Basty bet
БАУЫРЖАННЫҢ АМАНАТЫ
Бала кезден әдебиетке әуес болғандықтан, даңқты жерлес ағамыз Бауыржан Момышұлының есіміне қанық болып өстік. Шыққан кітаптарын, газет-журналдарда басылған шығармаларын қадағалап, жібермей оқитын баланың бірі мен едім. Көзі тірісінде аты аңызға айналған Баукең туралы мақтаныш сезіміне толы әңгімелерді сүйсіне тыңдаудан бір жалықпайтынбыз. Есімін ел ардақтаған батырмен кездесіп, қолын алып, амандасу біздің ауылдың үлкені мен кішісі үшін үлкен мәртебе болатын.
1960 жылдардың басында біз тұратын Карл Маркс атындағы совхозға Бауыржан Момышұлының немере інісі Әбілда Момынқұлов партком хатшысы болып қызметке келіп, Баукең біздің ауылға сирек болса да ат басын бұрып тұратын болды.
Әбілда көкем жұмысына әбден берілген, біреудің ала жібін аттамайтын адал адам еді. Бұл кісі де Бауыржан ағасы сияқты Ұлы Отан соғысына қатысқан, өмірдің небір соқпағынан өткен парасатты жан. Әбілда ағаның Берік, Бекет атты ұлдарымен араласып, достасып кеттік.
Бес-алты ұл мен қыздың арасында әсіресе, Бекет ерекшеленіп тұратын. Шашы қып-қызыл, сүйкімді, өжет бала, үлкен-кішімен тез тіл табысып кетеді. Бауыржанның тізесіне отырып, еркелеп өскен Бекет батыр атасына тартып, кейін қаламгер болды. КазМУ-нің журналистика факультетін бітіріп, аудандық, облыстық газеттерде абыройлы қызмет атқарды. Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінің Бас редакторы болды, облыстық телерадио компаниясын басқарды.
Жаздың бір күні Алматыдан Бауыржан Момышұлының келгенін естіп, ауылдың қариялары сәлем бермек болып, Әбілда көкемнің үйіне қарай ағыла бастады. Үй тар болғандықтан, ауланың ішіне үлкен нар орнатылып, оның үстіне кілем, құрақты көрпелер жайылыпты.
Ауылдың қариялары төрде отырған Баукеңді ортаға алып, әңгіме-дүкен құруда. Бекетті алға салып, батыр ағамызға біз де сәлем бердік.
Газет-журналдардан талай көріп жүрсек те аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлымен бірінші рет кездесіп тұрмыз. Ұзын бойлы, сымбатты, қыран көз жан екен. Ағара бастаған сақал-мұрты да өзіне жарасып тұр.
Менің бір аңғарғаным: Баукең жанында отырған, менің кішкентайдан бірге өскен досым Тілеуқабылдың әжесі Ұлтуға «Әпке, әпке» деп ерекше ілтипат танытып отыр.
– Басқалардан қорықпасам да, Ұлту әпкемнен қаймығамын. Бұл шүйкедей кемпір жас кезінде болыстың хатшысы болып, кейбір босбелбеулерді бір шыбықпен айдайтын. Керемет өжет еді, менің қайран әпкем! – дегенде, отырғандардың бәрі жасы 80-нен асып қалған кейуанаға таңқала қарап қалыпты.
«Көрдіңдер ме, менің әжем қандай мықты!» дегендей, біздің жанымызда тұрған Тілеуқабыл айналасына мақтана қарап қояды.
Менің анам Құлхан қалың Дулаттың ішіндегі Шымырдың қызы, Баукеңдермен қыз алыспайтын жақын туыстығы бар. Менен екі жас үлкен ағам Бектұрсын екеумізге үнемі Бауыржан туралы «Елдің атын ер шығарады» деп айтып отыратын. Әкем Тұрлыбек те Бауыржанды жас кезінде талай рет көріпті.
– Ертеректе Бауыржанның Жуалы ауданында милиция бастығы болып, біраз қызмет атқарғаны бар, – деді әкем бірде қызық әңгіме бастап. – Бір туысыма жазықсыз жала жабылып, Бауыржанға бардым. Жиырмаға жаңадан толған от көзді, қалың қара шашты жігіт екен. Сөзімді мұқият тыңдады да, бір сөзге келместен туысымды босатып жіберді. Қайран, Бауыржан сияқты әділ де өткір, адал жандар аз ғой. Қазақ қырылып қалған ашаршылық жылдары 4 қадақ масақ жинаймын деп 12 жылға сотталып кете бардым. Сонда ел басында Бауыржандай азаматтар көп болса, мұндай бейбастыққа жол бермейтін еді ғой. Әкем сол бір ауыр күндерді есіне алып күрсінді. Содан соң жан қалтасынан бір елі тастамайтын бәкісін алып, анама бұрылды:
– Құлхан, естуімше Бауыржан әлі бір аптадай болатын ұқсайды. Бүгінде Әбілданың үйіне келіп-кетіп жатқан қонақ көп. Бір қой сойып, бір мес қымыз дайындап, Бауыржанға сәлем беріп қайтайық. Оның үстіне мына Доқтырхан жазушы боламын деп, шытып-пытып, бірдеңелер жазып жүр ғой, ағасына амандассын, – деп маңызды шаруа айтты.
– Айтқаның дұрыс. Мен де соны ойлап отыр едім, – деп апам әкемді қоштай кетті. Менің анам қымыз дайындаудың нағыз шебері еді. Үйде алма ағашынан жасалған екі үлкен күбі болатын. Осы екі күбіні кезек-кезек жуып, Алатаудың бөктерінде сирек кездесетін емдік қасиеті бар киік отымен ыдыстарды ыстап, жиі сауылатын биенің сүтін үлбірек мата арқылы сүзіп құйып, біздерге ұзақ пістіретін. Әбден бабына жетіп, иісі аңқыған қымызды сиырдың терісінен жасалған меске құйып, дәл үйдің жанындағы бұлақтың көзіне салып қоятын. Мен өмірімде талай жерден қымыз іштім. Бірақ, апамның дайындаған қымызындай дәмді қымыз ішіп көрмеппін.
Апамның технологиясы бойынша бір мес қымыз дайындалып, үйітіліп, сойылған үлкен қойдың етін арбаға салып, әкем, апам, үшеуміз орталық көшедегі Әбілда көкемнің үйіне тартып кеттік. Баукең бес-алты қонақпен бірге үйдің алдындағы нар үстінде шәй ішіп отыр екен. Берген сәлемімізді жылы қабылдаған батыр әкемді төрге шақырды. Біз әкелген сәлемдемелер арбадан түсіріліп жатқанда сары местегі сары қымыздың иісі бұрқырап қоя берді.
– Пай-пай, мына қымыздың иісі танауымды жарып барады. Мынау нағыз Жуалының, біздің ауылдың қымызы ғой! – деді Баукең сүйсініп. – Келін, құйшы анау местегі қымыздан. Әбілда ағаның жұбайы үлкен ағаш шараға қымыз құйып, қонақтар тамсана дәм татысты.
– Міне, қымыз деп осыны айт! – деді бір тостаған қымызды төңкеріп тастаған Баукең. Сол-ақ екен, дастарқан үстінде жарасымды әңгіме өрбіп жүре берді. Мен ол кезде 6-сыныпта оқитын бала болсам да, Бауыржан ағамның аузынан шыққан әрбір сөзін қалт жібермей тыңдап отырмын. Талай елді шарлаған тұлғалы батырдың, атағынан ат үркетін жазушының кәдімгі қымыз туралы айтқан сөздері есімде сайрап қалыпты.
– Нағыз қымыз көңілді тербейді, содан соң ойды тербейді, атадан – балаға, ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келе жатқан қымыз жарықтықты әр жерде әртүрлі әдіспен дайындайтын өзіндік дәстүрі бар. Арқада күбіні тобылғымен ыстайды, Сыр өңірінде сабанмен ыстайды екен деп естимін, ал, біздің Жуалыда киіктің отымен ысталады.
Бір ғажабы – бұл қасиетті шөп кез келген жерде өсе бермейді, ол Меркінің, Түлкібастың және біздің Жуалының тауларында ғана өседі.
Содан соң Бауыржан Момышұлы кәдімгі қымыз дайындаушы сияқты қымыз дайындаудың технологиясын жан-жақты шешіле әңгімелеп кетті. Үлкен мен кішінің осы бір жарасымды әңгімесін біреу қуғандай болып, жүгіре кірген отыздардағы жігіт бұзып, үлкендерді аттап өтіп: «Бауке, ассалаумағалейкүм!» – деп қолын соза берді. Оған жақтырмай қараған Бауыржан қолын бермеді.
– Ортамызда менен де үлкен кісілер отыр емес пе, неге соларға бірінші сәлем бермейсің, көргенсіз?! – деді ол мұрты тікірейіп.
– Бауке, Бауке… сасқалақтаған әлгі жігіт дастарқанның бір шетіне сылқ етіп отыра кетті.
– Встать! – Батырдың дауысы қаһарлы шықты. Ауылдық кеңесте хатшы болып істейтін, жасына жетпей тым семіріп кеткен жігіт жалма-жан орнынан ұшып тұрды.
– Шагом марш! – деді Баукең қолын сілтеп. Ұяттан өрттей қызарған хатшы домаланған күйі жылыстай берді. Сәл орнай қалған үнсіздікті төрде отырған қария бұзды.
– Бауыржан шырағым, мына баланы танушы ма едің? – деп Баукеңе қарады.
– Жоқ, ақсақал, – деді Бауыржан. – Бірақ сұйықтау жігіт екені айтпаса да көрініп тұр емес пе?
– «Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде» деп халық бекер айтпаған ғой, – деді қария ақ сақалын сипап қойып. – Бұл бала біздің ауылдық кеңесте хатшы болып қызмет атқарады. Өзі жұмыртқадан жүн қырқатын сүйкімсіз жігіт. Мал базарына бару үшін ауылдық кеңестен жекеменшік малдың иесі деген бір жапырақ анықтама алуың керек, онсыз сені базарға аяқ бастырмайды. Жаңа ғана өзің «шагом марш!» деп қуып шыққан жігіт анау-мынау деп, алдап-сулап, біздің 4-5 сомымызды қағып алушы еді. Өшімізді сен алып бердің, Бауыржан. Рақмет, саған, адам таниды екенсің! Отырғандар ақсақалдың сөзіне ду күлісті.
Арада он жыл өте шықты. Ұмытпасам, 1974 жылдың жазы болатын. Ол кезде мен Жамбыл облысына қарасты Свердлов ауданындағы «Село жаңалығы» газетінде әдеби қызметкер болып қызмет атқарып жүргенмін. Бір демалыс күні ауылға келсем, Әбілда көкемнің үлкен ұлы Берік үйленіп, кешке тойы болайын деп жатыр екен. Тойға Алматыдан Бауыржан Момышұлы ағамыз арнайы келіпті.
Бір шеті Алматыдан, енді бір шеті Шымкенттен келген құда-жекжат, туыс-туған, дос-жаран қатысқан Беріктің үйлену тойы дүркіреп өтті.
Сол тойда Баукең:
Айқабақ, алтын кірпік, қызыл ерін,
Кел десең, неге аяйын аттың терін.
Сары ағаш сазға біткен секілденіп,
Қай жерде отыр екен бұраң белім? –
деп әндетті.
Даусы сан құбылып, әдемі әнді жүрегімен айтты. Ән аяқталғанда көпшілік ду қол соқты.
– Ойпырмай, батырдың әншілік дарыны анау-мынау әншіні жолға тастап кетеді екен! – деді жанымда тұрған Мақұлбек көкем сүйсініп.
Үзіліс кезінде темекісін құшырлана тартып тұрған Баукеңе сәлем бердік. Менің досым Тілеуқабыл Бауыржанға жиен болып келеді. Жиендігіне салып, нағашы атасымен еркін сөйлесті:
– Ата, менің жанымдағы жігіттің аты Доқтырхан, менің досым. Бұл да сіз сияқты жазушы боламын деп жүр, – деп мені Баукеңмен таныстырды.
Маған сынай көз тастаған Бауыржан жөнімді сұрады. Мен қайда жұмыс істейтінімді айттым.
– Солай, журналиспін де. Кім болсаң да халтурщик болма, айналайын, – деді Баукең темекісін қайта тұтатып.
…Содан бері арада 45 жыл өтіпті. Ол кезде жалындаған 25 жастағы тепсе темір үзетін жас жігіт едім, бүгінде мен де 70-тің асқарына шығыппын.
Бұл жылдар босқа өткен жоқ. Талай биіктерден, белестерден астым. Журналист-жазушы ретінде қаламымды тастаған жоқпын, нанымды адал жеп жүрмін. Ең бастысы, Бауыржан Момышұлының Беріктің тойындағы айтқан сөзін өмір бойы есімнен шығарған жоқпын. Оны Баукеңнің аманатындай бойтұмар етіп сақтап келемін.
БАТЫР ЖӘНЕ АҚЫН
Бар мақсатты жақсылыққа арна ғып,
Армандаудан жалықпадық, талмадық.
Көрген жоқпыз арамдықпен жан бағып,
Екеуміз де сөз өнерін таңдадық, –
деп маған жыр жолдарын арнаған ақын Бектұрсын Тұрлыбеков менің тете өскен туған ағам еді. Мықты ақын болатын, маңдайымызға сыймай кетті. Әдебиетке, поэзияға кіршіксіз адал ақын «Абайдан соң, Мұқағалидан соң өлең жазып әуре болудың керегі жоқ!» – деп, бір жарым мың жолдан астам өлеңдерін өртеп жібергенін жақын досы, ақын Болат Үсенбаев айтып бергенде қайран қалдым.
Аузын ашса, көмекейі көрінетін Бектұрсын адам біткеннің бәрін дәл өзіндей пәк, таза, адал көретін. Өкінішке орай, қулық пен сұмдықты білмей өткен кіршіксіз жанды, ақ жүректі ақынды өмір де, адамдар да көп алдады. Дарын емес, қарын билеген мынау жалған өмірдегі екіжүзділікке, аярлыққа, сатқындыққа, қатыгездік пен дүниеқоңыздыққа көне алмай, нәзік жаны шыдай алмай өмірден әбден түңіліп, үзіліп кетті.
Бектұрсын ізгілік пен жақсылықты бағалай білетін, әділдік пен шындыққа бас иетін, малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы дейтін мыңдаған қазақ ағайындар сияқты ақиқат пен шындықтың алмас қылышы Бауыржан Момышұлын өмір бойы пір тұтып өтті. Кезінде ағынан жарылып, Баукең туралы өлеңдер жазды. Мына жалған фәниден өткеніне он бес жыл өткен Бектұрсын ағамның артында қалған қағаздарды қарастырып отырып, «Бауыржан туралы баллада» атты өлеңінің түпнұсқасын тауып алдым. Осы туындыны жариялауды қаламгерлік, бауырлық парызым деп санадым.
БАУЫРЖАН ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Батыр Баукең – елін сүйген ер-жүрек,
Туған ауылы күтті оны елжіреп.
Ерлігімен елеңдеткен елді көп,
Естідік біз Әбілдаға келді деп.
Бар әлемге әділдікпен даңқы аңыз,
Батырменен шалқып толды ортамыз.
Мақтансақ та жерлеспіз деп талайға,
Бетпе-бет кеп кездесуге қорқамыз.
Аңыздарын айтып жатыр ел жайлап,
Әрқайсысы өздерінше той тойлап.
Екі бірдей жолдасымды көндірдім,
Кездеспекке тәуекелге бел байлап.
Нар үстінде жатыр екен көлденең,
Өңі сұсты, от шашады көз деген.
Сәлем бердік дауысымыз дірілдеп,
Дұшпандары бекер одан безбеген.
«Отырыңдар!» – деп орын ол нұсқады,
Қабақ қату, түр-әлпеті сұсты әлі.
Қыбыр етпей, сыбыр етпей отырмыз,
«Тәйт» деп қалса қаңбақ болып ұшқалы.
Жан-жағында қағаздары шашылған,
Шарап та тұр, тығындары ашылған.
«Құйыңдар!» деп бұйрық берді, сасқаннан,
Қағып салдық… сәл-пәл үрей басылған.
Үнсіз-түнсіз отыр едік тұнжырап,
Сәлден кейін сөз бастады жөн сұрап.
Асықпастан темекісін тұтатып:
– Ал, сөйлеңдер, – деді – қояр кім сұрақ.
Өзімізше шешен, ділмар, дүр едік,
Беретінбіз той-думанда тілге ерік.
Сұрақ қойдым «Абай жолы» туралы,
Сасқанымнан қызыл тілім күрмеліп.
Мен отырмын бүлдіріп ап дірілдеп,
Ашуланып сөз айтты ол гүрілдеп.
– Мұхтар тірі жүргенде сен қайда едің?
Сұрағыңнан кім екенің білінбек.
– Ойлануға берілген ғой бас саған,
Дұрыс сұрақ қою керек әсте адам.
Ұлыларды, шығармасын ұлының,
Сұрамаңдар ешқашан да басқадан».
Баукең қайта темекіге қол созды,
Ұнатпайтын тұщымы жоқ жел сөзді.
Кіріп келді сол арада бір басшы,
Абайламай жөн-жосықсыз сөз бөлді.
Қытығына тиді де бұл батырдың,
Сес көрсетті қылығына әкімнің.
Әп-әдемі әңгіменің шырқын кеп,
Аяқ асты бұзғанына қапылдым.
Амандасып созған қолын алмады,
Мысын басты әділдіктің салмағы.
Тұрып қалған басшыға ол сілейіп,
Қатуланып қатал үкім арнады:
– Халің қалай, қарның қалай, мес қарын,
Қалың жұрттың жоғын қашан жоқтадың?
Шық үйден сен, «кругом, марш» – деді, –
Екінші рет маған қайтып соқпағын.
Сұп-сұр болып шығып кетті табанда,
(Сондай жандар әлі бар ғой қоғамда).
Бізге есік нұсқағанмен, байқадым,
Кешіріммен қарады ол маған да.
Еш басшыға бас ұрмастан өтіп ең,
Биігіңе әділдікпен жетіп ең.
Дұрыс сұрақ қоя алмаған өзіме,
Сол кездегі ездігіме өкінем.
Қазағымның намыс-арын сақтаған,
Бар сенімін ел-жұртының ақтаған.
Бар сұраққа жауап берді өмірің,
Сен туралы сұрамаймын басқадан.
Сен туралы жыр айтады ес білген,
Қадіріңді кейбіреулер кеш білген.
Көп жазылды, жазу үшін Баукеңді,
Ол туралы сұрамаңдар ешкімнен.
Ұмытпасам, 1981 жылдың көктемі еді, Біздің отбасымызға Дәурен атты шекесі торсықтай ұл дүниеге келіп, оның үстіне көптен күткен пәтерге қолымыз жетіп, арқа-жарқа болып жатқанымызда Алматыдан Бектұрсын ағам келіп, құтты болсын айтты. Сол күні ағайынды екеуміз өмір туралы, қоғам, адам туралы көп сырластық.
– Төрт қадақ масақ үшін әкемізді 12 жылға түрмеге айдаған, сонан соң қырғын соғысқа салып, мүгедек еткен, өмірінің соңына дейін құлағы тесік құлы еткен мына қатыгез, аяр, сайқал қоғамнан, заманнан ешқашан да жақсылық күтпеймін. Қайда барсаң да әділетсіздік пен қорқаулық алдыңнан қиқаң етіп шыға келеді.
«Қарға қарғаның көзін шұқымайды» демекші, қаланы да, даланы да «ләппай тақсыр» мен жағымпаздар, алаяқтар мен ұры-қарылар билеп-төстеп алған. Солардың қара дегені – ақ. Баяғы бала кезімдегі ертектерден оқитын қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын бақытты заман, әділдік пен шындық салтанат құратын өмір қашан орнайды екен, бауырым? Әділетсіздік атаулыны көп халықпен бірге ағайынды екеуміз де біркісідей-ақ көріп келеміз. Сенде де, менде де Құдай берген талап пен талант бар, бірақ, екеуміздің де қалтамызда партбилетіміз жоқ, көк аспанды тіреп тұрған көкеміз жоқ. “Қатын алма, қайын ал” дегенді де білмей өсіппіз. Мысалға, сені алайық, кейбіреулер тоқпағы күшті болғандықтан, бес-алты айдың көлемінде сыңғырлаған пәтерге ие болып жатады. Ал, сен болсаң, жеті жыл жұмыс істеп, алайын деп тұрған баспанаңнан бірнеше рет айырылып қалып, өліп-талып, әрең дегенде қаланың бір шетіндегі екі бөлмелі, қуықтай пәтерге ие болдың. Қаламың жүйрік, республикаға белгілі журналист болсаң да, осы күнге дейін қатардағы тілшісің. Ал, сенің қолыңа су құюға жарамайтын кейбіреулер бөлім бастығы болып шіреніп отыр, – деп Бектұрсын өшіп қалған темекісін қайта тұтатты. Орнынан тұрып, әрі-бері жүрген Бектұрсын әңгімесін қайтадан жалғады.
– Бізді қойшы, көп пенденің біріміз ғой. Елім, халқым деп сол үшін отқа да, суға да түскен аузы дуалы арыс азаматтарымыздың көрген қорлықтары мен әділетсіздіктер туралы естігенде төбе шашың тік тұрады. Аярлық пен екіжүзділікті, сатқындықты Ахмет Байтұрсынов та, Мыржақып Дулатов та, Әлихан Бөкейханов та, тіпті ұлы Абай да көріпті. Иә, иә, «Біріңе қазақ бірің дос болмасаң, істің бәрі бос» деп жырлаған, қайтсем тарыдай шашылып жатқан қазақтың басын қоссам деген Абайды іші тар, қорқау жанды өз ағайындары сабаған. Шәкәрімді НКВД-ның бір қанішер оңбағаны атып өлтіріп, 40 күн бойы айдаладағы құдықта іздеусіз, көмусіз жатқан.
Қазақтың ертеңіне, болашағына бүкіл өмірлерін арнаған Сәкеннің, Ілиястың, Бейімбеттің және басқа да арыстардың аянышты тағдырын менен де жақсы білесің.
Сәл үнсіз қалған Бектұрсын маған сұрақ қойды:
– Доқтырхан, қазақта қанша Советтер Одағының Батыры бар?
– Жаңылыспасам, 103-тен асады.
– Көп болса екі-үш адамға ғана қателесіп тұрсың, қазақ ұлтында 105 Совет Одағының Батыры барлығы-нақты шындық. Міне, осыдан-ақ біздің халықтың нағыз ержүрек, батыр ұлт екенін аңғаруға болады.
Темір пердесін түсіріп, ақиқат пен шындық ешқашан да айтылмайтын мына заманда көп нәрсені білмейді екенбіз. Немістік фашистермен болған сұрапыл Ұлы Отан соғысында да көптеген әділетсіздіктер болғандығын жақында оқып, жағамды ұстадым. Інім-ау, сен білесің бе, соғыста асқан ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлы бір емес, үш рет Совет Одағы Батыры атағына ұсынылыпты. Бірақ, бір ұсыныс та өтпеген, масқара ғой мынау! Жер бетінде жақсылық пен ізгіліктен жамандық, қорқаулық көбейіп барады. Бір күні онсыз да күңіреніп жатқан Жер-Ана қарс айырылып кете ме деп қорқамын.
Осы көктемде 28-панфиловшы паркінде болып өткен Жеңіс күніне қатыстым. Мәңгі алауға көп халықпен бірге Бауыржан ағамыз да тағзым етіп, гүл шоғын қойды. Өңшең тоң мойын болып сіресіп қалған жоғарғы шенді-шекпенді шенеуніктер Баукеңмен амандасуға да жараған жоқ, бір кесірі тиіп кете ме деп шетінен тұра-тұра қашты. Айналайын данышпан халық біледі ғой, кімнің-кім екендігін! Олар Бауыржан Момышұлын хан көтеріп, шын мейірлерімен, ақ көңілдерімен қошеметтеп, құрметтеп жатты. Иә, «Біз қап ішінде жатпайды» деп бекер айтпаған. Сұңқардың аты – сұңқар, тұлпардың аты – тұлпар. Ерте ме, кеш пе, Баукең өзінің лайықты бағасын алады. Оған сен екеуміз куә болып, әділдік салтанат құрды деп қуанатын боламыз әлі.
Біздің ағалы-інілі әңгімемізді Жуалыдан келген немере ағамыз Оңалбек бұзып жіберді:
– Ау, батырлар, әлі философия соғып отырсыңдар ма, көлік дайын, ауылға жүрейік.
Мен Жуалыға келе жатып, Бектұрсынның жаңағы айтқан әңгімесін ойлаумен болдым.
Ол кезде мен Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде қызмет атқаратынмын. Жаз айының бір күні жұмыс орнына ерте келсем, кабинеттегі қара телефон безектеп жатыр екен. Тұтқаны асығыс көтеріп, Бектұрсын ағамның дауысын бірден таныдым. Дауысы бір түрлі, өзі алқынып тұр.
– Естідің бе? – деді ағам.
– Жайшылық па? – дедім мен шошып кетіп.
– Бауыржан Момышұлы қайтыс болды, – деді Бектұрсынның дауысы қарлығып шығып, – әділдік пен шындықтың алмас қылышы еді, ол да өте шықты жарқылдап.
Үні жыламсырай шыққан ағам телефон тұтқасын тастай берді…
Баукеңнің дүниеден озғанына сегіз жылдан астам уақыт өткенде ақиқат кеш те болса салтанат құрып, 1990 жылы Бауыржан Момышұлына Совет Одағының Батыры атағы берілді. Сол күні бүкіл иісі қазақ қуанып, туған әкелері батыр атанғандай бір-бірінен сүйінші сұрап жатты.
Өзім қызмет атқаратын Қазақ теледидарының бас ғимаратынан шыға берісте радиода жұмыс істейтін Бектұрсын ағаммен қарсы ұшырасып қалдым. Бір топ әріптестерінің ортасындағы бауырым бүгін ерекше көңілді, қуаныштан жарқ-жұрқ етеді.
– Маған сенбей тұрсыңдар ғой,- дейді жанындағы жолдастарына,- сенбесеңдер, мына менің інімнен сұраңдар. Осыдан дәл сегіз жыл бұрын келінім бауырыма маңдайы торсықтай ұл туып беріп, құтты болсын айтып, сонау Жамбылға барғанмын. Сонда ерте ме, кеш пе Бауыржан Момышұлы Совет Одағының Батыры атағын алады дегенмін. Доқтырхан, айтшы мына жігіттерге, солай дегенім рас қой.
– Рас болғанда қандай! «Баукең батыр болады, әділдік патшалық құрып, бәріміз шын қуанатын күн де алыс емес», деген сөзіңіз де есімде. Міне, сол күнге де жеттік. Бәріңізді осы үлкен қуанышпен құттықтаймын! – деп ең бірінші Бектұрсынды құшақтадым.
– Міне, естідіңдер ғой, – деді ағам жас балаша қуанып. – Иә, менің інім дұрыс айтады, бүгінгі қуанышқа бүкіл Алаш баласы ортақ. Сендерге көрімдік берейін, жүріңдер. Жас балаша аңқылдаған Бектұрсын бізді Қазақ радиосының маңайындағы «Қымызханаға» бастады…
Жылдар өткен сайын туған жер өзіне тартып тұрады, Жуалыға жиі соғамын. Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылына жете берісте өзінің болмысымен ерекшеленетін шағын өзен бар. Оны жергілікті халық Теріс деп атайды. Жарықтық, Теріс десе – Теріс. Табиғаттың дегеніне бағынбай, өрге, Алатауға қарай ағады. Осы қасиетті өзенге қарап, ешкімге ұқсай бермейтін мінезі, тұлғасымен ерекшеленіп тұратын, ақиқат пен шындықтың үшкір найзасы Бауыржан Момышұлы мен дүниедегі жақсылық пен ізгілікті, әділеттік пен адалдықты өмір бойы іздеп, шырылдап өткен ақын Бектұрсын Тұрлыбековті есіме аламын…
Доқтырхан Тұрлыбек,
жазушы,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты