Basty bet

Колледжде 154 студент қашықтықтан оқытылуда

Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы, яғни 16 наурыздан басап студенттер, 6 сәуірден бастап оқушылар қашықтықтан оқуға көшті. Қашықтықтан оқу әр аймақтың интернет желісінің бар-жоқтығы, сапасына қарай үш бағытта ұйымдастырылған.
Қашықтықтан оқыту елімізде бірінші рет енгізіліп отырғандықтан білім беру саласы мамандарының алдында үлкен міндеттер қойылды. Түрлі проблемалар туындады. Алайда министрлік қайткенде де оқушы үшін тиімді жол тауып, мұғалім мен ата-ана бірлесіп оқушыларды біліммен қамтуымыз керек екенін айтып, білім саласы жаңа форматта жұмысты бастап кетті.
Ауданымызда орналасқан №16 Жуалы колледжі жұмысты қалай ұйымдастыруда? Осы сұраққа жауап алу мақсатында колледж директоры Медет Иманбаевқа хабарласқан едік.

Жалпы Жуалы колледжі ауданымыздағы негізінен ауыл шаруашылығына қажетті мамандықтарды дайындайтын бірден-бір оқу орны.
Осыдан екі жыл бұрын колледжге арнайы мақала дайындау мақсатында барғанымызда колледждің материалдық-техникалық базасы, мамандардың біліктілігі, оқу орнында білімге, өнерге құштар жастардың бар екендігі жайлы жақынырақ танысқан болатынбыз. Колледжде білікті мамандар да бар. Әрине, материалдық-техникалық базасын жетілдіре түсу қажеттілігі де бар. Бұл мәселе аудан басшыларының назарында. Ең басты мәселе, жастардың ауылшаруашылығы саласына қажетті мамандықтарды игеруге деген ынтасы, қызығушылығы және барды пайдалана білуінде. Бұл мәселеге алдағы уақытта қайта оралатын боламыз.
-Жуалы колледжі еліміздегі өзге оқу орындары сияқты 16 наурыздан бастап студенттерді қашықтықтан оқыту жүйесіне көшкен. Бүгінгі таңда жалпы 205 студенттің 154-і қашықтықтан оқуда. Қалған 51 студент ҚР Білім және ғылым министрлігінің №123 бұйрығына орай 6 сәуірден бастап қашықтықтан тәжірибеден өтуде.
Қашықтықтан оқыту басталысымен студенттеріміздің ата-аналарымен төтенше жағдайға байланысты балаларын үйден шығармау, сақтық шараларын сақтау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қолхат алынған.
Колледжде жалпы 36 оқытушы болса, оның 20-ы бүгінгі таңда студенттерді қашықтықтан оқытуда. Яғни, сабақ кестесі бойынша күніне үш жұп, яғни алты сабақ өтуде. Мұғалімдердің сабақ өту барысына, студенттердің сабаққа қатысуына өзім мониторинг жасап, бақылап отырамын.
6 сәуірге дейін студенттер қашықтықтан оқуды сағат 9.00-ден бастаса, министрліктің №123 бұйрығына орай 6 сәуірден бастап сағат 14.00 ден бастап оқуда.
Облыстық білім басқармасының арнайы «zhfmbyltipo.kz» сайты арқылы мұғалімдер күнделікті сабақ тақырыбын түсіндіруге байланысты видео сабақтар, үй тапсырмасын жолдап отырады.
Біздің студенттер ауданымыздағы түрлі елді мекендердің тұрғындары. Сондықтан тұрғылықты жеріне қарай әр жерде интернет желісінің сапасы әрқалай. Дегенмен, онлайн оқуға мүмкіндіктері бар. Тек Қаратас ауылындағы бір ғана студентіміз ауылда интернет желісінің болмауына байланысты аптасына бір күн барлық тапсырмаларды жинақтап алуға мүмкіндігі барын айтып, өтініш хат жазып кеткен.
Сабақ барынша студенттерге тиімді болу үшін мұғалімдер сабақтарын видео арқылы т.б әдістермен түсіндіріп, тапсырмалар береді. Студенттер онлайн сабақ өтіп жатқанда көріп үлгере алмай қаласа, WhatsApp желісіндегі чаттарынан да көруге мүмкіндіктері бар.
Колледжде жалпы алты мамандық бойынша студенттер білім алуда. Олар: автомобиль көлігіне қызмет көрсету және жөндеу, газбен және электрмен дәнекерлеуші, аспаз, тігінші, тракторист-машинист, электромонтер. Оқу орнындағы барлық мамандық бүгінгі таңда сұранысқа ие. Аталған мамандықтың төртеуі бойынша қажетті оқыту құралдарымен 90 пайыз қамтылған. Тек электромонтер мен автомобиль көлігіне қызмет көрсету және жөндеу мамандығы бойынша заманауи жабдықтармен қамтылмаған. Екі мамандық, яғни электромонтер және тракторист-машинист мамандықтары бойынша келісімшартқа тұрған шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлердің жұмыс орындарында теория мен тәжірибені ұштастыру мақсатында студенттер дуальді оқытылуда.
Колледжіміздің студенттері аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушовтың бастамасымен түрлі іс-шараларға да қатысады. Дәл қазіргі уақытта да тігінші мамандығының шәкірттері, еріктілері орталықтың ұйымдастыруымен үйде отырып, медициналық маскалар тігумен айналысуда,- дейді Медет Иманбаев.

Таңдаулы материалдар

Close