Basty bet
Батыр есімін иеленген іргелі елді мекен
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру және ауыл елдімекендерін көріктендіру, ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру мақсатында «Үлгілі ауыл» жобасы қолға алынған болатын. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдар мен елдімекендерді абаттандыру, көгалдандыру жұмысын күшейту, қоршаған ортаны қорғауға атсалысу, санитарлық тазалықты сақтау, меценеттарды тарта отырып ауылды көріктендіру мен көркейту. Ауылдарда адамның өмір сүруіне, оның денсаулығын жақсартуға қолайлы орта қалыптастыру жобаның міндетіне жатады.
Жуалы ауданы бойынша «Үлгілі ауыл» байқауына Кеңес Одағының Батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик, қасиетті Жуалының қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының атымен аталатын ауыл ұсынылып отыр.
Б.Момышұлы ауылында 83 көше, 3040 аула, 14 696 тұрғын тіркелген. Ауылда бірқатар ұлттардың өкілдері тату тұрып жатыр. Барлығы 1382 зейнеткер болса, оның екеуі Ұлы Отан соғысының ардагері. Одан бөлек, 70 тыл ардагері бар. Ауған соғысының 10, Семей полигонына және Чернобыль апатына қатысқан 36 ардагер тіркелген.
(Соңы. Басы 1-бетте)
Ауылда төрт мектеп бар. Үш мемлекеттік бөбекжай-балабақшада 113 ағартушы қызметкер, 103 шаруашылық қызметкері барлығы 570 балаға тәлім-тәрбие беруде. Балабақшалардың материалдық базасы ән-күй, спорт, әдістемелік және медициналық кабинеттермен қамтылған.
Сонымен қатар, үш жеке балабақшада 110 бала тәрбиеленуде. Бауыржан Момышұлы ауылында білім саласындағы барлық нысан табиғи газ арқылы жылытылады.
Ауылда 115 төсектік орталық аурухана және емхана жұмыс істейді. Орталық ауруханада терапия, хирургия, гинекология, жұқпалы аурулар, перзентхана, балалар бөлімдері жұмыс атқарады. Сондай-ақ, аурухана құрамында қосалқы емдеу диагностикалық, қан дайындау, дәріхана, залалсыздандыру, қабылдау жедел және шұғыл жәрдем көрсету бөлімдері жұмыс істейді. Одан бөлек, орталық ауруханада күндізгі стационар 42 орынға арналған. Орталық емханада 29 жалпы тәжірибелік аймақтық дәрігер, аймақтық акушер-гинеколог және кардиолог, дерматовенеролог, хирург, онколог, психиатр, нарколог, окулист, стоматолог, жасөспірімдер терапевті, ЛОР дәрігері аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде.
Перзентханада нәрестелерге арналған интенсивті бөлме медициналық құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған. Б.Момышұлы ауылының орталығы төрт әкімшілік аумаққа бөлінген, онда қазіргі таңда төрт учаскелік полиция инспекторы бекітілген.
«Спорт – денсаулық кепілі» демекші, Бауыржан Момышұлы ауылында бұқаралық спортты дамытуға, тұрғындарға спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру мақстында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауылда бір спорт кешені, орталық стадион, футбол алаңы, жеті спорттық алаңша, алты спорт залы, барлығы 16 спорт нысаны орналасқан. Спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 3700 адамды құрайды. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 200 адамға артық. Спорт нысандарына ауыл тұрғындарының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру мекемелерінің спорт залдары мен аудан орталығында орталығында орналасқан спорт нысандарында шұғылдану кестесі жасалынған.
Жалпы статистика көрсеткіштері бойынша Б.Момышұлы ауылында 2019 жылы тұрғындар саны 14 696 адамды құраса, оның ішінде жастар 4893 адамды құрап отыр. 14 пен 29 аралығындағы жастардың үлесі 34 %. Оның ішінде әйелдер – 2596, ерлер – 2297 адам. Б.Момышұлы ауылы бойынша мемлекеттік қызметтегі жастар саны – 2, жұмыссыз жастар саны – 26. «Серпін-2050 – Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында оқуға – 3 жас, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 50 жас маман біржолғы көтерме жәрдемақы алған. Бағдарлама аясында тұрғын үймен қамтылған жастар саны – 22.
2019 жылы бес жас мемлекет тарапынан 505 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсіп ашып отыр. Хафиза Тұрдалы «Мэрлин Мобайл кинотеатры», Абзал Батырбек «Жуалы чикен», Мұхтар Сәдірбек «Чикен» орталығы, Руслан Жарқынбаев мал шаруашылығы, Азамат Бөлекбаев автокөлік жөндеу орталығының жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отырғанын айтуға тиіспіз.
Жуалы ауданы генералдарымен ғана емес әлемдік спортта биік шыңдарды бағындырған чемпиондарымен де мақтанады. Осы орайда Б.Момышұлы ауылынан шыққан Қазақстанға танымал 23 беделді азаматтың есімдерін құрметпен атауға болады. Оның ішінде әйгілі «Тамаша» әзіл-сықақ театрының әртісі, белгілі пародияшы Нұржан Тұтовты, жас әнші, Алматы қаласында «Дельфилік» ойындарының ІІ орын, Ә.Бейсеуовтың шығарманшылығына арналған байқаудың І орын иегері, Германияның астанасы Берлин қаласында өткен «Жемчужина Берлина» атты халықаралық конкурста «Voice.кz» тобымен бірге өнер көрсетіп, Бас жүлдені иеленген, Сочи қаласында өткен «Новая волна» әлемдік байқауының жеңімпазы, «Музарт Life» жобасының жеңімпазы және қазіргі таңда сол топта өнер көрсетіп жүрген Нұрхат Сегізбайды, кәсіпқой боксшы, Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы спартакиадасының жеңімпазы, ересектер арасында ҚР чемпионы, Финляндияда, Албанияда, Бакуде, Белоруссияда, Қырғызстанда өткен Халықаралық жарыстардың жеңімпазы, әскерилер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері, кәсіпқой бокста жеті рет жекпе-жек өткізген Сағадат Рахманқұлды айтсақ болады. Б.Момышұлы ауылы бойынша мемлекеттік қызметтегі жастар саны 19 жасты құрап отыр. Өткен жылы 54 жас отбасын құрған.
Б.Момышұлы ауылында «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағын алған 28 азамат тіркелген.
Бауыржан Момышұлы ауылы бойынша діни конфесияаралық қарым-қатынас тұрақты жағдайда. Ауылда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республикалық ислами бірлестігінің филиалы ретінде тіркеліп, жұмыс атқарып отырған екі мешіт бар. Мешіттер типтік ғимараттарда орналасқан, газ жүргізілген, дербес жылыту жүйесімен жылытылады, электр энергиясымен қамтылған, ауыз суы жерасты суын пайдаланады. Діни ұйымдарға құлшылық жасау үшін барушылар саны бір қалыпты. (Жуалы мешітіне 90-100адам, Толымбайтегі Зиябек мешітіне 130-150 адам). Сонымен қатар, ауылда Тәуелсіздік көшесі №31 мекен жайында орналасқан «Орыс православиялық шіркеуі приход Серафима-Саровского Шымкентский и Таразский» жұмыс істейді, құлшылық жасаушылар саны 50-60 адам. Ал «Церковь Святых Мученников шіркеуінде құлшылық жасаушылар саны 40-50 адам.
Ауылда 25 шаруа қожалығы тіркелген, олардың барлығы егін және мал шаруашылығымен айналысады. 2020 жылдың өніміне егілген жаздық арпа – 470 га, күздік бидай – 80 га, мақсары – 150 га. жоспар толықтай орындалды. 15 гектарға бақша дақылдары егілді.
Кәсіпкерлікке тоқталатын болсақ, үш сүт өнімдерін шығаратын сүт зауыттары, 123 дүкен, 21 кафе, тоғыз дәріхана, төрт тіс емханасы, 25 сұлулық салоны, бес мейрамхана, бес базар, жеті жанар-жағармай құю стансасы, жеті желімдеу орны, үш фотосалон, жеті ломбард, бес наубайхана, бес асхана, бес тігін цехы, жеті құмблок шығаратын орын, төрт монша, бес ветеринариялық дәріхана, екі қонақүй, 32 әртүрлі қызмет көрсету орындары ауыл, аудан тұрғындарына қызметтерін көрсетіп, аудан экономикасын дамытуға да атсалысуда. Ауылда жұмыссыздық деңгейі 6,0%.
-Б.Момышұлы ауылының инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биылғы жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай рәміздерге арналған орталық алаңда баральеф орнатылды. Ауылда жанжалдар мен шиеленістік жағдайларды болдырмау, қылмыс деңгейін төмендету, алкогольдік ішімдіктерден және басқа да зиянды әрекеттерден бас тарту іс-шаралырын өткізу мақсатында түнгі рейдтік жұмыстар ұйымдастырылуда.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың жай-күйі де біздің назарымызда. Осы ретте жыл басынан қазіргі таңға дейін көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен тұрмыс жағдайы төмен 66 отбасын азық түлікпен, 10 отбасын етпен, қасиетті Рамазан айында ораза ұстаған 40 отбасына қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылды.
ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы №504 қаулысымен бекітілген «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына» сәйкес 299 адамға 8844,0 мың теңге біржолғы қаржылай көмек көрсетілді. Ауылда 185 «Алтын алқа», 192 «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған аналар бар.
2019 жылдың он екі айында ауданда арасында этносаралық келісімді нығайту мақсатында 29 іс-шара өткізілді. Қазақстан халқы ассамблеясының Жамбыл облыстық хатшылығы Аналар кеңесінің облыстық кеңейтілген отырысында көрмеге қойылған ең үздік экспозициялар бойынша біздің ауыл ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, Қоғамдық келісім кеңесінің облыстық кеңейтілген отырысында көрмеге қойылған ең үздік экспозициялар бойынша Жуалы ауданы ІІ орын иеленді.
Алдағы уақытта, «Үлгілі ауыл» облыстық байқауының ережесіне сәйкес рухани және тәрбиелік мазмұндағы құндылықтарды үлгі ету критерийі негізінде Жуалы ауданы әкімінің «Үлгілі ауыл» жобасын іске асыру бойынша бекітілген жоспары бойынша атқарылатын іс-шаралар жалғасын табатын болады.
Ауылдың инфрақұрылымын және әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін арттыру критерийі негізінде, ауыл іші мен аумағын күл-қоқыстан тазалау, саябақтар мен гүлзарларды абаттандыру және күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде. Б.Момышұлы ауылының кіреберісінде орналасқан «Жастар аллеясы» саябағына «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 1350 аққайың және әртүрлі декоративті тал-дарақтар отырғызу жұмыстары жүргізілді.
«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 54 азамат (жастар мен жұмыссыздар) жұмыспен қамтылды.
«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Рысбек батыр көшесі мен Тәуелсіздік көшесі аралығындағы жаяу жүргіншілер көпіріне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа замануи үлгідегі бейнебақылау камерасы мен замануи үлгідегі күн сәулесінен қуат алатын жарықтандыру құрылғылары орнатылды.
Ақсай-Абылайхан көшелері аралығындағы жаяу жүргіншілер көпірі, одан бөлек, Д.Қонаев көшесіндегі «Халық банкі» ғимаратының маңына, Б.Сафинов көшесі бойында орналасқан «Мер» азық-түлік дүкені маңына, Жібек жолы көшесінде орналасқан «Б.Момышұлы» ескерткіші маңына, Б.Үсенов көшесінде орналасқан «Қаракөз» тойханасының маңына бейнебақылау камералары орналастырылды. Сондай-ақ, «Сарыағаш» базары маңындағы Б.Үсенов көшесі мен Ы.Алтынсарин көшесіне дейінгі жолға асфальт төселінді.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде және бюджет есебінен Бауыржан Момышұлы ауылында қоғамдық кеңеспен келісіліп, бекітілуімен ауылдағы бірқатар көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2020 жылдың бедерінде де аумақтық дамыту бағдарламасы шеңберінде және бюджет есебінен аудан орталығында абаттандыру, жарықтандыру, жол жөндеу, сонымен қатар, ауыл ішінде санитарлық тазалық жұмыстары атқарылатын болады,- дейді ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов.
Аудан орталығы – ауданның айнасы әрі өзге ауылдарға үлгі болуға тиіс. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Б.Момышұлы ауылында осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардан атқарылар жұмыстар көп. Ауылымыздың үлгілі елдімекенге айналуына сіз бен біз үлес қосуға тиспіз.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»