Basty bet
Індеттің алдын алуда ілкімділік қажет
Аты жаман індеттің алдын алу жұмыстарының ұйымдастырылу барысын зерделеу, алыс ауылдардағы дәрігерлік амбулаториялардағы жағдайларды көзбен көрмек ниетпен бұл жолы Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға арнайы бардық. Аталған денсаулық сақтау мекемесі аудандағы байырғы амбулаториялардың бірі саналады. Денсаулық сақтау нысанының жаңа ғимараты 2014 жылы салынып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілген.
Көлтоған ауылдық дәрігерлік амбулаториясына Көлтоған және Ертай ауылдарынан 1114 тұрғын заңды тіркелген. 2018 жылы емдеу және алдын алу мекемесіне «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен Дина Бауыржанқызы есімді жалпы тәжірибелі дәрігер келген болатын. Ол ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап бала күтімінде отыр. Оның орнына уақытша Күреңбел дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Вахит Махамадшиков жұмыс істеуде екен. Қазір мұнда аға дәрігерден бөлек алты медбике мен екі тазалықшы тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Дәрігерлік амбулаторияның аға медбикесі Балдыкүл Тілекееваның айтуынша, мұнда «Д» есепте тұрған науқастардың саны – 190 адамды құрайды. Оның ішінде қант диабетімен ауыратындары тоғыз адам, бронхиалды астмамен ауыратындары алты адам. Қалғаны созылмалы аурулар.
Ендігі кезекте коронавирустық пандемияның алғашқы толқынында атқарылған жұмыстарға келсек, ол тұста Боралдай ауылдық округінде аты жаман індетті жұқтырған мүлдем анықталмапты. Тек қана төрт адам пневмониямен ауырып, амбулаторлық ем қабылдаған екен.
-Індеттің алдыңғы толқыны бізде қалыпты жағдайда өтті. Тек 40 пен 60 жастың аралығындағы төрт адам пневмониямен ауырып, амбулаторлық ем қабылдады. Өкінішке орай, жақында Ертай ауылының 72 жастағы тұрғынынан ауру анықталды. Ол ауруды сегіз жастағы немересіне жұқтырған. Онымен байланыста болған 14 оқушы жіті дәрігерлік тексеруден өткізіліп, бағымызға орай, олардан індет анықталған жоқ. Қазіргі таңда сегіз жастағы науқас қыз үйінде оқшауланып, ем қабылдауда. Науқастың жағдайы бірқалыпты. Оған үнемі дәрігерлік бақылау жасалып отыр. Бақылау жасау үшін арнайы қорғаныс костюмін киіп барамыз.
Негізінен ауылдық жер болған соң аты жаман аурулар бізде жоқ. Басқа қалалардан ауру жұқтырғандар бізге келген жағдайда болмаса, ауылдық округтің аумағында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алуға барынша жұмыс жасап жатырмыз. Олай дейтініміз, медқызметкерлер түске дейін жұмыс орнында отырса, түстен кейін аулаларды аралауға шығып, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Арнайы брошюралар таратады. Егер тұрғындардың арасында дене қызуы көтеріліп, жөтел болса, оларды амбулаторияда қабылдамай, үйлеріне барып ем-дом тағайындаймыз. Ал коронавирустық инфекцияның алдын алу үшін амбулатория қызметкерлеріне арналған төрт категориямен жұмыс жасалады. Жедел жәрдем көлігі қажет болған жағдайда Күреңбел ауылынан шақыртылады,- дейді аға медбике Б.Тілекеева.
Дәрігерлік амбулаторияда жүрек тексеретін ЭКГ құралы, жалпы қан және несеп талдауын жасайтын лаборатория, скринингтік тексеру құрылғысы, көздің қан қысымын және тік ішектің ауруларын анықтайтын құрылғылар, басқа да қажетті заттар бар.
Ал коронавирустық инфекцияның алдын алуға, сақтық шараларына арналған бірқатар қорғаныш құралдары да алдын ала дайындалып қойылған екен. Оның ішінде 50 дана «СИЗ» деп аталатын жеке қорғаныш костюмдері, 150 дана медициналық бетперде, дәрі-дәрмектерден парацетамол, асперин, ерітінділерден дексаметазон (4 мг) 50 ампула, цефтракцон 50 флакон, алғашқы көмекке арналған басқа да дәрілер бар.
Аға медбике Балдыкүл Тілекееваның Көлтоған ауылдық дәрігерлік амбулаториясында жұмыс істеп келе жатқанына биыл 28 жыл толып отыр. Мәскеу облысында медициналық білім алған жас маман алғашында Жамбыл қалалық балалар ауруханасында бес жыл жұмыс істеп, 1992 жылдан аталған ауылдағы амбулаторияда денсаулық күзетінде келеді. Ол осында бірқатар білікті дәрігерлермен жұмыс істеді. Мұнда Балдыкүлден бөлек, акушерка Ольга Лященко, жалпы тәжірибелі медбикелерден Сәуле Ауғанбаева, Айгүл Жабаева, дәрі егу бөлмесінің медбикесі Толқын Жабаева жұмыс істейді.
Денсаулық – зор байлық. Әсіресе, індет тараған мынадай күрделі кезеңде денсаулыққа бұрынғыдан да ерекше көңіл бөлген дұрыс. Осы ретте денсаулық сақтау саласында қолға алынған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің (МӘМС) тиімділігі жоғары. Дәрігерлік амбулаторияның мәліметінше, қазіргі таңда Көлтоған ауылында аталған жүйемен сақтандырылмаған 250 адам бар екен.
-Тұрғындар арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің шарттарын түсіндіру де біздің негізгі жұмысымыздың бірі. Аталған жүйенің тиімділігін тұрғындарға айтудай-ақ айтып жатырмыз. Түсіндірме жұмыстарын жүргізгеніміздің нәтижесінде 50 адам жүйе бойынша сақтандырылып, қорға жарналарын аударды. Сақтандырылмағандарға барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Денсаулықты сақтау, оған дұрыс қарау әр адамның өз сана-сезімінде деп білемін. Қазіргі жағдайда тұрғындардың барынша сақ болғаны дұрыс. Көпшілік жиналған орындарға бармау, үнемі қорғаныш бетперделерін тағып жүру, антисептікті қолданып, жеке бастың гигиенасын сақтау – көптеген қауіп-қатердің алдын алады. Адамдар ең алдымен осыны түсінгені дұрыс,- дейді аға медбике Б.Тілекеева.
Індетті таратпау, оның алдын алу жұмыстары барлығымызға ортақ. Аурудың алдын алу тек медицина қызметкерлеріне қатысты жұмыс десек, қателесеміз. Қалада болсын, мейлі ауылда болсын, сақтық шараларын сақтау маңызды болып қала береді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»