Basty bet
Алты айдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қаралды
өңірдегі бірқатар бөлімдер мен ауылдық округте межелі міндет орындалмай отыр
Бұл туралы аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының у.м.а. Гөзәл Бегімше баяндама жасап, бірқатар мәселелерді де атап өтті.
-Құрметті Жалғас Әлижанұлы және алқа отырысына қатысушылар!
Ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің 2024 жылдың жарты жыл қорытындысымен орындалуы туралы баяндайтын болсам, ауданның жалпы өңірлік өнімі 2024 жылдың 6 айында 25 млрд. 416 млн 6 мың теңгені құрап, 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда (26 млрд. 490 млн. 2 мың теңге) 5,9%-ға төмендеп отыр.
Аудандағы өнеркәсіп кәсіпорындарымен қаңтар-маусым айларында 7 835,1 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі – 100,1%-ға (2023 жылы 8 066,5 млн теңге немесе 100,1%) орындалып отыр.
Өнеркәсіп бөлінісінде екі көрсеткіш орындалмай отыр. Оның себебі, өңірде тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу 3 217,0 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі – 55,6%-ды құрады. Көрсеткіштің төмендеу себебі, ауданның Билікөл ауылдық округінде орналасқан «Қалнұр-2021» және «ЖамбылДормостСтрой» ЖШС-ның мәліметіне сәйкес, жыл басында қар көлемі көп мөлшерде түсуіне және көктем мен жаз мезгілінде жауын-шашынның көп болуына орай карьерлерді қазу жұмыстары жиі тоқтап қалуына байланысты өнім көрсеткіші 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда төмендеп отыр.
Сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою бойынша қызмет 72 854 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі – 97,3%-ды құрады. Оның төмендеу себебі, «Жуалы-Су» КМК-ның мәліметіне сәйкес, аудан аумағындағы қоқыс тастайтын полигондардың жабылуы және де ауа райының қолайсыздығына байланысты.
Ауыл шаруашылығында нақты көлем индексі қаңтар-маусым айларында 104,4%-ға немесе 10 127,0 млн теңге көлемінде (2023 жылы 11 758,3 млн.теңге немесе 101,3%) орындалды, оның ішінде, өсімдік шаруашылығы 250,0 мың теңгеге 100,0%-ға, мал шаруашылығы 9 874,9 млн.теңгеге 104,5%).
Негізгі капиталға салынған инвестиция қаңтар-маусым айларында 3 493,7 млн теңгені құрап, 69,7%-ға орындалып отыр (2023 жылы 4 989,6 млн.теңге немесе 195,2%).
Инвестиция көлемінің орындалмау себебі, 2 024,0 млн теңге жалпы (Жол бойындағы сервис, «Көксай» каналы, «Ақсай су») жобалары құжаттарының актісі қабылданбауына, 600 млн теңге ауылішілік орта жөндеу бойынша көше жолдарының қабылдау актісінің болмауына және сапа бойынша сараптама қорытындысының жоқ болуына, ауданда 506,0 млн тг асатын лизингпен алынған ауыл шаруашылығы техникаларының қабылданбауына байланысты орындалмау үстінде. Жалпы маусым айына 1 156,7 млн теңге инвестиция салынды.
Жалпы сауда айналымы 4 900,9 млн теңге, 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда (4 437,7 млн.теңге) 10,4%-ға артып отыр, оның ішінде, бөлшек сауда айналымының нақты көлем индексі қаңтар-маусым айларында 2 180,3 млн.теңгеге (2023 жылы 2 221,9 млн.теңге немесе 105,2%) немесе 92,6%-ға орындалды. Орындалмау себебі: Аудандығы бөлшек сауданын өсімін көтеретін «Ақ қайын» ЖШС-ның жалпы сомасын статистикалық есебін тапсыру кезінде көтерме саудаға салып жіберуіне байланысты болып отыр. Одан бөлек, көтерме сауда айналымының нақты көлем индексі қаңтар-маусым айларында – 2 720,6 млн теңгеге немесе (2023 жылы 2 215,8 млн теңге немесе 99,4%), 121,8%-ға орындалып отыр.
Сондай-ақ, құрылыс көлемі қаңтар-маусым айларында 2 553,5 млн теңгеге орындалып, нақты көлем индексі – 113,5%-ды құрады (2023 жылы 2 227,7 млн.теңге немесе 107,0%). Ал пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі қаңтар-маусым айларында 9 мың 107 шаршы метрді құрап, 104,0%-ға орындалды (2023 жылы 8 мың 757 шаршы метр немесе 108,1%),- деп атап өтті баяндамашы.
Алты айдың әлеуметтік даму көрсеткіштерін саралаған жауапты бөлім басшысының у.м.а. Г.Бегімше, өңір басшысына аудан әкімдігінің бөлімдері мен ауылдық округтерге 2024 жылға бекітілген түйінді нысаналы индикаторларының орындалуы туралы ақпарат жұмыс тәртібімен 2024 жылдың 5 шілдесінде сұратылғанын, алайда жұмыстың орындалуы туралы мәліметтер тек Нұрлыкент және Қошқарата ауылдық округтері мен аудан әкімдігінің жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, қаржы және ішкі саясат бөлімдерінің тарапынан ұсынылғанын жеткізді.
-Ағымдағы жылдың 17 шілдесінде аудан әкімі орынбасарының қолымен дәл осы ақпаратты алу мақсатында хат жолданған болатын. Алайда, қазіргі таңда – Нұрлыкент, Қошқарата, Ақтөбе, Қызыларық, Билікөл, Боралдай, Жетітөбе және Қарасаз ауылдық округтері белгіленген мерзімде ұсынды. Бұл жағдай бірінші рет орын алып отырған жоқ. Ұсынылатын мәліметтер сапасыз немесе мерзімінен кешіктіріліп ұсынылады. Бөлімдер мен ауылдық округтер арасында үйлесімді жұмыс болмауынан, берілген мәліметтер көбіне бір-бірімен сәйкес келмейді. Уақыттың тығыздығынан жинақталған ақпаратты мұқият тексеріп, талдау жасау мүмкін болмай отыр.
Жоғарыда айтылған жағдайды ескере отырып, ауылдық округтер мен бөлімдердің рейтингін шығару тек толық мәлімет ұсынылған жағдайда ғана мүмкін екендігін ескеруіңізді сұраймын,- деді ол.
Кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз алған аудан әкімі Жалғас Мұртаза бұл мәселе жөнінде жиынға қатысқан жауаптыларға ескертті.
-Сіздер ең алдымен жыл басында бекітілген индикаторлық көрсеткіштердің мерзімінде орындалуына күш салуларыңыз қажет. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, онымен қоса, индикаторлық көрсеткіштердің орындалуына баға беріледі. Сол үшін келесі есептілік кезеңіне мұқият дайындық жасауды ескертемін. Бұл көрсеткіштер өз кезегінде Жамбыл облысы әкімінің тікелей төрағалығымен өтетін кеңейтілген отырыста қаралып, аудандардың жұмысына баға беріледі,- деп ескертті өңір басшысы.
Айта кету керек, кеңейтілген алқа отырысында егін орағы науқанын қалыпты жағдайда өткізу, бітік шыққан егістіктерді уақтылы әрі ысырапсыз орып алу, дән жинайтын комбайндардың жауапты науқанға дайындығы тағы бір пысықталды.
Аудан әкімінің ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасары Рақымғазы Құниязовтың айтуынша, жазғы дала жұмыстары бойынша биыл ораққа түсетін масақты дәнді дақылдар барлығы – 37 281 гектарға егілген, оның ішінде, күздік бидай – 9 750 гектар алқапқа егілсе, жаздық арпа алқабының көлемі – 27 531 гектар. Көктем және жаз айларында таулы өңірде ауа райының жауын-шашынды болуына байланысты дәнді дақылдардың түсімі де жақсы болады деген болжам бар. Өңірде егін орағы басталып та кетті. Қазір ауданға қарасты бірқатар ауылдық округтерде шамамен 2,5 мың гектар арпа алқабы орылып, орташа түсім әр гектардан 16-17 центнерден айналып отыр.
Аудан басшысы Ж.Мұртаза алдын ала болжамға сәйкес, алдағы апталарда Қазақстанның бірқатар өңірлерінде аптап ыстықтың болатынын айтып, өрт қауіпті кезеңге дайындық шараларын пысықтауды, сонымен қатар, «Таза Қазакстан» республикалық экологиялық акциясының аясындағы жұмыстарды жалғастыруды, бей-берекет қоқыс тастауға жол бермеу, жол құрылысының және ағымдағы құрылыстардың сапалы аяқталуына күш салудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»