Basty bet
Ат әбзелдерінің шебері
Жүйрік ат, алтын жалатылған ер-тұрман, сұлу жар – ер-азаматтың ажары. Әсіресе, мінген аты мен ер-тұрманына ер адам үлкен мән берген, ауыл-аймақ оны соған қарап бағалаған. Әбзел жасайтын, ер шабатын шеберлер мен өрімшілерді халық та құрметтеп, олардың еңбегіне көп мал төлеген.
Қазақ халқының ұмытылмас тарихы мен оның құндылықтарын Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атап өтті. Мақалада атқа міну мәдениетінің шығу тарихына терең үңіле отырып, көпшілікке ой салды. Сондай-ақ, мақалада ат әбзелдерінің пайда болуы туралы «Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді» деген байлам жасайды.
«Ер қанаты – ат» демекші, ер азаматтар атбегілікпен айналысып, жылқыны қолға үйреткен. Ел ішінде ат әбзелдерін жасайтын шеберлер де аз болмаған. Бүгінгі мақаламызға сондай шебердің бірі – Бақытбек Сүлейменов арқау болып отыр. Ол Қарасаз ауылдық округінің Ақбастау ауылында ұсталық өнермен айналысуда.
«Ата көрген оқ жонар» деген халық қағидасына сүйенсек, Бақытбек Жақсыбайұлына бұл өнер түп нағашысы Тілеумұрат Бұралқиевтен дарыған. Бала күнінен нағашысының қасында жүріп, қолөнердің қыр-сырын үйренген. Шебер ат әбзелдерін үйінде жасайды. Осы уақытқа дейін оның қолынан 100-ден астам бұйымдар көпшілік игілігі үшін жасалып, олар бүгінгі күні қолданыста жүр. Аудан тұрғындарының ішінде Бақытбек Жақсыбайұлы ер-тұрманын мақтайтындар да жетерлік. Аймақтағы шабандоздар мен көкпаршыларға шебердің есімі жақсы таныс. Оған ауыл-ауылдан келіп тапсырыс берушілер де аз емес.
-Түп нағашым бала күнімде «сенің бойыңда өнер бар» деп қасына шақырып алатын. Ол кісінің шеберлігіне тәнті болатынмын. «Шебердің қолы – ортақ» дегендей, нағашымның қолынан шыққан дүниелердің барлығы өз уақытында сұранысқа ие еді, – дейді Бақытбек Жақсыбайұлы. – Мені шәкірті ретінде тәрбиелеп, өнерге баулыды. Қазіргі таңда сол еңбектің рақатын көріп отырған жайымыз бар. Бабаларымыз барлық уақытта жылқыны қолға үйретіп, шаруашылық өмірге пайдаланған. Мінерге көлік етіп, жаратып бәйгеге қосқан. Міне, осы кезде ат әбзелдері таптырмас дүние болған. Жүйрік аттың, бәйгеге қосатын тұлпарлардың жабдықтарының көркемдігі де көп жайттан хабар береді. Яғни, ат иелерінің тұлпарына деген қамқорлығы мен ықыласын көрсетеді. Сондықтан әр аттың тоқымы, желдігі, терлігі, тартпасы, өмілдірігі, құйысқаны, тұяқтығына дейін өзіне жарасымды, қонымды, шап-шақ етіп жасалады.
Өнер иесі болсын, шебер жандар болсын, ойына келген кез келген дүниені бірінші қағаз бетіне түсіреді. Маған көбінесе ой үстінде жүргенде шабыт келеді. Ойыма келген оюды сол сәтте қағазға түсіремін. Өзінің реті келгенде жасалған бұйымдар ойдағыдай шығады. Бір кішкентай зат болса да, бар ынты-шынтыңмен жасағанда ғана нәтижесін берері анық. Біздің табыс – тиянақты кәсіп емес. Жай ғана қолөнер. Үй жағдайында сұраныс түскен кезде ғана жұмыс істейміз. Мұны үлкен кәсіп етіп ашу үшін де біраз уақыт пен қаражат керек. Қажетті материалдар да жақын жерлерден табыла бермейді. Мен қолға алмаған дүниені артымнан ерген ұлым Әлішер кәсіп етіп ашар деп ойлаймын. Ұсталық өнерді жастарға мұра ретінде қалдыруға тиіспіз. Осынау киелі өнердің ұмыт болмауына септігін тигізсек, бабалар алдындағы парызымыздың орындалғаны деп білемін, – дейді шебер өз сөзінде.
Шебер жүгеннің, қамшының бірнеше түрін, тартпа, тоқым, тағы басқа заттарды жасайды. Сонымен қатар, ат әбзелдерінің түрлеріне қайта жөндеу және жаңарту жұмыстарын жүргізеді. Өрмеден жасалған таралғы, жүген, ноқтаға сұраныс көп. Көбінесе ер-тұманды тұрғындардың тапсырыстарына сай етіп жасап шығарады.
Сондай-ақ, ұста тұлпарды күтіп-баптап, көкпар шабады. Арасында мал ауруларын емдеп, жылқыны тағалайтыны да бар. Өзі 33 жыл бұрын жақын туысынан сыйға алған ер-тұрманын көзінің қарашығындай сақтап, қолданып жүр.
«Болатын баланың бетін қақпа, белін бу» деген қағиданы ұстанған Бақытбек ұсталықты үйренем деуші жастарды осы өнерге баулып, үйретуде. Оның шәкірттерінің қатарынан Жақсыбай Ержігіт, Жақсыбай Әлішер және Нұртас Сырғабай жақсы қырынан көрініп жүр. «Ұстаздан шәкірті озар» демекші, шебердің өнерін үйреніп жүрген Нұртас Сырғабай қамшы жасап, өнерін түрлі байқауларға салып, жүлделі орындарға ие болуда.
Ақбастау ауылында тату-тәтті өмір сүріп отырған Бақытбек Жақсыбайұлы отбасында жұбайы Қанымкүл Алмағамбетова екеуі бір ұл, үш қыз өсіріп, тәрбиелеп отыр.
Қазақ халқы салт-дәстүрге, наным-сенімдерге және қолөнерге өте бай. Сонау ықылым заманнан бері атадан балаға мирас болып келе жатқан шеберлік өнер қашанда өз маңызын жоғалтқан емес. Алдағы уақытта да Бақытбек ұстадай жандар барда бұл өнер өз мәні мен мазмұнынан айырылмай, шашауы шықпай ұрпақтан ұрпаққа жететініне сенім мол.
Айгүл Қалымханқызы,
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»