Basty bet

Ана мен бала денсаулығы – ұлт байлығы

Ана мен бала денсаулығы – қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. Керек десеңіз, ұлт байлығы. Себебі, мемлекетіміздің ертеңгі жарқын күні ана мен бала денсаулығының қандай болмағына тікелей байланысты.

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саналы ұрпақ тәрбиелеу, саламатты өмір салтын қалыптастыру, аурудың алдын алу шаралары жөнінде дәрігерлер мен биліктің алдына міндет қойды. Елімізде көп реформа жүргізіліп, жаңа технологиялар енгізіліп жататын салалардың бірі – денсаулық сақтау саласы. Денсаулық сақтау ұйымдарын қазіргі заманғы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге, дәрігер мамандарды қайта даярлауға айтарлықтай қаржы бөлінуде.
Қазіргі кездегі медицина саласының маңызды және басымды міндеттерінің қатарына ана денсаулығын қорғау, соның нәтижесінде өмірге дені сау ұрпақтың келуі, халық санының көбеюі тәрізді мәселелер жатады.
“Қазақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасына отбасын жоспарлау мәселесінің енгізілуі жайдан-жай емес екендігі анық. Ендеше, отбасы мәселесі, оны жоспарлау дегеніміз – әйелдердің өсімталдық, яғни өсіп-өну үрдісін қадағалау арқылы денсаулығын сақтау және жақсарту болып табылады. Акушерлік, гинекология мен перинатология ғылыми орталығы заманауи медициналық тәжірибелерді ендіру арқылы өз жұмысын жан-жақты жетілдіріп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты халыққа арнаған Жолдауында отбасылық-демографиялық ахуалға ерекше назар аударды. Яғни, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отырғанын, бұл ажырасуға негізгі себеп болатынын айта келіп, “Үкіметке 2021 жылдан бастап “Аңсаған сәби” арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту керек” деп тапсырған болатын.
Бүгінгі таңда Президент тапсырмасы бойынша еліміздің барлық аймақтарында осы мәселеге байланысты квоталар бөлініп, нақты жұмыстар атқарылуда. Сондықтан біз бүгін экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасы бойынша ауданға бөлінген квота және аудандағы аналар мен балалардың денсаулығы жайына тоқталмақпыз.
Аталған мәселелер туралы аудандық емхананың меңгерушісі, аудандық бас акушер-гинеколог дәрігер Ғазиза Егізбаева мен аудандық балалар дәрігері Қалбике Сәрсенова әңгімеледі.
-Туу жасындағы әйелдер деп 15 пен 49 жас аралығындағы әйел затын айтады. Ауданда бүгінгі таңда бұл жаста 9 797 жан бар. Статистика бойынша оның 887-нің экстрагенетальдық, яғни босануға қабілеттіліктен бөлек, атап айтқанда қаназдық, бүйрек және зәр шығару жүйесінің аурулары, қан қысымы, т.б аурулары бар,- дейді Ғазиза Серғазықызы. -73 әйел тууға мүлдем қарсы көрсеткіші бар әйелдер. Яғни, психикалық, онкологиялық, қан қысымының үшінші, төртінші сатысы бар т.б жүйелік аурулары бар әйелдер. 73 әйелдің 21-і қыз баласы. 52 әйел жүктіліктен сақтану контроцептік заттармен қамтылған. Осы тұста айта кететін жағдай, жалпы әйелдерді жүктіліктен сақтануға арналған контроцептік заттармен тегін қамтамасыз ету мемлекет тарапынан қарастырылған.
Ана мен баланың денсаулығын нығайтуда отбасын жоспарлаудың маңызы зор. Яғни, әрбір әйел бала көтермес бұрын тиісті зертханалық тексеруден өтіп, нәтижесін алған соң денсаулығына қарай ем қабылдап, дәрігермен кеңесе отырып, дәрігердің рұқсатымен отбасын жоспарлауы керек. Отбасын дұрыс жоспарлаудың ана мен баланың денсаулығына да, қоғамға да тигізер пайдасы зор. Өкінішке орай, бізде басқаша түсінік қалыптасқан. Үлкен кісілердің өзі жас келін бірінен соң бірін босанып алсын деп ойлайды. Бұл дұрыс емес.
Жалпы әйел-ана баласын екі жасқа дейін емізуі қажет. Ана сүтінің бала денсаулығының мықты болуы мен ақыл-ой қабілетінің дамуына тигізер пайдасы зор. Баланы емізуді тоқтатқаннан кейін әйел өзінің денсаулығын жаңа айтып өткенімдей тексеріліп, емделіп, демалып барып бала көтеруі қажет. Бұл – қауіпсіз ана болудың бірінші қағидасы. Отбасында жүкті әйелдің тамағы, тынығуы, көңіл күйіне аса мән берілуі керек. Жалпы ана мен балаға қамқорлық қажет.
Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша біздің ауданға 30 квота бөлінді. Ауданда 2010 жылдан бері сәби сүйе алмай жүрген 55 отбасы тіркелген болатын. Бүгінгі таңда осы тізім бойынша 30 жанұя түрлі комиссия тексерулерінен өтіп, қолдарына рұқсаттарын алуда. Тізімнің жылжуы ашық түрде, яғни тізімге енген кез келген отбасы көре алады.
Бағдарламаның мақсаты – бала сүйе алмай отырған отбасының бала сүю бақытына ие болуына мүмкіндік жасау. Экстракорпоральды ұрықтандыруды жасау үшін ері мен әйелі моральдық тұрғыдан да дайын болуы керек. Тексеру барысында ерлі-зайыптыларға бұл мәселелер жан-жақты түсіндіріледі.
Өздеріңіз білесіздер, бүгінде елімізде тұрғындардың денсаулығын сақтау мен түрлі аурулардың алдын алуда “Ұлттық скрингтік бағдарлама” деп аталатын жаңа жүйе жұмыс жасайды. Скринг – бұл ерте сатыда ауруды және қауіп-қатер факторларын анықтау үшін қолданылатын, сонымен бірге, емдеу тиімділігін арттыра және асқынудың дамуының алдын ала отырып, белгілі жастағы дені сау адамдарды профилактикалық- медициналық тексеруден өткізу. Бұл мәселе тұрғысынан әйелдер де жасына қарай жыныс жолдарында кездесетін аурулар, сүт безі аурулары, т.б аурулар бойынша тексеруден өтеді.
Скрингтен өтуге әр адам өзі мүдделі болуы керек. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қараған адам скрингтен өтуді бірінші кезекке қоюы қажет. Скринг ауруды алдын алады, менің өмірімді ұзартады деген түсінік қалыптасуы тиіс. Сонда ғана біз халықтың өмір сүру жасын ұзарта аламыз. Алайда, бізде әлі де өз денсаулығына немқұрайдылықпен қарайтындар көп. Мәселен, жатыр мойнының жарасы әйелді қатты мазаламайды. Алайда ол қатерлі ісік ауруына алып келуі мүмкін аурудың бірі. Уақтылы тексеруден өткен әйел жатыр мойны жарасын дер кезінде емдетіп, өз өмірін ұзарта алады. Бізде тексеру нәтижесінде ауруы анықталып, дәрігердің бақылауына алынып, емделіп, жазылып жатқан әйелдер бар,- дейді Ғазиза Серғазықызы.
Ал, балалар денсаулығына байланысты аудандық балалар дәрігері Қалбике Әлиқызы әңгімеледі:
– 2020 жылы ауданда 1152 бала туылды. Оның 661-і аудандық перзентханада дүниеге келген. Жалпы 18 жасқа дейінгі балалар саны – 18 498. Оның 8 866-ы қыз бала болса, 9 632-і ұл бала.
Бүгінгі таңда балалар арасында өкпе тыныс жолдары ауруы және асқазан ауруы жиі кездеседі.
13 баланың туа біткен ақаулары бар.
Балалар бір жасқа дейін декреттелген мерзімде тексеруден өтіп, тиісті екпелері салынуы қажет. Жаңа туылған сәбиге перзентханада екі екпе, одан кейін түрлі ауруларға қарсы бір жасқа дейін төрт екпе салынады. Сонымен бірге бір жасқа дейінгі балалардың физикалық, психикалық дамуы, жүйке жүйесі тексеріліп, егер қандайда бір аурулар анықталса, емдеу шаралары жүргізіледі.
Балалар денсаулығына қарай еліміздегі түрлі емдеу орталықтарына портал арқылы тегін барып емделе алады. Өткен жылы Алматыдағы “Алатау” орталығына 12 бала барды.
Біздің ауданда балалар бөлімінде неврологиялық аурулары бар балаларға арналған екі орын бар. Ал, облыста көпбейінді орталықтар ашылуда. Мәселен, “Қамқор” атты 120 балаға арналған реабилитациялық орталық ашылған. Орталықтың бірнеше бөлімдері бар. Бұл – заманауи түрлі жабдықтармен жабдықталған орталық.
Сонымен бірге үстіміздегі жылы қимыл-тірек ауруы бар балаларға көпбейінді облыстық орталықтан катамнездік кабинет ашылды.
Жалпы балалардың денсаулығын нығайту үшін жүкті әйелдің психологиялық-әлеуметтік ахуалына мән беріп, дұрыс жолға қою керек. Жүкті әйелге отбасылық, жалпы қоғам тарапынан да қолдау дұрыс көрсетілуі қажет,- дейді балалар дәрігері.
Ана мен бала саулығы – отбасы бақыты. Бақытты отбасы – ұлт болашағының айнасы. Сондықтан мемлекет тарапынан да, қоғам, отбасы тарапынан да аналар мен балаларға деген қамқорлық әрдайым өз деңгейінде болуы керек. Әсіресе, кез келген ана мен бала үшін отбасы қолдауы маңызды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close