Basty bet

“Әскери өмір жігітті шыңдайды”

Исмагулов Бекарыс 91678 әскери бөліміне өткен жылы күзгі әскерге шақырумен келген. Бекарыстың туған жері Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ауылы. Ол республикалық жоғары медициналық колледжін лаборант мамандығы бойынша тамамдаған.

Бекарыс әскерге өз еркімен келгенін мақтанышпен айтады. Көзінде нұр ойнаған, өр рухты сарбаз туралы жазуды бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, капитан Самат Бақытжанұлы ұсынды. Себебі, жас сарбаз тәрбиесі мен жауапкершілігі жағынан алдыңғы қатардағы сарбаздардың бірі. Әрі 7 мамыр күні Астанада өтетін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен жас сарбаздардың кездесуіне барады екен. Кездесуге елімізден жалпы 27 жас сарбаз барса, соның бірі – Бекарыс.
-Әскерге жаңа келгенде әскери режімге үйрене алмай біраз қиналдым. Қазір бәріне үйрендім.
Әскери өмір жігітті шыңдайды. Ата-анаңа деген құрметің артады. Тәртіпке, ұқыптылыққа, жауапкершілікке, уақытты жоспарлауға бейімделдім. Әскери өмір патриоттық сезімімді күшейтті.
Әскерде сарбаздардың күні түрлі жаттығулармен, сабақтармен, сапта жүріп ән айту, барабан ұру дегендей әскери шаралармен өтеді.
Әскери бөлімде озат сақшылардың қатарында менің де есімім жазылып, суретім ілулі тұр. Жақсы тәрбием үшін ата-анама алғысхаттар жіберіліп тұрады. Бұл – ата-анам үшін үлкен жетістік, мәртебе. Ата-анасын қуанту, мақтанышы болу кез келген перзенттің арманы деп ойлаймын.
Әскердегі достар бәрінен де қымбат екен. Себебі, әскердегі достармен ата-анаңнан жырақта қиындықтарды бірге көресің, өмірдің құндылықтарын бірге түсінісіп, рухани жақын болады екенсің.
Мұнда рота командирлерінің барлығы сабырлы жандар. Себебі, бұл жұмыс ақылды, сабырлы болуы талап етеді. Командирлер жас сарбаздарды қатаң әскери тәртіпке баулып қана қоймай, әр сарбаздың жандүниесімен де жұмыс жасайды.
Менің әкем жүргізуші болып еңбек етеді. Анам үй шаруасында. Отбасымызда бір әпкем, үш ағам, бір інім бар. Әке-шешеміз бізді ешкімнің ала жібін аттамауға, өз қателігімізден сабақ алуға, өз өмірімізге жауапкершілікпен қарауға тәрбиеледі.
Айналамдағы жандардың бойынан адалдықты, жауапкершілікті жоғары бағалаймын.
Білім деген адамға ешқашан артық етпейді. Өзімізді дамыту үшін көп кітап оқыған дұрыс. Мен көбінде психологиялық кітаптар оқимын. Себебі, адамдарды зерттегенді ұнатамын,- дейді жас сарбаз.
Бекарыстың болашақ арманы – әскерден еләіне қайтқан соң Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсіп, әртіс болу. Капитан Самат Бауыржанұлы Бекарыстың шетел мультфильмдерінің кейіпкерлерін қазақша дыбыстау өнері барын айтты. Бекарыс алдағы уақытта бұл өнерін әрі қарай дамытқысы келеді.
Бекарыс мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, әскери бөлімге оралған соң қайта сұхбаттасып, мақала жазатын боламыз.
Барша Отан қорғаушыларды мерекелерімен құттықтаймыз! Өр рухты, елге тұтқа болар парасатты да пайымды ер азаматтарымыз лайым көп болсын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close