Basty bet

Кәсіп болмай, нәсіп болмас…

«Әлемнің әміршісі – еңбек» дейді дана халқымыз. «Терлеп еңбек етпегеннің тілегеніне жеткенін көргенім жоқ» деген екен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы. Асылында, ер – егіз, ал еңбексіз – жалғыз. Шын мәнінде, адал еңбекке бет бұрып, соны қазіргі нарықтық заманға сай кәсіпкерлікпен ұштастырып отырған азаматтар арамызда аз емес. Әлбетте, шағын және орта кәсіпкерліктің кең қанат жайып, өркендеуіне мемлекет тарапынан да тиісті бағдарламалар арқылы нақты көмек-қолдаулар көрсетіліп отырғаны көңіл қуантады. Бұл мәселелер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жылсайын халыққа арнайтын дәстүрлі Жолдауларынан да кеңінен көрініс тауып, оған тиісті көмек-қолдаулар жасау жөнінде шешімдер қабылданып отырғанын тағы білеміз. Сайып келгенде, кәсіпкерлік саласы – өмірдің өзегі, тәуелсіз еліміздің дамуына, халық тұрмысының да жақсаруына елеулі әсер етеді.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кәсіпкерлік саласының дамуы туралы айтылған. Жылдың басты құжатының «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі» деп аталатын бөлімінде: «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді» делінген.
Шын мәнісінде бұған дейін осы мақсатқа мемлекет тарапынан қыруар қаржылар бөлінді. Қомақты қаржының күшімен өңірлерде, ауылдарда жұмыс орындары ашылып, ел тұрғындары өз алдына кәсіптерін ашып жұмыс істеп отыр. Бұған да шүкір. Алайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл салаға көңілі толмайтыны көп жайдан хабар беріп тұрғандай. Бұл жөнінде Жолдауда айтылған Президент сөзіне сүйенсек, сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отырған сыңайлы. Онда шын мәнісінде, жаңа жобалар бойынша компаниялар құрылып, жұмыс орындары ашылуы керектігі жөніндегі пікірлер алға тартылып отыр.
«Еңбек» – Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанына да екі жыл уақыт болды. Аталған бағдарлама мұның алдындағы «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының заңды жалғасы болып табылады. Ел Үкіметі қолға алған «Еңбек» бағдарламасы бірнеше бағыттан тұрады. Алғашқы бағыты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болса, одан кейінгілері еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып техникалық және кәсіптік білімі бар кадрлар даярлау, тағысын тағы. Сонымен бірге еңбек ресурстарының ұтқырлығын дамыту. Біз бұл мақаламызда бағдарламаның алғашқы бағытына тоқталмақпыз.
Сонымен аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Ерік Сұрамысов берген нақты мәліметтерді сөйлетіп көрейік. Орталық мамандары «Еңбек» – Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты бойынша әлеуетті қарыз алушыларға 223 бағыттама берген екен. Бүгінгі таңда бағдарламаға қатысуға ниет білдірген 87 азаматқа қаржылық ұйымдарға жолдама беріліп, олар тиісінше, 294 миллион 500 мың теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізген. Оның ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамынан 79 азамат 269 миллион 100 мың теңге алса, қалғанына «Жуалы» несие серіктестігінен, сонымен бірге өзге де микрокредиттік ұйымдардан шағын несиелер беріліпті.
Халықты жұмыспен қамту орталығы «Еңбек» – Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына қатысушыларға ел Үкіметінің қаулысына сәйкес жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру туралы тапсырмасы шеңберінде (грант көлемі 505 мың теңге) 29 жасқа толмаған азаматтарға және аз қамтылған көпбалалы отбасыларға тиісті кеңестер берілген. Соның нәтижесінде 61 азаматқа 30 миллион 300 мың теңге, оның ішінде нысаналы топқа жатпайтын жеті азаматқа үш миллион, 29 жасқа дейінгі 44 азаматқа 22 млн. 220 мың, атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы 10 отбасыға 5 млн. 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар берілген. Сананы тұрмыс билеген мынадай нарықтық заманда мемлекет тарапынан беріліп отырған гранттар жас азаматтар мен аз қамтылған көпбалалы отбасыларға үлкен демеу болары сөзсіз.
Жуалы ауданының аграрлы аймақ екенін ескерсек, жеңілдетілген несие арқылы кәсіп ашып отырған азаматтардың дені мал шаруашылығын дамытуға мүдделі. Неге? Басқа кәсіп ашуға ешқандай кедергі жоқ. Алайда жуалылық кәсіпкерлер «Мал – баққанға бітеді» деген қағиданы мықтап ұстанып отырған сыңайлы. Оның үстіне кейінгі жылдары аудан тұрғындары ірі қара малдың басын көбейтіп, сүт кластерінің де қалыптасуына өз үлесін қосып келеді. Содан да болар мемлекет қолдауымен жаңадан кәсіп ашқан азаматтар да мал бордақылау мен сүтті сиыр асырап немесе жылқы малынан қымыз өндіруге күш салып, сол кәсібінен пайда табуға ұмтылуда. Бір жағынан бұл үрдіс заңды да сияқты.
Бүгінде аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының қызметіне жүгініп, тиісті бизнес курсты сәтті аяқтаған азаматшаның бірі – Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Назгүл Медетбекова. Ол осыдан үш жыл уақыт бұрын аталған орталыққа өтініш беріп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан үш миллион теңге несие алады. Оған он бес бас жылқы алып, Қамбарата түлігін бордақылаумен айналысуға бел буады. Бордақылаумен қатар жылқының сүтінен қымыз өндіріп, тұрғындарға тиімді бағамен ұсынып келеді. Көпбалалы отбасында өскен Назгүл Әбілғазықызының келін болып түскен шаңырағы да көпбалалы жанұя еді.
-Жастайымнан малдың жайын біліп, шаруаға бейім болып өстім. Анам бие байлап, сары қымыз сапырғанда қасынан табылып, қол көмегін көрсететінмін. Келін болып түскенде енем Оңал ападан да көп нәрсе үйрендім деуге болады. Одан кейін бөлек отау болғаннан соң жолдасым Дидар екеуміз ақылдаса келе жанымызға жақын саланың бірі – мал шаруашылығын дамытып, өз алдымызға кәсіп ашуды қолға алдық. Міне, содан бері үш жыл уақыт болды. Алты пайызбен алған үш миллион теңге несиемізді толықтай өтеп, биылғы жылы тағы да төрт миллион теңге несиеге қол жеткізіп, қолға алған кәсібімізді кеңейтіп отырған жайымыз бар. Аудан орталығында тұрып-ақ мал бағып, шаруашылықты дөңгелетуге болады екен. Кәсібіміз жаман емес. Басында мал бордақылаумен айналыссақ, қазіргі таңда саумал және қымыз өндірумен айналысамыз. Жыл он екі ай он шақты бие байлаймыз. Өнімді үйден тапсырыспен алып кетеді. Негізінен биылғы жылы несиені өндірістік бағытта жұмыс істеу мақсатында алып отырмыз. Жем-шөп қорын молайтып, оны өзіміз өндіру үшін осыдан үш жыл уақыт бұрын аудандық жер қатынастары бөліміне егістік жер алуға өтініш жазғанмын. Өкінішке орай, менің бұл өтінішім аяқсыз қалып отыр. Есесіне нақты іске қаржылай нақты қолдау көрсеткен ел Үкіметіне, жергілікті әкімшілікке, жұмыспен қамту орталығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ,- дейді Назгүл Әбілғазықызы.
Еңбектің көзін тапқан адам байлықтың өзін табатыны сөзсіз. Ерлі-зайыпты Дидар мен Назгүлдің де алға қойған мақсаты – отбасында өсіріп отырған ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп, қатарынан кем қылмай өсіру. Сонымен бірге кәсібін дөңгелету. Табан ақы, маңдай тердің өтеуі тек адал еңбек арқылы ғана өтелмек… «Кәсіп болмай, нәсіп болмас» деген осы!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close