Basty bet

ЖАҚСЫ МІНЕЗ САБАҚТАРЫ

(«Жақсы мінез сабақтары» – тәрбие құралы. Балаларды ізгі әдепке тәрбиелейтін сабақтар)

«ЖАҚСЫ МІНЕЗ САБАҚТАРЫ». Сондай да сабақ болады ма? Иә, болады екен… Негізгі сабақтарға қарағанда бұл сабақ қосымша сабақ сияқты көрінуі мүмкін, бірақ олай емес, керісінше ең негізгі сабақ осы. Ең бастысы, адам жақсы мінезді, ақылды, сабырлы болу керек. Сонда ғана ол сабағын да жақсы оқиды, достарымен де жақсы қарым-қатнаста бола алады. Өзін барлық жерде мәдениетті адам ретінде көрсете алатын болады. Көрдіңдер ме, бұл сабақ сендерге керек екен, ботақандар.
Қымбатты жақсы мінезді балалар, сендерге сәттілік тілейміз! Әрине, барлық нәрсеге адам баласы өз қалауымен, ізденісімен жетеді. Сендер де солай етіңдер. Бұл кітапты сендерге ең сүйікті аналарың, апайларың айтып, түсіндіреді. Менімше, ішінде өте пайдалы ақыл-кеңестер бар, сондықтан ұмытып қалмай, өмірлеріңде қолданыңдар. Достарыңа, бауырларыңа, қарындастарыңа жақсы мінездеріңмен үлгі бола біліңдер.

Сәлеммен, Гүлтас апайларың

БІРІНШІ САБАҚ
СӘЛЕМ – СӨЗДІҢ АНАСЫ

Қайырлы күн, достым. Бірінші сабағымызды сәлемдесуден бастасақ, қалай қарайсың? Біздің бабаларымыз: “сәлем – сөздің анасы” деп, сәлем беруге үлкен мән берген. Балалардың анасы болатыны сияқты сөздердің де анасы болады екен. Ал біз аналарымызды жақсы көреміз ғой… Ендеше сәлем бергенді де жақсы көрейік. Онда сабағымызды бастадық.
Сәлемдесу ережесі:
• Жасы кіші адам үлкендерге бірінші сәлем береді. Бірақ кейде жасы кішілердің сәлем беруін күтіп тұрмай-ақ, үлкендер де сәлем бере береді, себебі ол тәрбиелілікті көрсетеді. Сондықтан сәлем беруге асыққан жөн.
• Егер сәлем беретін адам сенен алыстау тұрса, қолыңды бұлғап, айқайламау керек. Жанына жақндап барып, ізетпен сәлем бергенің дұрыс болады. Достарыңмен алыстан бір-біріңді көріп қалғанда да бастарыңды изеп, сәлем жасау жеткілікті болады.
• Сен сәлем бергелі тұрған адам басқа біреулермен әңгімелесіп тұрса, күте тұр, олардың әңгімесін бұзу – әдепсіздік болады. Егер ол адам сенің күтіп тұрғаныңды көрсе, өзі ыңғай білдіреді. Сол кезде ол адамның ғана қолын алып амандаспай, басқаларға да амандасу керек. Қатар тұрған екі адамның біріне қолыңды беріп амандасып, екіншісіне амандаспасаң ол – мәдениетсіздік.
• Жақын танысыңды көргенде айқайлап, шулап, «мен кімді көріп тұрмын!», «Сені де көретін күн бар екен», «қайда жоғалып кеттің?» т.б сондай сөздерді сәлемдесу деп айта алмаймыз.
• Егер бір адаммен күні бойында бірнеше рет кездесіп қалатын болсаң, кездескен сайын сәлемдесудің әр түрін қолдан. Басты изеп, жылы жымиып, ақырын қол бұлғап, не болмаса асханада жолығып қалсаң «асыңыз дәмді болсын» деп сыйластық ілтипат көрсеткен дұрыс болад

Тамшы сөздер:
Сәлемі түзудің – жұмысы тез бітеді.
Сәлемі жоқ адамды санасызға санаған.
Адамды сәлем бергенінен тануға болады.
Амандасып, жөн сұрасу – кісіліктің белгісі.
Сәлемдесуге асық, ол – ең жақсы іс.
Үлкенге құрметтің бірінші белгісі – сәлем беру.
Танымайтын үлкен кісіге сәлем берсең – алғыс аласың.

ЕКІНШІ САБАҚ
ДОСЫҢДЫ СЫЙЛАЙ БІЛ

– Сәлеметсің бе, менің кішкентай досым! Жақсы мінез сабақтарын бастайық. Дайынсың ба? Сабақтың тақырыбы саған таныс қой. Дос деген сөзді естігенде ойыңа алатын, көзіңе елестейтін достарың бар. Ол – өте жақсы.
Иә, достым, қал-жағдайың қалай? Мен өзімді сенің рухани ақылшы досыңмын деп санаймын. Халықта мынадай сөз бар: «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген. Оның мәні – қандай істі де ақылдасып отырып жасау керек дегенді білдіреді. Досым, сенің менен де жақын бірге ойнайтын, сабаққа бірге баратын достарың бар. Сол достарыңмен де жақсы, жылы қарым-қатынаста болу керек. Ендеше оның да ережесі бар екен.
Достық ережесі
* Досыңа әрдайым көмектес. Егер қолыңнан бір нәрсе істей алсаң, оны досыңа да үйрет, егер досың қауіп қатерге тап болса, қолыңнан келген көмегіңді аяма. Міне, нағыз дос деген сондай болады.
* Егер сенің қызықты ойыншықтарың болса, достарыңмен бөлісіп, бірге ойна. Достарыңмен бірлесе жұмыс істегенде, ойнағанда ең жақсыларын өзіңе алуға тырыспа. Ол жақсы қасиет емес.
* Егер досың жаман іске бет бұрса, тоқтат, оның дұрыс іс еместігін көзіне айт. Ренжісе де, сен айтуға тиістісің. Тіпті қиын болып жатса, досыңның ата-анасына айт. Ол сатқындық емес, досыңа көмек.
* Ойнағанда, не болмаса бірлесе жұмыс істегенде достарыңмен ашықжарқын бол. Ұсақ-түйекке ренжімей ойна, жеңіске жетсең, кеудеңді көтеріп мақтанып кетпе, досыңның жеңісіне қуана біл. Егер достарыңды ренжітіп алсаң, не болмаса айыпты болсаң, айыбыңды мойныңа алып, кешірім сұрап түзеуге тырыс.
* Достарыңның ескертулерін, ақылдарын, көмектерін дұрыс қабылда. Досыңның орнына өзіңді қойып көр. Досыңды жақсы көрсең, сен де солай жасайсың ғой.
*Досым, сен досыңның жіберген қателігі болса, қызғаншақтық мінезі болса, кешіре біл. Екеуің кейін жақсы ойнап отырғанда: «осыдан кейін біз бірбірімізден еш нәрсені қызғанбайық» деп, келісіп алыңдар.
Досты сақтауға арналған кеңестер:
• Жақсы мінез танытсаң, адал, кішіпейіл болсаң, достарың көп болады. Сен достарыңды ешқашан өкпелетпе. Достарыңа жағымсыз сөздер айтпа. Достарыңа басқа жанама ат берме.
• Барлық достармен бірдей амандасуды ұмытпа, тіпті өзіңнен кішкентайлармен де амандас. Кішкентай балалармен де, үлкендермен де дос болу керек және ұлдармен де қыздармен де дос бол. Сен «қызсың»немесе керісінше «сен ұлсың» деп бөлме. Сендердің ұрандарың: «Біргеміз біз бәріміз, кемсітпейміз оны біз» деген сөз болсын.
• Өзіңе жақсы орынды қалап, онда тұрған баланы ығыстыруға, итеруге болмайды.
• Егер досың сені өкпелетіп қойса, сен өш алуға тырыспа, керісінше өкпеңді тез ұмытуға тырыс, кешірімді бол, ашуланба.
• Егер сен досыңның кітабын немесе ойыншығын алсаң, бүлдіріп алмай тұрғанда, қайтарып бер. Егер бүлдіріп, сындырып, не жоғалтып алсаң досыңнан кешіріп сұрап, дәл сондай, не досың қалаған затты алып бер.

Тамшы сөздер:
* Мінсіз дос іздесең – доссыз қаласың.
* Кешіре білген адамның жауы аз болады.
* Баласы тәртіпті болса, анасы қартаймайды.
* Төрге досыңды отырғыз.
* Қызғаншақ адам жалғыз қалады.
* Шындық бар жерде – ұят бар.
* Арлы бала ата-анасына алғыс әкеледі.
* Ақымақ бала ата-анасына уайым әкеледі.

Гүлтас САЙЫНҚЫЗЫ,
педагогика ғылымдарының
докторы, профессор

Таңдаулы материалдар

Close