған.
Көктемгі дала жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Егіс алқабы үш пайызға, яғни 710 мың гектарға дейін артты. 8,4 мыңнан астам шаруа қожалығы техникамен қамтамасыз етілген десек, арзандатылған бағамен 18,3 мың тонна дизельді отыны қарастырылған. Сондай-ақ, 71,5 мың тонна жоғары сапалы тұқым дайындалған. 15 сәуірдегі жағдай бойынша егістік шаралары 273,7 мың гектарда атқарылған немесе жоспарланған көлемнің 64,7 пайызы орындалып отыр.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі