Basty bet

КҮРКЕТАУЫҚ ӨСІРУДІ ТАБЫС КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫРҒАН

кәсіпкер Айнагүл Ахмадбекова шағын құс фермасын салып жатыр

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға, ал жұмыспен қамтылғандардың санын 4 миллион адамға дейін көбейту міндеті қойылған. «Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ» деп атап көрсетілген жылдың басты құжатында.

Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Айнагүл Ахмадбекова 20 жылға жуық үй іргесіндегі қоражайда құс өсірумен айналысып, жергілікті тұрғындарды экологиялық таза құс етімен қамтамасыз етіп келеді.
Нарық қатынастарына көшкен алғашқы жылдары Айнагүл отбасымен базар жағалап, саудамен де айналысып көрді. Алайда, саудада табыс тұрақты болмайды, бірде олай, бірде былай. Сондықтан ол тұрақты бір кәсіптің көзін табуға әрекеттенеді.
Таңдау кәдімгі үй құстарын өсіріп, сатуға түсті. Құстың бабын келтіруді енесі Мәриядан үйренген еді. Телефон операторы болып істейтін ол кісінің бір қызығып жасаған ісі, қолдан балапан аштырып, тауық қылып өсіретін. Балапанды жылы жерде ұстап, жас баладай мәпелеп күтетін.
Айнагүл бастапқыда өз қаражатына 40 күркетауық сатып алып, содан балапан аштырып шығарады. Балапандарды бір-екі апта енесінің бауырына салып, буынын бекітіп алғаннан кейін, базарға шығаратын болды. Балапанның ашып шыққан уақытына қарай, бағалары да әртүрлі болып белгіленеді. Біраз жыл осылай жұмыс жасап жүрді.
Бертін келе, аяққа тұрғаннан кейін қаз-үйректер, етті бройлер тауықтарын асырайтын болды. Кей тұтынушылар тауықты сойып, еттей сатуға тапсырыс беріп жүрді. Сондықтан да кәсіпкер құстарды әбден өсіріп, дене тұрқы ірі болғанда, сойып сатады. Үй іргесінде құстарға арнап үлкен жылы қоражай салып, асырап отырған тауықтарды 2000-ға дейін жеткізді.
Үй жағдайында құс өсіруді әбден меңгеріп алғаннан кейін Айнагүл енді кәсібін кеңейтуді ниет етеді. Осы мақсатпен ол жергілікті кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бастау Бизнес» курсында оқып, кәсіп жүргізудің қыры мен сырын үйреніп шықты. Курс нәтижесінде грант қаражатына қол жеткізіп, балапан басып шығаратын инкубациялық аппарат сатып алды.
– Төрт түлiк малға қарағанда құс өсiру әлдеқайда жеңiл. Оған қоса көп шығынды қажет етпейді. Жалпы, күркетауық көп бап талғамайды. Оны басқа үй құстарынан жеке ұстап, бөлек күтімге алған дұрыс. Себебі, олардың тұрқы ірі болып келеді. Әдетте, құс жеке тауық қорада бағылады, емін-еркін өсіп жетілуі үшін екі күркетауыққа шамамен бір шаршы метр жер қажет. Қораның берік те бітеу болғанын ескерген жөн. Өйткені, олар аязға шыдамсыз, сондай-ақ ылғал мен жел өтін де онша жақтырмайды.
Ең тәуекелді тұс балапан ашып шыққан соң басталады. Оны жұрт түйетауық деп те бекер атамаса керек, түйедей маң-маң басып жүрiп, аңдамай балапанын аяғымен мыжып кетiп, өлтiрiп қояды. Осы кезде өте қатты сақ болу керек. Шөжелер екі аптада тырбанып, аяққа тұрып кетедi, – дейді Айнагүл өз тәжірибесімен бөлісіп.
Кәсіпкер келіншек нарықтағы жағдайды, құстардың, жем-шөп пен азықтардың бағасын тұрақты назарда ұстайды. Өсіп жетілген құстарды балапандай, ересектерін тірідей жергілікті нарыққа сата береді. Тіптен тапсырыс болып жатса, сойып, сырт жерлерге де жөнелтіп жатады. Тауықтың жүнін жұлуға жұмыссыз отырған қыз-келіншектерді араластырады.
Жеке кәсіпкер Айнагүл ауыл сыртынан жер алып, шағын құс фермасын салуға бел буды. Аудан басшылығы оған баратын жолды тегістеп, қиыршық тас төсеп берді. Биыл несие ұйымдарынан төмен пайызбен 3 миллион теңге несие алып, шағын құс фермасының іргесін қалады.
– Күнделікті өмір сан мың мәрте дәлелдеген бір ақиқат бар. Адам баласы нендей қиындық көрсе де, тек алға ұмтылғанда ғана көздеген нысанасына жете алады. Алдына биік талап пен мақсат-меже қоя біліп, оны ісімен нақтылаған адамға жан-жақтан қаумалаған тұрмыс тауқыметі де, бүйірден қысқан нарық та дес береді. Тек еңбек қана бүйiрдi томпайтады, несiбенi де арттырады, – дейді Айнагүл Ахмадбекова.
Асырай білгенге құстың да табыс көзіне екеніне көз жеткізген кәсіпкер бұл кәсіпті бiр отбасының дөңгелетiп әкетуiне болатын шаруа екеніне сенімді.

Абылайхан СӘРСЕН
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close